«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕМЕЛДЕНГЕН, ҚУАТТЫ МЕМЛЕКЕТ

 

Осыдан ширек ғасыр бұрын Қазақ елі өз тарихын таза беттен жаза бастады. Ол Тәуелсіз еліміздің, егемен мемлекетіміздің жаңа жолының бастауы болатын. Ұлт ретінде талай мәрте жойылып кете жаздап, тағдырдың талай ащы зары мен тауқыметін тартқан Ұлы Дала елі бүгінде өзінің Тәуелсіздік мерекесін тойлауда. Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қатысуымен Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына арналған салтанат өтті.

– Тәуелсіздік – бұл біздің ұлы құндылығымыз, ең жоғары жетістігіміз. “Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда”, – деген болатын егемендікке енді қол жеткізген кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінгі Қазақстан – бұл кемелденген, қуатты мемлекет. Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында әлемдік аренада тұрақтылық пен достық мекені атанған ел, – деді Ерік Сұлтанов.

Егемендік тойын жалпы елмен бірге біздің облыс та оң өсім, жоғары нәтижемен қарсы алып отыр. Мерейлі 25 жылда облысымыз тарихи маңызды оқиғалармен, тың жобалармен толығып, табысты жолдан өтті. Мемлекеттің қолдауы және солтүстікқазақстандықтардың қажырлы еңбегінің арқасында өңіріміздің барлық сала бойынша көрсеткіші бірнеше есеге артты. Соңғы жиырма жылда жалпы өңірлік өнім 13 есеге өсіп, 837 млрд. теңгені құрады. Жан басына шаққанда жалпы өңірлік өнім 19,5 есе артып, бір жарым миллион теңгеге жетті. Орта және шағын бизнес субъектілерінің қатары жыл сайын көбейіп келеді, кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершіліктері артты, олар жаңа жұмыс орындарын ашуға, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға белсене қатысуда.

– Негізгі капиталға инвестиция құю 1997 жылмен салыстырғанда 37 есеге өсті. Өткен жылы 155 млрд. теңге инвестиция тарттық. Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсатымен Ильичевка ауылында іске қосылған майлы дақылдарды өңдейтін “Тайынша май” зауыты мерейлі жылдың басты оқиғасы болды. Бұл жоба облысымыздың қытайлық инвестор “Айцзю” компаниясымен ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асырылды, – деген Ерік Хамзаұлы астықты өңір болып табылатын Солтүстік Қазақстан үшін аграрлық секторды дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Бүгінде республикада өндірілетін астықтың үштен бірі біздің диқандардың маңдай терімен өсіріледі. Еліміз үшін мерейлі жылы солтүстікқазақстандық диқандар 5 миллион 738 мың тонна астық жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Мал шаруашылығын табысты дамытуда да мемлекеттің қолдауы маңызды. Өңірімізде 40-тан астам асылтұқымды репродуктор, 14 жаңа үлгідегі сүт кешені бар. Облысымыз жыл сайын 500 мың тонна сүт, 90 мың тонна ет және 588 млн. дана жұмыртқа өндіреді. Тәуелсіздік жылдарында жүзден астам қайта өңдейтін кәсіпорын іске қосылды.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында соңғы алты жылда қырыққа жуық жаңа өндіріс пайдалануға беріліп, оларда екі мың адам жұмыспен қамтылды. Экономиканың бұл секторын көтеруге Еркебұлан Мәмбетов, Нұрлан Тілеубаев, Асқар Мәдиев, Алтынбек Сапаров, Белгібай Қанафин, Геннадий Зенченко, Анатолий Рафальский, Владимир Очеретенко, Владимир Коваленко сынды үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз үлестерін қосуда.

“Нұрлы Жол” бағдарламасы бойынша “Астана – Петропавл” бағытындағы жол қайта жаңғыртылды, Петропавл әуе жайының жаңартылған жолаушылар терминалы іске қосылмақ. Ширек ғасырда 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Денсаулық сақтау саласында да түбегейлі өзгерістер бар. Біздің кардиологтар жылына бір мыңнан астам адамның жүрегіне ота жасайды. Білім саласы да қарыштап дамып келеді. “Болашақ” бағдарламасы бойынша бір мыңға жуық солтүстікқазақстандық әлемнің озық университеттерінде білім алды.

– Тәуелсіздік жылдарында әлемдік спорт ареналарында еліміздің Туы бірнеше мәрте көтеріліп, Александр Винокуров, Жанат Жақиянов, Маргарита Мұқашева, Алексей Луценко, Руслан Тілеубаев, Бахтияр Қожатаев, Ирина мен Екатерина Эктовалар сияқты солтүстікқазақстандық спортшылардың есімдері жаһанға танылды, – деген Ерік Хамзаұлы әр саладағы жетістіктерді сөзбен жеткізу мүмкін еместігін айтты. Осының барлығы – мемлекет дамуының ең маңызды өлшемі болып табылатын бірлік пен ынтымақтастықтың жемісі, қарапайым адамдардың еңбегі.

Барша еліміз үшін ұлық мерекеге әркімнің қосқан үлесі зор. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 42 солтүстікқазақстандық Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары – “Парасат”, “Құрмет”, үшінші дәрежелі “Еңбек Даңқы” ордендерімен және “Ерен еңбегі үшін”, “Шапағат” медальдарымен марапатталды.

Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына 7 солтүстікқазақстандық ие болды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Құрмет грамотасымен және Қазақстан Республикасы “Нұр Отан” партиясының және Дене шынықтыру, спорт және туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгілерімен бірнеше адам марапатталды.

Жиналған қауымды Қазақстан Республикасының әділет вице-министрі Жанат Ешмағанбетов, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Құдайберген Қалиев, “Петропавл арақ зауыты” ЖШС директоры Тахир Гусейнов, “Мұнаймаш” АҚ слесары Александр Каблуков, бір ғасыр жасаған соғыс ардагері Павел Барильченко құттықтап, Қазақ елі үшін қастерлі мереке Тәуелсіздіктің оңай келмегенін, оны одан әрі сақтап, нығайту қажеттігін айтты.

Салтанатты шара барысында Солтүстік Қазақстан облысының шығармашылық ұжымдары және танымал әнші Әйгерім Қалаубаева өнер көрсетті.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp