«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЙІНГІ ТОЛҚЫНҒА СЕНІМ ЗОР

Петропавлда “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Жиынға “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының өкілдері, облыстық мәслихаттың депутаттары және өңіріміздегі жастар ұйымдарының жетекшілері қатысты.

Шара барысында сөз алған “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының жетекшісі Азамат Шаймерденов үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде өңірімізде аталмыш ұйымның 10 мыңнан астам мүшесі бар. Биыл “Жастар – Отанға!” жобасының аясында 200-ге жуық өрен тұрақты және уақытша жұмыстарға орналастырылған. Өрендерді мемлекеттік қызметке ынталандыру үшін “Жастар кадрлық резерві” жобасы аясында байқау ұйымдастырылып, нәтижесінде жеңімпаз атанған екі өрен Астанадағы біліктілікті арттыру орталығына оқуға жіберілді. Одан өзге, “Ардагерлерді ардақтайық!”, “Саламатты ұрпақ”, “Еркін пікір” жобалары да өңір өрендерінің қоғамда өз орындарын дұрыс қалыптастыруға септігін тигізуде.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан құрылған “Болашақ” ұйымының да атқарған жұмыстары көңіл қуантады. Ұйым жетекшісі Олжас Төлегенов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті мамандарымен тығыз байланыс орнатып, жең ұшынан жалғасқан дертпен бірлесе күресуде бірсыдырғы тәуір нәтижелерге қол жеткізілгенін айтты.  

“Өңір тұрғындарының 30 пайызына жуығын жастар құраса, олардың дені облысымыздың әлеуметтік және экономикалық өмірінің жақсаруына өздерінің қарым-қабілеттерімен бір кісідей үлес қосып келеді. Оларды қолдау, қамқорлық көрсету, ой-мақсаттарының жүзеге асуына септесу біздің міндетіміз”, – деген “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Арман Бердіғұлов өрендерге сәттілік тіледі. Ол жиналғандарға “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының жетекшісі болып тағайындалған Мұса Танақұловты таныстырды. Сондай-ақ, бірқатар жастар ұйымдарының жетекшілеріне алғыс хаттар табыс етті.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp