«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЗЕКТІ СЫННАН СҮРІНБЕЙІК ДЕСЕК…

Бүкіл әлемді шарпыған дүниежүзілік қаржы дағдарысы біздің елімізді де айналып өтпеді. Ол бүгіннің өзінде ауыл шаруашылығында, жеңіл және ауыр өнеркәсіпте, ғылымда, өнерде болсын, өмірдің барлық саласында айқын сезіле бастады. Отандық сарапшылар қазіргі дағдарыстың зардаптары 2008-2009 жылдардағыдан да ауыр болатынын айтуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бұл дағдарыстың бірнеше жылға созылуы мүмкін екендігін, оны еңсерудің оңай еместігін жалпақ жұрттан жасырмай, ашық айтты.

Батыс елдері бұл жағдайдың алдын алу мақсатында бірқатар ықпалды шараларды қолға алуда. Тіпті, шенеуніктерінің көбі шағын автокөліктерге отыра бастады. Ал Италия, Испания, Португалия сынды экономикалық-қаржылық дағдарыстың алдында тұрған елдер мемлекеттік шығындарды қолдан келгенше қысқартып, елдегі бақуатты адамдарға арналған қосымша салықтың мөлшерін бірнеше пайызға көбейтіпті. Көршілес Ресей Федерациясы импорттық тауарларды нарықтан ығыстырып, өз өндірісін дамытуға барынша күш салуда. Мұның бәрі қаржы дағдарысына төтеп берудің амалдары.  

Осы құбылысқа қазақ қауымы дайын ба? Өңірімізде өтетін үлкенді-кішілі той-томалақтардың басы-қасында жүрген бір асаба танысымның айтуына қарағанда, дүбірлетіп той жасаудың тыйылатын түрі байқалмайды. Қыз ұзату, үйлену, сүннетке отырғызу, шілдехана сынды айтулы күндерді былай қойғанда, мерейтойларын дүбірлетіп жатқандар қаншама?! Қазақтың тойы қай кезде ысырапсыз өткен еді? Астау-астау ет таратылады, сусындар да ағыл-тегіл. Көрсең, көзіңді тойдыратын, әдемі безендірілген сан алуан салаттардың көбі қасық пен шанышқы тиместен, қоқыс жәшігіне төгілетінін көзіміз көріп жүр. Қайран суға аққан қыруар қаржы!?

Ел басына төнген алмағайып кезеңде көрпесіне қарап көсілмей, тапқан-таянғанын тойға шашып, тіпті, қарызға белшесінен батып, той өткізіп жатқандарды естіп, жыларман күй кешесің. “Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының” күйімен айтып та, жазып та жүрміз. Алайда, жағдайды жақсы арнаға бұрып, журналистердің жан-айқайын ескеріп жатқан адам жоқтың қасы-ау! Әңгіменің реті келгенде айта кетейін, жақында жұбайымыз екеуміз досымыздың үйлену тойына бардық. Бұл той бұрынғы тойлардан өзгерек өтті. Үй иесі дінге бет бұрып, исламнан бақытын тапқан ұлының тойын халал өткізуді жөн санапты. Арақ-шарапсыз, қазақтың ұлттық сусыны қымызбен өткен тойда әдемі ән де әуеледі, күй де тартылды, би де биленді. Шаңырақ көтерген екі жасқа жылы лебіздер де, жүрекжарды тілектер де айтылды. Барлығы өз орнымен, бөгде сөзбен де, іспен де орта былғанбады. Дастарқанның сәніне сән қосып тұрған түрлі тағамдардың да, сусындардың да саны қонақтардың қажетін өтеуге жарады. Әңгіменің орайы келіп, үй иесінен: “Есігімізден енген мына дағдарыс сіздерді әбден ширатқан-ау?” – деп, әзіл-шынын араластырып сұрап едім, пайым-парасаты мол екен, байсалды жауап берді.

– Бұл – біздің елімізге бірінші емес, бірнеше мәрте қарқыны күшті құйындай айналып соққан күрделі кезең. Қиындықтан құтылу ел тізгінін ұстап отырған бір ғана адамның қолынан келетін шаруа емес, жұдырық болып жұмылып, қарсы тұруымыз қажет. Ол үшін не істеу керек? Әлбетте, біріншіден, ысырапшылдыққа жол бермеген ләзім. Қолдағы бар нәрсені ұқсатып, жүннен – жібек, жезден алтын жасауға тырысқанымыз абзал. Етек-жеңді жинайтын уақыт туды, – деді ол.

“Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра” деген қазақы тәмсілдің дөп айтылғаны рас-ау. Әлгі кісімен әңгіме-дүкен құрысқан бес-он минут уақытта біраз сұрағымның жауабын алдым. Берекенің негізі ауылда ғой. “Қолда барды құлдыратып, киерге киіміміз, ішерге тамағымыз жоқ”, – деп, қара аспанды төндіріп отырған ауыл адамдарына жаным ашиды. Қорадағы құтты жануар – сиырларын саумай, майлы сүтінен қаймақ бөліп алудан қашып, дүкеннің бағасы удай құнарсыз сүтін сатып алуға құмар келіндер де бар. Мен олардың ісін тиыннан теңге құрайтын мына заманда қолда барды далаға шашқанмен бірдей қабылдаймын”, – дегені “іздегенге сұрағандай” ой пернесін дөп басты.

Иә. Қазақтың атакәсібі мал шаруашылығы емес пе? Мінсе – көлігіне, жесе – тамағына, кисе киіміне жарайтын төрт түлікті қажетіне жаратпай, қолда бар өнімді ұқсата алмай жүрген ауыл тұрғындары аз ба?

Ауылдың да, қаланың да қалың жұртшылығын алаңдатып, әбігерге салып отырған жағдай – азық-түлік бағасының қымбаттауы. Облыс орталығындағы ірі сауда орталықтарына бас сұққанымда бұл жағдайға әбден көзім жетті. Күнделікті тұтынатын ас атасы – нан бағасынан бастап, өзге де азық-түліктерге, көкөністерге, тіпті, тұрмыстық заттарға, киім-кешектерге дейін қымбаттапты. Мысалы, қыркүйек айының бел ортасына дейін 160-170 теңгеден саудаланған қант бүгінде 220-235 теңгеден сатылуда. Күріш пен қарақұмықтың бағаларында да өсу байқалады. Сауда жасап жүрген адамдарды да әңгімеге тартқан едік, олардың барлығы азық-түлік бағасының өсуіне алаңдаушылық білдірді. Петропавл қаласының тұрғыны Қарлығаш Алданазарова:

– Сауда орындарына еңбекақы алған алғашқы күндері бас сұғып, бір айға қажетті тағамдарымды, өзге де пайдаланатын заттарымды сатып аламын. Қазан айының бел ортасындағы бағамен бүгінгі күнгі бағаны салыстыруға әсте келмейді. Азық-түлік айтарлықтай қымбаттаған. Күнделікті таңғы аста қолданып жүрген бал мен мейіздің бағасы да әжептеуір өсіпті. Мысалы, бұрын ыдыс-аяқ жуғыш “Фэйри” химиялық құралының жарты литрін 250 теңгеге сатып алушы едім. Оның бағасы 350 теңгеге бір-ақ көтеріліпті, – дейді.

Билік өкілдері бағаны ырыққа көндіруге қатысты біршама шараларды қолға алғанымен, нәтижесіз. Өйткені, нарықтың талабы да, заңы да сондай. Бұл қаржылық қиындық халқымыздың басына бірінші рет емес, бірнеше мәрте төніп отырғаны анық. Осындай қысылтаяң сәтте, еліміздің басына түскен алмағайып уақытта “Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығарып” жұмыс істеп, ысырапшылдыққа жол бермей, бірігіп күресейік!

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp