
Біздің өңірде он саусағынан өнер тамған ісмер шеберлер аз емес. Петропавл қаласында тұратын Марал Нұрышева мен оның қызы Жұлдызай да – өз ісін дөңгелетіп отырған еңбекқор жандар. Бүгінгі дағдарыстың қыспағы қысқан кезде оған жұмыла істеген жұмыс арқылы төтеп беруді амал еткен анасы мен қызы жақында облыстық “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамынан 2,5 миллион теңге қаржы алған. Алдын ала жасалған бизнес-жобаға сәйкес киім тігіп, оны сатумен айналысуды қолға алған кәсіпкерлердің ендігі алға қойған мақсаты – қаржыны толықтай игеріп, істерін кеңейте түсу.
Қазір олар облыс орталығындағы “Горизонт” сауда орталығында тігін шеберханасын ашып, екі адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
– “Жас келсе – іске” деп атам қазақ тегін айтпаған. Бүгінгі бастамамыздың алға басуына сүбелі үлес қосып отырған – қызым Жұлдызай. Ол ғаламтор арқылы заман талабына сай киім үлгілерін қарап, ішінен жастарға лайықтысын таңдап, топтап алады. Кейін екеуміз ақылдасып, оны одан әрі дамытып, түрін, түсін өзгертіп, жаңа үлгіде киімдер тігуді ойластырамыз, – дейді анасы Марал Сағынайқызы.
Өз ісімен айналысып, отбасына қолдау көрсетуді Марал Сағынайқызы біраз жылдар бойы ойластырғанымен, бірақ орайын таба алмай жүрген. Үй шаруасы, бала тәрбиесі, қазан-ошақ басында жіпсіз байланған көпбалалы ана Әбілмансұр, Мақсат, Жұлдызай, Исланда есімді ұл-қыздарының өсіп, оң-солын танитын уақытты тосқанын әңгіме арасында айтты.
– Отбасын құрып, шаңырақ көтерген соң бала-шағаны бағып, өсіру керек. Ең бастысы – оларды дұрыс бағытта тәрбиелей білу қажет. Осындай жауапты істі уыстан шығарып алмау үшін мен уақытша үйде, балалармен отыруды жөн санадым. Киім тігуге деген әуестігім де сол кезден басталды, – дейді көпбалалы ана.
Марал Сағынайқызы көпбалалы үйдің кенже және жалғыз ұлына тұрмысқа шыққан. Алты бірдей қайын апасымен тіл табысып қана қоймай, уақыт өте сол үйдің қызындай болып кеткен. Жат жерге келін болып түсу әрбір қыз балаға үлкен сын десек, Марал Нұрышова үшін ол кез төзімділікке, шыдамдылыққа, сабырлылыққа шыңдаған уақыттың бірі болғандай. Өйткені, жалғыз ұлы үйленген жылы кейуана денсаулығына байланысты көз жанарынан айрылған. Сөйтіп, Қадиша апай көптен күткен келіннің бет-әлпетін де көре алмаған.
– Үйде қай жерде жүргенімді білу үшін апам маған үнемі өлең айтқызатын. Сонда ән айтатын дауысым да жоқ, әйтеуір, қарияның көңілі қалмасын деп білетін бір-екі шумақ өлеңді айтып беретінмін. Апама аз уақытта бауыр басып кеттім. Кейін, тіпті, үстіне шақтап көйлек те тігіп бердім. Менің еңбегімді бағалағаны ғой, сол көйлекті ұзақ жылдар бойы “келінімнің тіккені” деп үстінен тастамайтын, – дейді ол.
Осылайша, жанарынан айрылған қайын енесін жас келін 16 жыл күткен. Келін-баласының әр жетістігіне қуанып, оларға ақыл айтып отыратын қария немересі туғанда ерекше бір қуанып, “жұлдызы әрдайым жарық болсын” деген ниетпен азан шақыртып, Жұлдызай деп есімін өзі қойған. Міне, осылайша келін болып, ұрпақ жалғастырып, ата-енесіне қараған Марал Сағынайқызы араға 20 жылдай уақыт салып, қоғамдық жұмысқа белсене араласуға бел буған. Сөйтіп, жұмыспен қамту орталығында 3 айлық курста оқып, тігінші мамандығы бойынша арнайы сертификат алған.
– Ательемізді қызымыздың есімімен “Жұлдызай” деп қоюды жөн санадық. Өйткені, жұмыстың басым бөлігін қызым атқарады. Түске дейін сабағында болса, қалған уақытта – жұмыста, – дейді қызының ақылшысы бола білген Марал Сағынайқызы.
Жас болса да, бас болып, қолға алған ісіне ерекше жауапкершілікпен қарауды анасынан үйренген Жұлдызай қазір М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде оқиды. Ұлттық құндылықты насихаттауға ерекше көңіл бөлетін Жұлдызай – жаңаша ойлайтын жас. Ол – жақында біздің өңірде іс-сапармен болған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың келуіне орай ұйымдастырылған көрмеге белсене қатысып, ұлттық салт-дәстүр нақышында тігілген киімдерін көрмеге қойған іскер қыз-келіншектердің бірі.
– Гүлшара Наушақызымен болған кездесуден үлкен әсер алдым. Маңызды кездесуде Мемлекеттік хатшы елдегі қиыншылықтарға қарамай, еңбек етуге шақырды. Әсіресе, оның: “Оқыта білсе, қыз-келіншектерден мықты ұста, шебер металл жонушы да шығады”, – деген сөздері жаныма жігер бергендей болды. Бүгінгі таңда еңбектенемін деген адамға мемлекеттен қолдау бар. Тек, мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау керек, – дейді Жұлдызай.
Анасы мен қызының қолға алған ісі біртіндеп алға басуда. Олар тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Көбіне қалыңдық көйлегін және сонымен қатар тойға қажетті түрлі үлкенді-кішілі заттарды дайындаумен айналысады. Қазір жаңа құрылған ұжым Жаңа жылға қызу дайындық үстінде. Балаларға арналған әдемі киімдерді алдын ала дайындап қою үшін тапсырыстар да қабылдауда.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.