Президенттің 10 қаңтарда «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін құру туралы» туралы Заңға қол қоюын жылдың басты жаңалықтарының біріне жатқызуға болады. Енді әрбір ата-ана бұдан былай балаларының атына банктен немесе өмірді сақтандыру компаниясынан есепшот ашып, білім алу үшін қаржы жинақтай алады. Жинақтауға бір реттік бастапқы білім беру капиталы мен жыл сайынғы мемлекеттік сыйақының қосылатынын және де «Ұлттық қор – балаларға» жобасының да айтарлықтай әсері барын есептесек, қаражат қорының еселене түсері анық. «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің (БЕЖЖ) ережелері мен артықшылықтарын сөз етпес бұрын 1 наурыздан бастап жұмыс істей бастайтын бағдарламаның не себепті қабылданғанына қысқаша тоқтала кетейік.
Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында сапалы білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы, мұндағы ең түйінді сөз «сапа» екеніне тоқталып, білім сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлді. Интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлық ресурстарын тегін әрі қолжетімді ету, ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығын шешу, жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнату мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.
Осы мәселе бойынша Үкімет отырысында есеп берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бала туу көрсеткішінің көбеюіне байланысты болашақта білім беру жүйесіне түсетін жүктеменің едәуір артатынына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік білім беру тапсырысы мектеп түлектерінің 40 пайыздан астамын грантпен қамтып отыр. Алайда қолданыстағы тәсілдерге өзгеріс енгізілмесе, 2040 жылға таман бұл көрсеткіш 15 пайызға дейін азаюы ықтимал. Осы себепті Жолдау міндеттерін орындау аясында азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетіктері қарастырылған. Аталған жүйе негізінде балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет (5 жастағы балаларға) білім алуға бастапқы капитал салады. Оның мөлшері министрлік бекітетін бастапқы білім беру капиталын есептеу, пайдалану және қайтару қағидаларына сай есептеледі. Сосын ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7 пайыз мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат үстемеленіп отырады. Осылайша айына 1 АЕК көлеміндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн. теңгеден астам қаражат жинақталмақ. Тиісінше, ата- аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн. теңгеден астам қаражатқа дейін толықпақ. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты, сондай-ақ ақшаның құнсыздануынан қорғау механизмдері де ойластырылған.
«Бұған қоса Президенттің «Ұлттық қор — балаларға» бастамасы бойынша да қаражат жинақтау, кейін бір жерге шоғырландыру, таңдаған ЖОО-ға оқу ақысын төлеу жайы да қарастырылған», — дей келіп, министр талапкер грантқа түскен жағдайда шотындағы ақшаны тұрғын үй жағдайын жақсартуға да бағыттай алатынын жеткізді.
Үкімет отырысында БЕЖЖ енгізу мәселесі еліміздегі отбасылардың барлығына қатысты екені, мемлекеттен берілетін бастапқы капитал, ата-аналардың ерікті салымдары, инвестициялық кіріс және мемлекеттік сыйақы нақты қарастырылғаны атап өтілді. Осылайша жеңілдетілген білім беру несиелерінің интеграциясы мұқият ескеріле отырып, мемлекеттік қолдау шаралары жан-жақты қамтамасыз етіледі. Жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етуде жинақталған қаражаттың игі әсері мол болмақ.
Мамандар мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы Қазақстан балаларына 5 жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін елде және шетелде білім беру қызметтеріне, соның ішінде жоғары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаржы қаражатын тұрақты жинақтау мақсатына арналғанын кеңірек түсіндіру қажеттігін алға тартады. «Келешек» жүйесіне қатысу үшін ата-аналар мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің қатысушылары болып табылатын екінші деңгейдегі банктерде және сақтандыру компанияларында шот ашуы қажет, онда ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балаларға 60 АЕК, жетім балалар үшін 120 АЕК мөлшерінде бастапқы білім беру капиталы, 5-7 пайыз мөлшерінде мемлекеттік сыйлықақының жыл сайынғы төлемі және инвестициялық табыс есептелетін болады. Басты шарттың бірі — ата-аналар кемінде 12 АЕК мөлшерінде жыл сайынғы міндетті ең төменгі жарнаны төлеуі тиіс. Шоттарды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры, ал сақтандыру төлемдерінің сомасын сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры сақтандырады. Мемлекеттік білім беру грантын алған жағдайда қаражатты жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға пайдалануға, қажет болған жағдайда үшінші тұлғаларға беруге құқылы.
Біз хабарласқан жергілікті сақтандыру компаниясының өкілі Күлия Қабсаттарова «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің артықшылықтары жайлы былай деді:
«Биыл 5 жасқа толған балаларға мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын 60, ал жетім балалар үшін 120 АЕК мөлшерінде, мемлекеттік сый- ақыны жыл сайын 5-7 пайыз көлемінде белгілеу және инвестициялық табыстың есептелуі өте құптарлық. Біз қызмет көрсетуге әркез әзірміз. Меніңше, балалардың сапалы білім алуына айқара жол ашатын бағдарламаға қатысушылар қатарының көп боларына сенемін».
«Халық банкі» облыстық филиалының аға менеджері Диас Төлеш балалардың университетте, колледжде оқуына қажетті қаржыны жинақтауға мүмкіндік беретін жобаның маңызына жұртшылықтың назарын аудару қажеттігін баса айтты.
«Біздің мекемеге келіп, ақыл- кеңес алғысы келетін азаматтарға кіріс жинағынан бөлек, кепілдендірілген инвестиция есептелетінін, басқадай да жеңілдіктер көрсетілетінін жан-жақты түсіндіріп береміз. Шарт жасасу үшін ата-ана жеке басын куәландыратын құжаты мен баланың туу туралы куәлігін ұсынса жеткілікті. Бір ескеретін жай, мемлекеттік бастапқы білім беру капиталы тек ақша салынып отырған және 2025 жылы 5 жасқа толған балалардың есепшотына түседі. Ал есепшотқа жыл сайын ата-ана тарапынан ең кемі 12 АЕК мөлшерінде қаржы құйылуы тиіс. Егер жыл сайын толтырылмаса, мемлекет қаржыны қайтарып алады. Сондай-ақ бала азаматтығын ауыстырса немесе басқа елге қоныс аударса, қаражат кері қайтарылады. «Келешек» салымдары бойынша екінші деңгейлі банктер 11 пайыздан кем емес мөлшерлемемен сыйақы төлеуі шарт», — деген менеджер депозит ашуға еш кедергі жоғын жеткізді.
Біз 4 бала тәрбиелеп отырған Шайзат Әлбекова есімді көпбалалы анамен пікірлестік. Петропавл қаласының тұрғыны бағдарлама жөнінде еміс-еміс естігенін жасырмады. Артықшылықтары мен жеңілдіктерін тізбелеп бергенімізде міндетті түрде есепшот ашуға уәде етті.
Сарапшылардың «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін баланың оқуына қаражат жинауға игі ықпалы зор озық жоба ретінде бағалауы негізсіз емес. Талаптары қарапайым. Ең бастысы, алғашқы жарна мемлекет есебінен өтеледі және жыл сайын толықтырылып отырады. Алайда мұндай мүмкіндік тек бес жасында шот ашылған балдырғандарға ғана қарастырылған. Ал бала 7,8,10 жаста болып, шот ашылса, мұндай төлем жүргізілмейді. Сондықтан білім қорындағы қаражат неғұрлым көп болсын деген отбасылар баланың 5 жасынан қамданғаны дұрыс.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».