Шал ақын ауданындағы Кеңес ауылы – ежелден бірлігі мен берекесі жарасқан, небір қиындықтарды өткерсе де, қазақы қалпын сақтап қалған елді мекендердің бірі. Ертеректе Шоқат, кейін ұжымдастыру кезеңінде Кеңес атауын иеленген біздің ауылда текті ұрпақтың тәлім-тәрбиесін бойына дарытқан асыл азаматтар аз емес. Сөзім дәлелді болу үшін осы ауылда кіндігі кесілген жігіттердің қолдауымен Алланың жердегі үйі – мешіт салынғанын айтып өткім келеді.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында да ауыл тұрғындары қарашаңырақтың отын өшірмеу үшін мал басын көбейтіп, тұрмысын жүдетпеді. Бүгінгі күні көпшілік “Агро-Север”, “Бірлік-Астық” серіктестіктерінде еңбек етіп, күнелтіп жатыр. Халқымыздың салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген ауыл өзінің өнегесімен басқаларға үлгі болып жүргені жүрегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. Қаншама ауылдардың іргесі сөгіліп, тұрмысы тұралап қалғанда Кеңес ауылы ауызбіршілік танытып, ата қонысты тастамай, керісінше еңбекпен табысын еселеп, жақсы өмірге қол жеткізді. Қазіргі таңда мұнда 70 отбасы түтін түтетіп отыр. Соңғы жылдары жастардың ауылға қайтып келіп, осы жерді көркейтуге үлес қосып отырғандары да қуантады. Былтыр бірнеше отбасы жаңа үй салып, қоныстойын тойлады. Аға буынның ізімен келе жатқан іні-сіңлілеріміздің де ауылға деген ыстық сезімдерін көргенде көңіліміз өседі. Бірақ бізді мазалайтын бір проблема – ауыл мектебінің бүгінгі заманның талабына сай келмейтіні.
Тәуелсіздік жылдарында қаншама жаңа мектептер бой көтерді. Бірақ Кеңес ауылы солардың тізіміне енбей қалғаны көңілімізге кірбің ұялатады. Мысалы, Жамбыл ауданындағы Айтуар, Есіл ауданындағы Ақтас секілді ауылдарға қыруар қаржыға білім беру ғимаратын салып берді. Бірақ қазір ол жерлерде бала санының аздығынан орта мектеп жабылып қалған. Заманауи үлгіде салынған ғимараттарда бүгінгі күні оқушы тапшы. Билік басындағылар болашағы зор, 70 оқушысы, ал шағын орталықта 19 тәрбиеленушісі бар Кеңес секілді ауылдарға бір сәт көз қырын салса деген үмітпен ардагер ұстаз әрі ауыл тұрғыны ретінде қолыма қалам алып отырмын.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында да мектебіміздің шаңырағын шайқалтпай, аман алып қалған едік. Темірғали Қажымұратов, Қазжан Махметов, Шынар Төкенова, Сәбит Биғожин, Раушан Шегебаева, Мейрам Сыздықов сынды әріптестерімнің жалақысыз да сабақ берген күндері болды. Осыдан кейін біздің мектепті Приишим білім беру мекемесінің филиалы қылды. Сол қыста мектептің жылу жүйесін суыққа қатырмай сақтау өте қиынға соқты. Оның үстіне отын, көмір бөлінбеген болатын. Аудандағы кейбір ұйымдардан қол жайып жүріп, қатты отын сұрап, қиындықты еңсерген едік. Ал бүгін жағдай әлдеқайда жақсарған. Еліміздің білім беру саласын дамытуға қыруар қаржы бөлініп, мұғалімдердің алаңсыз қызмет атқаруына жағдай жасалып жатыр. Біздің мектепте де компьютер сыныбы, биология, лингафонды-мультимедиа кабинеттері жабдықталған. Спорт залымыздың жоқтығына қарамастан, қаншама түлектеріміз еліміздегі жоғары әскери оқу орындарын тамамдап, әр қиырда абыройлы еңбек етуде. Шәкірттеріміздің арасында дәрігер, мұғалім, экономист, ауыл шаруашылығы саласы мамандықтарын таңдағандар аз емес.
Қабырғасы қамыстан тұрғызылған мектебіміз қыстың көзі қырауда өте суық. Бір қабатты ғимарат тар, спорт және акт залдары жоқ. Осыдан жарты ғасырдай бұрын бой көтерген екен. Терезелері ашылмайды, қыстыгүндері қандай азап көрсек, жаздыгүндері де қиыншылықтан арыла алмаймыз. Таза ауа кірмейтін кабинеттерде оқушылардың тынысы тарылады. Мұражай, асхана, киім ілгіш, медициналық кабинеттер де талапқа сай емес. Оқушылар екі ауысымда оқып жүр, ал үйірмелер мен тәрбиелік шараларды үшінші ауысымға қалдыруға мәжбүрміз. Шәкірттеріміздің оқу нәтижесі өзге елді мекендермен салыстырғанда көш ілгері. Ұлттық бірыңғай тестілеуде ылғи абыройымыз асып, түлектер жақсы нәтиже көрсетеді. Биылғы мектепті аяқтаған тоғыз оқушының 7-еуі жоғары оқу орнының грантын жеңіп алды. Сонымен қатар “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында өткен республикалық “Педагогикалық идеялар панорамасы” сайысына он мұғалім қатысып, мектеп директоры Сырым Мұхамединнің онлайн сабағы ел деңгейінде жақсы нәтижеге лайық деп танылды. М.Сыздықов, М.Қалиева, Қ.Мұхамедина, Б.Махметов түрлі аталымдар бойынша арнайы дипломмен марапатталды.
Бүгінгі таңда мектеп ұстаздарының білім саласындағы реформаларды терең түсініп, жаңаша бағытта жұмыс істеп жатқанын айтып өткен жөн. Әріптестерім әрдайым білімдерін жетілдіру үшін курстарға барып тұрады. Жаңартылған бағдарлама бойынша ұстаздардың бәрі бірдей білімдерін жетілдірді. Жаратылыстану-математика пәндерін ағылшын тілінде оқыту үшін үш мұғалім үштілділікті меңгерудің В1, В2 деңгейлі курстарынан өтіп, сабақтарын жаңа үлгіде жүргізуде.
Бүгінгі күні ұстаздарымыз оқытудың озық үлгісін меңгеріп, ал шәкірттеріміз білімнің биігін бағындырып отырған Кеңес ауылына жаңа мектеп салынса деген тілегіміз билік басындағылардың құлағына жетсе екен.
Балапан БАЗАРБЕКОВА, ардагер ұстаз. Шал ақын ауданы.