«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кезең-кезеңмен енгізіледі

Қазақстанда міндетті медициналық сақтандыру енгізілмек. 2017 жылдың бірінші шілдесінен бастап жұмыс берушілерден әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақша бөлінетін болады. Ал 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қаржыландыру қоры арқылы жүзеге асырылады.

Медицина саласындағы жаңа жүйені іске асыру кезінде үш сақтандыру пакеті жұмыс істейді. Біріншісі – базалық. Ол барлық азаматтар үшін қолжетімді және мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Оған “Жедел жәрдем” қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмек кіреді.

Екіншісі – сақтандыру пакеті. Оған амбулаторлық-емханалық, стационарлық көмек, мейірбикелік күтім мен жоғары технологиялық көмек кіреді. Аталмыш пакет төлем аударып жүрген медициналық сақтандыру жүйесі қызметкерлері үшін қолжетімді.

Ал үшіншісі дербес пакет – келісілген түрде жүзеге асырылады.

Биылдан бастап жұмыс беруші қорға жұмысшының орташа айлық кірісінің 2 пайызын аударады. 2018 жылдан бастап бұл көрсеткіш – 3 пайызды, 2019 жылы 4 пайызды құрайды, ал 2020 жылдан бастап 5 пайызға дейін жоғарыламақ. Өздерін жұмыспен қамтып отырғандардың төлемі биыл – 2 пайыз, 2018 жылы – 3, ал 2019 жылы 5 пайыз болады. Төлемнен әлеуметтік әлжуаз топқа жататындар, әскерилер, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, көпбалалы аналар, балалар мен зейнеткерлер, еңбекке жарамсыз және жұмыссыз тұлғалар босатылады.

Аударымдар мен төлемдерге қажетті ай сайынғы кіріс ең төменгі бір айлық жалақының 15 еселік мөлшерінен көп болмауы тиіс.

Батырбек НҰРҒАЛИЕВ,

Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp