«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КИЕЛІ КИМЕШЕК

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Алматы қаласынан келген Қазақстан Қолөнершілері одағының мүшесі, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері Тілек Сұлтанның «Киелі кимешек» атты көрмесі ашылды. Ұлттық мұраны жаңғыртып, қазақ әйелдерінің бас киімінің тарихи мәні мен маңызын дәріптеуді мақсат еткен көрмеде жалпы 48 бұйым, оның ішінде 20-дан астам түпнұсқа кимешек көпшілік назарына ұсынылды. Оның кейбірі сонау XIX-XX ғасырларда киілген бас киімдер болса, жартысын өзі заманауи стильде тіккен.

Шара ұйымдастырушы жиналғандарды Ұлы Дала мәдениетінің бірден-бір мұрагері – қазақ халқының ұлттық киімінің тарихымен таныстыруды және жас ұрпаққа дәстүрлі киім үлгілерін ұсынуды көздеген. Ең алдымен этнодизайнердің ұлттық нақыштағы киім үлгілері көрсетілді. Кимешектің төбелік, ою-өрнек сияқты элементтерінің әйелдің жас ерекшелігіне қарай қалай түрленетіні жайлы айтылды.

Тілек Сұлтан көрме барысында кимешектің әртүрлі үлгілерін көрсетіп, оның тек бас киім ғана емес, нәзік жанның жас ерекшелігі мен әлеуметтік мәртебесін білдіретін нышан екенін түсіндірді. Этнодизайнердің айтуынша, қазақ қызы дүниеге келген сәттен бастап өмірінің әр кезеңінде 10 түрлі бас киім киеді. Ал кимешек – ана атанған әйелдің мәртебесін білдіретін киім.

«Кимешек көшпелі ортада экологиялық әрі моральдық-этикалық талаптарға сай пайда болған. Әр рудың, әр жүздің кимешек тігу, кию үлгісі қалыптасқан. Мысалы, 40 жасқа дейінгі әйелдердің кимешегі қызыл жіппен, 50-ден асқандардікі алтын түстес жіптермен безендірілген. Ал 60-тан асқан аналардың кимешегі ақ жіппен әспеттеледі», – дейді Тілек Сұлтан.

Көрмеде шылауыш ораудың әртүрлі үлгілері де таныстырылды. Бұл шараны «Қара шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Тілек Сұлтанның ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған осындай көрмелері бұған дейін Түркия, АҚШ, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты алыс-жақын шетелдерде де көрермен көзайымына айналған.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp