
– Сәулелі диагностика дәрігері – бұл таптырмас мамандық. Олардың еңбегінсіз емдік диагностиканы елестету мүмкін емес. Бүгінгі таңда облыстық ауруханадағы сәулелі диагностика бөлімшесінде магниттік-резонанстық, компьютерлік томография, екі рентгенологиялық және үш бірдей ультрадыбыстық зерттеу бар, – дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Белоног.
Бөлімшеде өткізілетін ең құнды зерттеулердің бірі магниттік-резонанстық томография болып табылады. Оны қысқартып МРТ дейді. Бірнеше жыл бұрын бұл зертханалық қызмет түрін солтүстікқазақстандықтар тек Астана немесе Алматы қалаларындағы клиникалар мен шетелдік емдеу мекемелерінде көруі мүмкін еді. Денсаулық сақтау саласындағы “Саламатты Қазақстан – 2015” мемлекеттік бағдарламасының арқасында өңіріміздің тұрғындары мұндай құны және сапасы жағынан таптырмас болып келетін зертханалық тексерістен өту мүмкіндігіне ие.
Қазіргі таңда облыстық ауруханада ғана бар магниттік-резонанстық томограф 2008 жылы қойылды. Оның көмегімен миды, омыртқаны, құрсақ қуысын, жамбас пен буындарды дәлдікпен зерттеп, аурудың неден пайда болуын нақты анықтауға болады. “Аvanta Siemiens” деп аталатын бұл аппаратпен Елена Баркова мен Татьяна Васина жұмыс істейді. Тағы да екі дәрігер оқытылды. Мамандар жыл сайын таяу және алыс шетелдерде біліктіліктерін жетілдіріп келеді. Елена Николаевна білімін арттыру үшін Санкт-Петербург қаласына оқуға барса, Татьяна Васина жуырда Австрияда магниттік-резонанстық томография бойынша өткізілген халықаралық конференцияға қатысып келді.
Магниттік-резонанстық томография кабинетінен тексерістен өтем деушілер күн санап артып келеді, дейді бөлімшенің қызметкерлері. Тіпті, бұл кабинеттен өтем деушілер арасында көрші облыстың да тұрғындары кездеседі. Мәселен, Ақмола облысының облыстық ауруханасында дәл осындай магниттік-резонанстық томограф кабинеті болғанына қарамастан, көкшетаулықтар өңірімізге келіп тексеріледі, дейді Елена Баркова. Мұндай диагностикалық зерттеуден мүмкіндігі шектеулі жандар, зейнеткерлер, кәмелет жасына толмағандар, көпбалалы аналар, әлеуметтік маңызы бар науқастар және Ұлы Отан соғысының ардагерлері тегін өтеді. Ал бұл тексерістен өту құны – 13 мыңнан 25 мың теңгеге дейін.
Көкірек қуысы, ми, омыртқа, құрсақ қуысы, жамбас және буындардың патологиялық диагностикасын нақты қоятындар қатарында компьютерлік томография да бар. Мұндай құрылғы облысымызда алғаш рет 2001 жылы орнатылды. Ол бір кесінді болатын. Қазіргі таңда компьютерлік томографияның 64 кесіндісі облыстық онкологиялық диспансерге қойылды.
Өткен жылы бөлімшеде жаңа 16 кескінді компьютерлік рентгенологиялық томогроф сатып алынды. Оны меңгеруді мақсат еткен тағы екі дәрігер білімдерін жетілдіру үстінде. Әрине, мұндай зерттеудің түрі иондық сәуле шығарғандықтан, науқастың денсаулығы үшін қауіпті.
Жоғарыда аты аталған зерттеулерге қарағанда, ультрадыбыстық және рентгенологиялық зерттеулер көпшілікке жақсы таныс. Себебі, қазіргі таңда олардың көмегінсіз ешбір дерттің беті ашылмайды.
Сүйек және буын, омыртқа, кеуде тұсы рентгенографиясы, урография, көкірек қуысының, өңештің, асқазанның рентгеноскопиясы, ирригоскопиясы жасалады. Бұл зерттеулердің нәтижесі таспада сандық нұсқада беріледі. Арухананың рентгенологиялық кабинетінің заманауи аппараттары стационарлық және жылжымалы болып екіге бөлінеді. Жылжымалы аппараттар төсек тартып жатқан науқастарға ыңғайлы. Және ота жасау барысында да бұл аппараттардың пайдасы зор.
– Әрине, қандай дәрігердің болсын қызметі асқан жауапкершілікті талап етеді. Науқас ауруханаға әртүрлі жағдайда түседі. Ауыр жарақат алып, жүре алмауы мүмкін. Тіпті, науқас ессіз күйінде болса да, тексерістен өткізуіміз керек. Науқасты аппараттың ыңғайына қарай жатқызып, дәлдікпен түсіруіміз қажет, – дейді рентгенолог дәрігер Любовь Ищук.
Ол қазіргі аппараттар мен бұдан бірнеше жыл бұрынғы құрылғылардың айырмашылығы жер мен көктей, дейді. Бұрындары рентгенологиялық тексерісті көрмей-білмей жасаған болсақ, бүгінгі күні 2013 жылы орнатылған италиялық аппараттың арқасында дәрігер монитор арқылы науқасты көріп, қажетті тексерісті дәлдікпен жасай алады.
Ультрадыбыстық зерттеуді Владимир Кряжок, Галина Гурьянова және Николай Баев сияқты дәрігерлер жасайды.
Үшінші жыл қатарынан облыстық ауруханада сүйектердің денситометриясы жасалып келеді. Облыстағы жалғыз денситометрмен сәулелі диагностика бөлімшесінің меңгерушісі, Николай Лейченко жұмыс істейді. Оның көмегімен науқас сүйегінің минералдық тығыздығын, остеопороз ауруының алғашқы белгілерін, оны емдеудің тиімділігін, сүйектердің минералсыздану үдерісін анықтауға болады.
Келер жылы бөлімшеге рентгенологиялық суретті дәлдікпен анықтайтын және ультрадыбыстық аппараттар сатып алынбақ. Білікті маманның айтуынша, бұл бөлімше аурухананың жүрегі іспетті. Оның сапалы медициналық қызметінсіз өзге бөлімшелердің нәтижелі жұмысын көзге елестету мүмкін емес.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: дәрігер-рентгенолог Л.Ищук.
Суретті түсірген автор.