«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ИЫҚ ПЕН МИҒА ТҮСКЕН САЛМАҚ

Білім және ғылым министрлігінің жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы еліміз бойынша 30 мектепте апробациядан өткізіліп, қолданысқа енгізілгені белгілі. Алайда, бағдарламаны барлық мектептерге жаппай енгізу барысында оның кемкетігі айқындалып, айтылар сын көбейді. Бүгінде жаңаша оқыту бағдарламасының алты жастағы балалар үшін тым ауырлығын, үштілділіктің қиындығын, озық технологиямен оқытатын білікті мұғалімдердің аздығын, көлемі үлкен оқулықтар мен жұмыс дәптерлерінің көптігін, оқушы сөмкесі, тағы басқаларының батпандай салмағын 1-сынып оқушылары көтеріп жүр. Бұл мәселелердің барлығы әлеуметтік желілердің тұрақты тақырыбына айналды. Ауыр сөмкенің бала денсаулығына зияны, одан құтылудың жолдарын қарастыруды мен де өз мақалама арқау еттім.

1-сынып оқушысы сөмкесінің ауыр екендігіне олардың бір оқулығын көргеннен-ақ көз жеткізуге болады. Оқулықтардың көлемі үлкен, мұқабасының да, ішкі беттерінің де қағаздары қалың. Ұстаздар бірге отыратын екі оқушының кітаптары мен жұмыс дәптерлері партаның бүкіл үстін алып, сыймайтынын айтады. Олардың бұдан басқа сабақ үстінде қолданатын құрал-жабдықтары мен дидактикалық материалдары және бар. Күніне бірнеше пәннен сабақ өтеді, оған дәптерлерінің салмағын қосқанда балғынның әлі қатып үлгермеген беліне неше килограмм салмақ түсетіні айтпаса да түсінікті. Оқулықтардың салмағының шектен тыс ауырлығы, олардың оқушылардың иығына түсіретін жүгі Мәжілісте де сынға алынып, халық қалаулылары алдағы уақытта бұл оқулықтарды баспадан екі жартыжылдыққа бөліп шығару арқылы оқушыға түсетін салмақты жеңілдету туралы ұсыныстарын да айтты.

– Оқулықтар баспадан шықпас бұрын сараптамадан өткізіледі. Арнайы мамандар алдымен оқулық орталығында оның бағдарламалық жағын, одан кейін санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен көрсеткіштерге сәйкестігін тексереді. Осындай сынақтардың берген қорытындысынан кейін ғана оқулық басылып шығады. Бұл оқулықтардың барлығы осы сараптамалардан өткен. Норматив бойынша оқулықтар 4 жылда бір ауыстырылады. Сапасыз қағаздарға басылып, мұқабасы жұқа болса, ол 4 жылға шыдамайды. Алдағы уақытта оқулықтарды жартыжылдыққа бөліп шығару мәселесі министрлікте қаралып жатыр, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова.

Бұл мәселені зерттеген ресейлік мамандар бастауыш сыныпқа арналған оқулықтардың салмағы 300 грамнан, одан кейінгілер де жас ерекшеліктеріне қарай 400-500 грамнан аспауы керек деген пікір білдірген. Біздегі мектеп оқушыларының бір кітабының салмағы ресейлік мамандар көрсеткішінен әлдеқайда артық. Мамандардың сөзіне қарағанда, баланың арқасына түскен ауырлық оның омыртқа жотасының қисаюына әкеліп соқтыруы мүмкін. Облыстық балалар ауруханасының ортопед-травматолог дәрігері Асылхан Жағыпаров негізінен май табан және табанның туа біткен әртүрлі аурулары, бұлшық еттің әлсіздігі, партада дұрыс отырмау, ауыр затты бір қалыпта үнемі көтеру, аяқ-қолдарын сындырған балалардың ауырсынғаннан қисайып жүруі, тұқым қуалаушылық, тағы басқалар сколиоздың дамуына себеп болатынын айтады.

– Ата-аналар баланың дұрыс отырып, жүргенін, ұйықтағанда тегіс, қатты жерге жатқанын қадағалауы қажет. Баланың дене бітімін жүргеннен бастап жарты жылда немесе жыл сайын ортопед дәрігерге тексертіп отырған жөн. Ата-аналардың көпшілігі баланың дене бітіміне назар аудармайды. Соның салдарынан 7-12 жас аралығындағы балалар омыртқасының 3-4 деңгейге дейін қисаюы кездеседі. Оған операциядан басқа ештеңе істей алмайсың, – дейді Асылхан Төлегенұлы.

Соңғы кезде он бала дәрігерге жүгінсе, соның 7-8-інде осы аурудың белгілері байқалады. Омыртқаның қисаюы 4-5 жаста-ақ, кейде одан да ерте көріне бастайды. Бірақ оны ата-ана түгіл педиатрлар да көре алмауы мүмкін. Сондықтан баланы уақытымен ортопед-травматолог дәрігерге көрсетіп, керекті кеңес, қажет болған жағдайда ем-дом қабылдаған жөн. Мамандар сколиоздың салдары уақыт өте келе омыртқа жарығына, баланың сымбатының бұзылуына, қан қысымының көтерілуіне, мидың дұрыс жұмыс істемеуіне, әлі қатая қоймаған кеуде сүйектерінің қисаюы асқазан ауруларына, тағы басқаға соқтырады.

– Алайда, сколиоздың салдарын бір жақты қарастырып, тек ауыр сөмкеге артып қоюға болмайды. Баланың дені сау, сымбатты болуы үшін, әсіресе, омыртқаны ұстап тұратын бұлшық еттерінің дамуына баса назар аударған жөн. Баланың түрлі дене шынықтыру секцияларына қатысып, таза ауада серуендеп, шаңғы теуіп, конькимен сырғанауына, суда жүзуіне, шама-шарқына қарай бұлшық еттерінің дамуына әсер ететін еңбекпен айналысуына ықпал ету керек. Қазіргі балалар теледидар мен компьютердің алдында қимылсыз сағаттап отыруға бар. Бала денсаулығына ең үлкен жау осы екенін әркім білуі және алдын алуы керек, – дейді дәрігер Асылхан Жағыпаров.

Ел тұтқасын ұстар болашақ балаларымыздың денсаулығына алаңдаған жұртшылық ауыр сөмкеден электрондық оқулықтарды енгізу арқылы құтылуға болатынын алға тартады.

– Электрондық оқулықтарды қалалық мектептер қолданғанымен, ауылдықтар үшін оның ауылы алыс. Өйткені, ауыл мектептерінің арасында әлі электрондық оқулық түгіл, интернетке қосыла алмай отырғандары бар. Тағы бір мәселе – оларды қолданатын білгір мамандардың жетіспеушілігі. Әзірге ауыр сөмкеден оқулық бағдарламасын жартыжылдыққа бөліп оқыту арқылы ғана құтыламыз. Ал бағдарламаның “баланың миына салмақ түсіретін ауыр тұстары” жайлы ата-аналар, ұстаздар, тағы басқалары өз ұсыныстарын бізге айтуларына болады. Біз оны Білім және ғылым министрлігіне жолдаймыз. Ұсыныстар сонда қаралып, түзету енгізілетін болады”, – деді облысымыздың бас педагогі Шолпан Каринова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp