«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИНКЛЮЗИВТІ САЯСАТ – ҚОҒАМ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Елімізде мүгедек адамдарды әлеуметтік жағынан қорғау Конституциямен, Әлеуметтік кодекспен, заң нормаларымен реттеледі. Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық тәжірибені, қоғамдық бірлестіктердің, БҰҰ мүгедек адамдар құқықтары жөніндегі комитетінің ұсынымдарын ескере отырып қабылданған 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасының басты мақсаты – мүгедектікке ұшыраған әрбір азаматтың жеткілікті өмір сүру деңгейіне және өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндігі бар қоғам құруға бағдарланған. Кешенді іс-қимыл жоспары теңдік және кемсітпеушілік, құқықтық қорғалу және сот төрелігіне қол жеткізу, инклюзивті еңбек нарығын және өндірістік ортаны қалыптастыру, инклюзивті білім беру, абилитациялау және оңалту, кедергісіз ортаны және қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.

Бағдарламаның басты жаңалығы – мүгедектіктің медициналық әлеуметтіктен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу, яғни құқықтарды іске асыру, мүгедектігі бар адамдардың (МБА) мүмкіндіктерін кеңейту, олардың қоғамға толыққанды әлеуметтік ықпалдасуы үшін қажетті жағдайлар жасау. Ол үшін күнделікті жұмыс отбасының цифрлық картасы арқылы азаматтардың қолдау шараларына мұқтаждығын бағалау негізінде жүргізіледі. Оң нәтижеге қол жеткізу оңалтудың цифрлық күнделігін және қашықтықтан оңалту технологиясын енгізу есебінен мүмкін болмақ. Ал оңалтудың техникалық құралдарының (ОТҚ) тозу дәрежесін айқындау және моральдық ескірген құралдарды уақытылы ауыстыру үшін арнайы сараптама, бұдан бөлек әлеуметтік қызметкерлер тізілімі және оларды міндетті аттестаттау жүйесі, әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілетін болады. Осылайша мемлекеттік және қоғамдық бақылаудың пәрменділігі, сонымен қатар оның шеңберінде МБА үшін барлық меншік нысандарында қызметтердің қолжетімділігі барынша артады.

Әлеуметтік қолдаудың ауқымы кең

Бүгінгі таңда өңірде 24,3 мыңнан астам мүгедек адам тұрады, олардың 2 мыңдайы – 16 жасқа дейінгі бала. Жыл өткен сайын оларға әлеуметтік қорғаудың көрсетілетін шаралар саны артып келеді. Былтыр 2,4 млрд. теңгеге 10,7 мыңнан астам ОТҚ құралдары алынды. Сөйтіп, барлық қажеттіліктің 93,6 пайызы өтелді. 245 адам – ымдау тілі, 271 адам жеке көмекші, 902 адам санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін алды.

Оңалту бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту болса, 469 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде дерекқордағы бос жұмыс орындарына – 324, қоғамдық жұмыстарға – 103, әлеуметтік жұмыс орындарына – 7, жастар практикасына – 12, «Күміс жас» жобасына 15 адам жіберілді. «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне – 87, кәсіптік курстарда 10 адам оқытылып, 19 адам бизнес идеяларын дамытуға грант алды. Бір ескерте кететіні, егер мүгедектігі бар адамның еңбек міндеттерін орындау үшін бұзылған дене функциялары мен тіршілік әрекетінің шектеулерін ішінара өтеуге мүмкіндік беретін арнайы жұмыс орнын құру талап етілсе, онда мемлекет жұмыс берушіге осындай жабдықты сатып алу, монтаждау және орнату шығындарын 300 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде өтейді. Және де мүгедектігі бар адамның жалақысы 3 жыл ішінде субсидияланады (1 жыл – жалақы мөлшерінің 70 пайызы, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде; 2 жыл – 65 пайыз; 3 жыл – 60 пайыз).

Қамкөңіл жандарға демеу

Облыстың әлеуметтік қорғау жүйесінде 9 әлеуметтік мекеме жұмыс істейді. Бұларда денсаулық жағдайы бойынша күтім мен әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж қарттар мен мүгедектер орналасқан. Бүгінде осындай стационарлық жағдайда 1,5 мыңнан астам адам тұрады, олардың 1328-і – мүгедек, 48-і – мүмкіндігі шектеулі бала және 199-ы – қария. Екі орталық жанындағы күндізгі бөлімшелерде 76 мүгедек жанға қызмет көрсетіледі. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығында тірек- қимыл аппараты бұзылған 268 адам оңалтудан өтті. 2023 жылдың екінші жартыжылдығынан – Әлеуметтік кодекс қолданысқа енгізілген сәттен бастап ақыл-ой кемістігі, сондай-ақ мүгедектігі бар балаға санаторлық-курорттық ем- дом ұсынылса, оны ертіп жүретін ата- анаға кепілді соманың 70 пайызы жергілікті қазына есебінен өтеледі. Өткен жылы мүгедектігі бар 65 бала емделуге жіберілді. Әлеуметтік кодекс, мәслихаттардың шешімдеріне сәйкес, сондай-ақ мүгедек баланы үйде оқыту фактісін растайтын оқу орнынан алынған анықтама негізінде үйде оқитын мүгедек балаларды материалдық жағынан қамтамасыз ететін төлем тағайындалады. 275 отбасыдағы 280 мүгедек балаға 32,4 млн. теңгенің төленуі–сөзіміздің айғағы. АИТВ-инфекциясы бар балаларға өмірлік қиын жағдай туындаған кезде екі еселенген ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде әлеуметтік көмек төлеу қарастырылған. Бұл көмек түрі бойынша 11 балаға 12,8 млн. теңгенің қызметі ұсынылды.

Кедергісіз орта

Мүгедектігі бар адамдар барлық әлеуметтік қорғалуды, оның ішінде абилитацияны, оңалтуды, қоғамға кірігуді, сондай-ақ инфрақұрылым объектілеріне, ақпаратқа, ойын-сауық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорттық жарыстарға, тағы басқаларына қолжетімділікті қамтамасыз етуді қоса алғанда, заңнамалық актілерде бекітілген әлеуметтік- экономикалық және жеке құқықтары мен бостандықтарының толықтығына ие мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға міндетті. Бұл орайда объектілерді бейімдеудің мәні айрықша. Осы себепті әлеуметтік маңызы бар объектілердің қолжетімділік дәрежесі жыл сайын бағаланады. «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» ақпараттық порталында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 1585 нысаны бойынша мәлімет орналастырылған. 2021-2024 жылдар аралығында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін 830 нысан толықтай бейімделді.

Облыс орталығында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде азаматтардың жекелеген санаттарына автомобиль көлігімен тегін жол жүру қызметтері жүйелі түрде көрсетіледі. «Инватакси» қызметі – мүгедектігі бар адамдар мен балалар үшін жеке көмекшінің қызметтерін ұсынуға медициналық көрсеткіштері бар бірінші топтағы мүгедек адамдарға, сондай-ақ жеке абилитация және оңалту бағдарламасына сәйкес, бөлме және серуендеу кресло-арбаларымен қамтамасыз етуге арналған медициналық көрсеткіштері бар адамдарға, ал «әлеуметтік такси» қызметі 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдарға арналған. 964 адам осы қызметтерді пайдаланды. «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы өз қызметін талапқа сай жүзеге асырып келеді. 495 адамға психологиялық және құқықтық көмектер, әлеуметтік мәселелер бойынша консультациялар және жұмысқа орналасуға жәрдемдер берілді. 38 адам (SMM-маман, маникюр, тырнақ сервисі бойынша маман, визажист, бухгалтер) кәсіби оқыту курстарынан өтті.

Ринат ЕЛЖАСОВ,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp