Жолға шықсаң, үйге оралуға асығып тұрасың. Мен де сондай жандардың бірімін. Осы жолы да Астана қаласындағы шаруаларымды діттеген соң автобусқа билет алып, жолға шығып кеттім. Аз ғана уақыттың ішінде жеңіл автобус жолаушыларды Көкшетауға жеткізді. Түсе сала Қызылжарға баратын көлік іздестірдім. Сәті түсіп, алдымыздан қазақ жігіті шығып, көлігінде әлі үш орын барын айтты. Қуанып кеттік. Көп ойланбастан қызым екеуіміз оның “Жигулиіне” отырдық.
Түнгі жолдың қиыншылығына қарамай шопыр жігіт жүйткіп келеді. Бір кезде ұялы телефоны шыр ете қалды. Осы сәтті өзі де тосып отырғандай жүргізуші: “Балам, үйдің есігін жаба алдың ба, алаңсыз ұйықтай бер, менің өз кілтім бар”, – деді.
Көлікке отырар алдында танысып алғанбыз. Бауыржан Кішкенекөлдің тұрғыны екенін айтқан. Сондықтан шығар онымен бұрынғы танысымдай емін-еркін сөйлесіп кеттім. Телефонмен болған әңгімеден кейін жаным тыныштық таппай ақыры: “Бауыржан, кішкентай баланы үйге жалғыз қалдырғаның не?” – деп сұрадым.
Менен мұндай сауал күтпегендей ол үнсіз қалды. Сәлден соң ғана әңгімені жалғастырды.
– Ағай, мен Көкшетау қаласында үш бөлмелі пәтерде тұрамын. Істеп жүрген жұмысымды көрдіңіз, адам тасымалдаймын. Барлығы күнкөрістің қамы ғой. Бұрынғы көлігім ескілеу болған, жақында жаңасын сатып алдым, – деді.
Бауыржанның әңгімесінен сексеннің сеңгіріне шыққан әке-шешесі бар екенін түсіндім. Олар бертінге дейін ауылда тұрыпты. Кәрілікке аяқ басқан әке-шешесіне от жағып, су тасу қиын болған соң баласы оларды қасына көшіріп алғысы келеді. Сөйтіп, бір кеште әйеліне: “Әке-шешемнің денсаулығы сыр бере бастады. Бір бөлмені босатып, қолымызға алайық. Қартайған шақтарында немерелерінің қасында, біздің қамқорлығымызда болсын”, – дейді. Әйелі мұндай тосын жаңалықты үнсіз қабылдағанымен, оң қабақ танытпапты. Арада бір ай өткеннен кейін Бауыржан әйелімен тағы сөйлеседі, бірақ бұл жолы ашуға булыққан келіншек: “Бұл үйде не мен, не әке-шешең тұрады, айтқаным айтқан!” – деп шорт кеседі.
Бауыржан да намысшыл жігіт екен, айтқанынан қайтпай, жарты айдан соң ауылдан әке-шешесін көшіріп әкелген. Қазыналы қарттар үйге кіре бере әйелінің өңі өзгеріп, олардың алдында айқай-шу шығарыпты. Ұяттан әбден жұрдай болған келіншек ақыры төркініне тартып отырады. Екі бала анасымен кетсе, біреуі әкесінің қасында қалыпты.
Әке-шешесінің алдында азаматтық абыройын төгіп, балаларын тірі жетім еткен әйелінің бұл әрекетін түсіне алмай дал болған Бауыржан: “Мүмкін ойланар, балалар үшін қайтып келер”, – деп біраз уақыт күтіпті.
– Әйелімнің әке-шешесі қыздарына ақылдарын айтар деп ойладым. Қартайған ата-анама түсіністікпен қарап, “Өзің сүйіп қосылған жұбайыңның бұл шешімін сыйла, кәрілердің зияны болмайды. Қайта олардың батасын аласың”, – десе жөн емес пе? Мен осылай болар деп соңына дейін үміттендім. Бірақ оқиғаның желісі басқаша өрбіді. Олар қыздарын қолдап, шаңырағымыздың шайқалуына өзіндік үлестерін қосты. Ашудың арты өшпенділікке ұласып, қайын атам келіп, есік алдында тұрған көлігімнің дөңгелектерін пышақпен кесіп кетті, – деді ол.
Мына оқиға маған қатты әсер етті. Ақылымен бала жүрегіне жол тауып, айналасына қамқоршы болып жүрген ата-әжелерді масыл көріп, олардан бас тартуға бола ма? “Баламның табанына кірген тікен менің маңдайыма қадалсын”, – деп тілейтін ата-анаға құрмет-қошеметпен қарау әр баланың міндеті. Осыны түсініп, олардың алдындағы парызын өтегісі келген жұбайының сөзін аяқасты еткен кесір келіннің бұл шешімін еш нәрсемен ақтап алуға болмайды.
Кесір келіннің қырсығынан балалар тірі жетім атанып, тәп-тәуір отбасының шырқы бұзылған. Бұл дегенің өз қолыңмен бақытыңның түбіне балта шабумен пара-пар емес пе? Дана қазағым “Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі. Келін өнелегі болса, ана парасатты. Ана парасатты болса, әже данышпан”, – дейді. Қыздар мен келіндеріміз осындай тәрбиелік сөздердің мәні мен мағынасына тереңірек үңіле білсе, өмір өткелінде осындай жағымсыз оқиғалар орын алмас еді.
Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,
зейнеткер.
Петропавл қаласы.