«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫ – КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ

Ол өзін Кенесары Қасымұлымын деп таныстырды. Ал ата тегінің Жолдыаяқов екені болмаса, батырға ұқсас алып пішінді жан екен. Тіпті, оны зейнет жасын еңсеріп, жетпістің жетегіне ергендердің қатарына қосатындай емес. Осы кесек біткен тұлғасына қарап, оны боз кілемнің шаңын шығарған нағыз балуан болған-ау деп ойлап қаларлықтай. Бірақ ол өзінің балуан денесіне сай келетін күрес түрін емес, шахмат пен дойбыны таңдапты. Бала кезінен құмарта ойнаған бұл ойындарды ол Есіл ауданында өте жетік меңгерген маман саналады. Бүгіндері осы ойын түрлерінен аудан спортшыларына жетекші болып жүргені де сондықтан.

Өздігінен оқып-үйреніп, тақтадағы тартыс тактикасын жетік меңгерген шахматшы-дойбышы талай мәрте облыстық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарды еншілеген. Әсіресе, дойбы ойнына деген құмарлығы күшті. Арнайы оқулық құралдарын алып, шеберлігін үнемі шыңдап отырды. Қазір қолындағы шахмат пен дойбы ойындарына арналған кітаптары бір сөрені алады. Соңғы екі жылдан бері тоғызқұмалаққа да ден қойып, оны жақсы меңгеріп кетті. Осы үстел ойындарының мол тәжірибесі бүгінде оның аудандағы жасөспірімдердің спорт кешеніндегі жұмысына септігін тигізіп отыр.

Кенесары Қасымұлы – Есіл ауданындағы Бұлақ ауылының тумасы. 1974 жылы Целиноград инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, жолдамамен бұрынғы Мәскеу ауданының орталығы – Корнеевка ауылындағы №10 жылжымалы-механикалық колоннаға қызметке келген. Онда алдымен прораб, учаске бастығы және одан кейін бас инженер лауазымдарында жұмыс істеді. Зайыбы Мәмила Әубәкірқызы аудандық ауруханада дәрігерлік қызмет атқарды. Аудан таратылып, одан кейінгі ел берекесі кеткен күйзеліс жылдарында жұмыссыз қалған кезі де болды. Осыдан он жыл бұрын зайыбының дәрігерлік мамандығына сұраныс болғандықтан, Явленка ауылына көшіп келді. Соның арқасында зейнет демалысына шығардың алдында бірнеше жыл аудандық құрылыс бөлімінде мамандығы бойынша жұмыс істеу мүмкіндігін алды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін өзінің сүйікті машығы – үстел ойындарына қайта ден қойып, оны қосымша кәсібіне айналдырды.

– Аудан әкімінің орынбасары Айнагүл Бектасова менің шахмат пен дойбыға ерекше берілген жан екенімді жақсы білетіндіктен, мектеп оқушыларын тартуымды өтінді. Сөйтіп, аудандық балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру дайындығы кешеніне жұмысқа келдім. Қазір онда шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ ойындарын үйренумен 34 бала айналысады. Ауыл балалары аталмыш үстел ойындарына өте құмар, топтағы балалардың ішінде дайындық сыныбына баратындардан бастап, мектептің 8-9-сыныптарында оқитын балаларға дейін бар. Шәкірттерімнің ішінде мектеп оқушылары арасында өткізілетін аудандық турнирлерде жеңіске жетіп жүргендері көп. Олардан зор үміт күтемін.

Бір қызығы, осындай ұстаздық жұмыстың арқасында алпыстың бел ортасынан ауған шағымда студент атанып отырған жайым бар. Дене шынықтыру дайындық кешенінде тәлімгер-ұстаздық қызметін атқарғандықтан, соған лайықты білім болуы керек екен. Ал менің құрылысшылық жоғары білімім оған келмейді. Сондықтан өткен жылы өзіміздің аудандағы Жәлел Қизатов атындағы колледждің дене шынықтыру факультетіне сырттай оқуға түстім. Қазір оның бірінші курсының студентімін, – дейді Кенесары Қасымұлы.

Дене шынықтыру кешеніндегі үстел ойындары тобының жетекшісі бүгінде өзінің қажетті ойын құралдарын жинап алғанын, дайындық орнының материалдық базасын біршама жақсартқанын айтады. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында болып, мекеме басшысы Руслан Есеналиннің тарапынан қолдау тапқан. Бұрын мектептің шағын ғана бөлмесінде жаттығып келген оларға енді босаған ескі емхана ғимаратынан кеңірек орын берілді. Қажетті үстел және орындықтармен қамтамасыз етіліп, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақтың жаңа жиынтықтарымен толықтырылды. Соның бәрінің орайын келтірген Кенесары Қасымұлының етінің тірлігі деуге болады.

Сонымен бірге құлақ мүкісінен үшінші топтағы мүгедек жанның аудандық мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары ретінде де белсенділік танытып, “Даму” қоры облыстық филиалының қолдауымен жеке кәсіпкер атанып, өзінің өнертапқыштық жобасымен де көзге түсіп жүргенін де айтпасқа болмайды. Кәсіпкер мүгедектерге арналған орындығы бар ауладағы дәретхана жобасымен 150 мың теңгенің грантын ұтып алып, оған 1,5 текше метр тақтай мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Бұл орайда оған өзінің ежелгі құрылысшы мамандығы кәдеге жарады. Жоба сызбаларын өзі дайындап, мүгедектерге лайықталған дәретханаларды өз қолымен жасап шығарды. Тек мүгедектерге ғана емес, егде жастағы адамдар үшін де ыңғайлы мұндай дәретханаға сұраныс бар. Әзірге оның үшеуін жасап шығарып, тағы екі тапсырысты қолға алды.

Кенесары Жолдыаяқовтың үстел ойындарына деген құмарлығы зайыбы Мәмилаға да жұғыпты. Ол да жұбайы сияқты, әсіресе, дойбы ойнын жақсы көреді. Жұмыстан кейін және немере-шөберелерден қолдары босаған кешкілік демалыс уақытында екеуінің отыра қалып, дойбы немесе тоғызқұмалақ ойнайтындары бар. Шуақты шаңырақ астындағы ерлі-зайыптылардың мұндай жарасымды сәттері оларды жан тыныштығына бөлейді.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: К. Жолдыаяқов.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp