Облыс орталығындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде алабай тұқымдас ит өз иелеріне шабуыл жасады. Төбет күндіз арнайы торда қамауда тұрса, түнде оны аулаға босатып жіберетін көрінеді. Таңертең үй иесінің әйелі алабайды үйшігіне кіргізе алмай қояды. Бұйрыққа бағынбаған ит әйелге тап беріп, көмекке ұмтылған қожайынға да шабуыл жасайды. Ашулы жануардың азуынан сытылып шыққан әйел бірден полицияға хабарласады.
Көршілер тәртіп сақшылары келгенше иттің назарын басқаға аударуға тырысқанымен, үй хайуаны онсыз да денсаулығы нашар қожайынын жұлмалап, жібермей қояды.
Оқиға орнына келген қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері табельдік қаруды қолданып, итті атып тастауға мәжбүр болды. Ер адам ауруханаға жатқызылды.
“Қызылжар-Ақпарат”.