Қысқы каникул күндері “Мен – чемпион” балалар спорт ойынының аудандық және қалалық жарыстары өткізілуде. 19-шы шағынаудандағы қазақ мектеп-гимназиясында мәре алған доданы облыс әкімі Ерік Сұлтанов та тамашалады.
“Мен – чемпион” балалар спорт ойынының екінші маусымының мектепішілік 1-ші кезеңі күзгі каникул күндері өткізілген болатын. Оған облыс мектептерінен 1025 команда мен 10694 оқушы қатысты.
Кеше республика тарапынан қолдау тауып отырған доданың екінші кезеңі – аудандық және қалалық сайыстары басталды. Петропавл қаласындағы 35 команданың 2-ші кезеңдегі жарыстары №7, №17 мектеп пен қазақ мектеп-гимназиясының спорт залдарында, 89 команданың сайыстары аудан орталықтарында өтуде. Оған 1500 оқушы қатысуда.
Қазақ мектеп-гимназиясындағы бұл күнгі алғашқы додада №43 мектептің “Сақтан” және №13 мектептің “Сұңқар” командалары сынға түсті. “Сұңқар” командасы алғашқы “Слалом” эстафетасында шапшаңдығымен, ептілігімен көзге түскенімен, келесі 5 турда тегеурінді қимыл таныта алмады. Сөйтіп, №43 мектептің оқушылары келесі ойында сынға түсу мүмкіндігін жеңіп алды.
Өңірлік дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери даярлық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қанат Сәдуақасовтың айтуына қарағанда, жарыс 9 қаңтарға дейін жалғасады. Осы күндері жеңіске жеткен 13 аудандық және 3 қалалық команда көктемгі каникул күндері облыстық додада бақ сынайды. Жарыс жеңімпазы маусым айында өтетін республикалық спорт ойындарына жолдама алып, облыс намысын қорғайтын болады.
Осынау жарысқа “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалы, “Зенченко және К” КС мен “АКС” фирмасы қолдау көрсетіп отырғанын, аталмыш сайыстар сенбі, жексенбі күндері “Хабар” телеарнасы арқылы көрсетіліп жатқандығын айта кеткен жөн.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.