Облыстық тексеру комиссиясы 2015 жылдың 4 тоқсанына арналған жұмыс жоспарына сәйкес жергілікті бюджеттің атқарылуын және Тайынша ауданының аумағын дамыту бағдарламасының іске асырылуын бағалау үшін сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізді.
Оның барысында 10 нысанға назар аударылып, 3609,2 млн. теңге бақылауға алынды. Соның нәтижесінде жалпы сомасы 449,5 млн.теңгені құрайтын бұзушылыққа жол берілгені белгілі болды. Алдағы уақытта оның 31,5 млн. теңгесі қайтарылуы тиіс болса, бақылау барысында оның 29,8 млн. теңгесі орнына салынды.
Бұзушылықтардың дені бюджетті жоспарлауда және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде орын алған.
Мәселен, шығыстар бейіні кесімінде жасалған қосымша қаржы 46,3 млн. теңге бақылауға алынып, бюджеттік бағдарламалардың барлық әкімшілері және ауылдық округ әкімдіктері бюджеттің шығыс бөлігін жоспарлау кезінде Бюджет кодексінің және Бюджеттік өтінім жасау және ұсыну қағидасының жекелеген нормаларын бұзғандығы анықталды. Яғни, жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша егжей-тегжейлі есептеулермен және тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің құнының бірлігімен, жоспарланған шығыстарымен негізделмеген, жекелеген әкімшілер ТМҚ қалдықтарын есепке алмаған.
Бақылауға алынған кезеңде мемлекеттік сатып алу процесін жүзеге асыруда жалпы сомасы 29,4 млн. теңгенің бұзушылықтары орын алған.
Тауарларды жеткізуге, жұмысты орындауға, қызмет көрсетуге қатысты шарттар кемінде 15 күнтізбелік күн мерзімімен жасалады. Бірақ мемлекеттік сатып алу жоспарында көзделмеген тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу жүзеге асырылған. Шарттар қазынашылық органдарында уақтылы тіркелмейді. Бағалық ұсыныстарын сұрау тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде сатып алынатын тауарлардың тауарлық белгілері және фирмалық атаулары көрсетіледі. Сотқа ықтимал жеткізушіні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талаппен шағымданбайды.
Бұған қоса, бақылауға алынған нысандар іссапарлық шығыстарды өтеуде, еңбекақы төлеуде, орындалмаған жұмыс көлемі үшін төлемде қаржылық бұзушылықтарға жол берген. Қызметтерді және жұмыстарды уақтылы көрсетпеу бөлігінде шарттың орындалуына бақылау тиісті деңгейде жүргізілмейді. Жасалған шарттардың шеңберінде тауарларды уақтылы жеткізбегені үшін айыппұлдық санкциялар ұсынылмайды, мемлекеттік мүлікті басқару және бухгалтерлік есеп жүргізуде бұзушылықтарға жол берілген.
Мемлекеттік сараптамаларды ұсынбаған жеткізушілерге жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлегені үшін 2,6 млн. теңге көлемінде төлем жасау фактісі анықталды.
Болжамдық түсімдер сомасын нақтылау кезінде негіздеуші құжаттарсыз кіріс көздеріне 48,2 млн. теңге сомасына түзетулер енгізілген.
2014 жылы ауданның – төрт, ал 2015 жылы бес мектебінде оқушылардың саны білім ұйымдары желісінің кепілді мемлекеттік нормативіне сәйкес келмеген. Алайда, аталмыш мектептерді ұстау үшін 200,8 млн.теңге бюджет қаражаты жұмсалған.
Тайынша қаласы әкімінің аппараты жеткізушіге іс жүзінде орындалмаған жұмыс үшін 803,6 мың теңге сомасында негізсіз төлем жасаған.
2013 жылы аудан аумағын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысында мақсатты индикаторлардың жоспарлы мәнінің 95,1 пайызын, ал көрсеткіштердің 96,3 пайызын орындаған. 2014 жылы қол жеткізілген нәтижелер сәйкесінше 79,1 және 71,5 пайыз болған еді. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында іс-шаралар кешені әзірленген. Мәселен, 2013 жылы 140 іс-шараны жүзеге асыру көзделсе, оның 139-ы орындалған. 2014 жылы 118 іс-шараны орындау жоспарланса, уақтылы және толық көлемде 108-і орындалған.
Іс-шаралар кешенін жоспарлау кезеңінің өзінде Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспары, елдің аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамдық сызбасы, мемлекеттік бағдарламаларды, аумақтарды дамыту, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеу, іске асыру, мониторинг жүргізу, бағалау және бақылау қағидасы бұзылып, бағдарламада көзделмеген міндеттер мен мақсаттар енгізілген.
Нәтижелер көрсеткішін жоспарланған іс-шаралармен қосарландыру, сондай-ақ, жоспарланған нәтижелер көрсеткішіне іс-шаралардың болмауы орын алған. Ол көрсеткіштердің жоспарланған мәніне қол жеткізуді сапасыз етіп, бағдарламада көзделген міндеттердің жалпы шешіміне теріс әсер еткен.
Тура нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу пайызы жоспарланған міндеттерді шешуде бағдарламаны іске асыруға бағытталған іс-шаралардың сапасыздығын көрсетеді.
Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізе алмаудың және іс-шараларды орындамаудың себептері объективті сипатқа ие және бағдарламаны іске асыруға қатысушы мемлекеттік мекемелер басшыларының мониторингтің қорытындылары бойынша жүргізетін іс-әрекеттерінің жеткіліксіздігін дәлелдеп отыр.
Бақылау барысында беті ашылған бұзушылықтар мен жұмыстағы кемшіліктерді жою, сондай-ақ, аталмыш олқылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде тиісті қаулы қабылданды.
Әкімшілік және өзге де құқық бұзушылық белгілері бар бақылау материалдары процессуалдық шешімдер қабылдау үшін тиісті органдарға жіберілді.
Амандық СЕЙФУЛЛИН,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша
тексеру комиссиясының мүшесі.