Жуырда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының кеңейтілген алқа отырысы өтті. Шара барысында биылғы бес айда атқарылған жұмыстар сараланып, Мамлют ауданында өтетін “Ақ бидай” жазғы ауыл спорты мерекесіне дайындық барысы талқыланды.
Жиында басқарма басшысының орынбасары Асылбек Әлдименов облысымыздағы спортты дамыту бағытында атқарылған істерге, негізінен, қол жеткізген жетістіктерге тоқталды. Оның айтуынша, үстіміздегі жыл елеулі жеңістермен басталған. Алматыдағы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада мен Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында сәтті өнер көрсеткен солтүстікқазақстандық спортшылар еліміздің атын әлемге таныта білді. Алатау баурайында өткен қысқы Универсиадада табысты өнер көрсеткен шаңғышымыз Ринат Мухинді қысқы маусымның нағыз қаһарманы деуімізге болады. Ринат еліміздің оңтүстік астанасында ерлер арасында өткен шаңғы жарысында екінші орыннан көрінсе, Жапонияда Қазақстан құрамасына бірінші алтын медальды алып берді. Осы Азия ойындарында конькиші Дмитрий Бабенко қола медальға ие болса, тағы бір жерлесіміз Роман Креч Канаданың Калгари қаласында өткен әлем біріншілігінде 500 метрлік сайыста күміс жүлдегер атанды. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен жергілікті “Құлагер” хоккей клубының ойыншылары Александр Нурек, Максим Волков пен Ильгиз Нуриев қысқы Азия ойындарында алтыннан алқа тағынды. Петропавлдық кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов АҚШ-тың Толедо қаласында өткен кездесудегі үлкен жеңісімен жерлестерін қуантқаны сөзсіз. Облыс құрамасының қоржыны 164 халықаралық және республикалық жарыстардың медальдарымен толықты. Сондай-ақ, олимпиадаға кіретін спорт түрлерінен 104 медальға қол жеткізілді. Жерлестеріміздің үстіміздегі жылғы қысқы ойындарда бұдан да басқа жетістіктері баршылық.
Алқа отырысында бірқатар келеңсіздіктер де орын алғандығы атап айтылды. Басқарма басшысы Руслан Есеналиннің сөзіне қарағанда, қысқы спорт түрлері бойынша ел құрамасының сапында өнер көрсетіп жүрген жерлес спортшыларымыздың саны азайған. Сондай-ақ, соңғы жылдары қысқы спорт түрлері бойынша көрсеткіштің төмендегені байқалған. Ең сорақысы, спортшыларға қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеушілігінен үстіміздегі жылы өткен “Солтүстік” қысқы ауыл спорты мерекесінде биатлон сайысын алып тастауға мәжбүр болған.
– Өңірімізде қысқы спорт түрлерін дамытуға жағдай жасалынып, бюджеттен қаражат бөлінуде. Біз облысымызда соңғы жылдары кенжелеп қалған қысқы спорт түрлерін дамытуға басымдық беруіміз қажет. Шаңғышыларымыздың біліктілігін арттыру үшін ерлі-зайыпты тәжірибелі жаттықтырушылар – Дробязколар мен Мухиндерді шақырдық. Ендігі кезекті бұл саланың алға басуын қамтамасыз ету керек, – деді Руслан Бахыттыұлы.
Жиында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт клубының директоры Вячеслав Латышевтың есебі тыңдалды. Жарымжандардың өңірлік спорттың дамуына өзіндік үлес қосқандығын ерекше атап өткен оның айтуынша, бүгінде 134 солтүстікқазақстандық клубтың 24 үйірмесінде спорттың он түрі бойынша жаттығуда. Олардың 21-і – ұлттық құраманың мүшесі. 2016-2017 жылдары аралығында спорт клубының мүшелері 24 халықаралық және республикалық сайыстарда ел мен облыс намысын абыроймен қорғап, 60-тан астам медаль жеңіп алған.
Соңғы екі жылдың ішінде Петропавл қаласында жасанды жамылғысы бар 34 шағын футбол алаңы, көше тренажерлері, скейт-бордшыларға арнаған скейт-саябағы, “Стрит воркаут” тренажерлер кешені пайдалануға берілді. Бүгінде қала әкімдігі демеушілер мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған бұл нысандарға жауапты тұлғаларды бекіту жұмыстарын жүргізуде.
Өңірлік спорт инфрақұрылымын, материалдық-техникалық базаны нығайту, спорт ғимараттарын кеңейту үшін қажетті жағдай жасау мақсатында нысандарға жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жүйелі жұмыс атқарылуда. Мәселен, “Қарасай” мен “Жастар” стадиондарында жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Мердігер компаниялар нысандардың ескі трибуналарын жаңартып, жеңіл атлетика жолағының жамылғысын ауыстыруда. Осы орайда Мағжан Жұмабаев ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сергей Лысенко орталық стадионға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. 2018 жылы бұл ауданда “Ақ бидай” жазғы спорт мерекесі өтетінін ескерсек, өтініші орынды. Үстіміздегі жылы стадионның орындықтарын ауыстырып, баскетбол алаңының асфальтін жаңартып, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бірақ бұл жұмыстарды жүргізуге аудандық бюджеттен бөлінген қаражаттың жетпеуі мүмкін.
Жиын соңында 12-15 шілде күндері аралығында Мамлют ауданында өтетін “Ақ бидай” жазғы ауыл спорты мерекесіне дайындық барысы сөз болды. Бұл жолы жарыс бағдарламасына 15 спорт түрі кірген.
– Спорттық шараға орай өткен жылы аудан орталығындағы стадионға 20 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді. 700 орындық трибуна орнатылып, баскетбол мен волейбол алаңдары қалпына келтірілді. Үстіміздегі жылы қосымша 10 млн. теңге бөлінді. Бұл қаржы жарыстар өтетін спорттық нысандарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын болады, – деді Мамлют аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Виктор Мищенко.
Мамандардың айтуынша, бәсі биік додаға өңіріміздің бір мыңнан астам спортшылары сынға түседі деп күтілуде. Бүгінде саламатты өмір салтын берік ұстанған жерлестеріміз үлкен сынға қызу дайындалуда.
Анна ПЕНЬКОВА,
облыстық дене шынықтыру
және спорт басқармасының
баспасөз хатшысы.