Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі заңды күшіне енді. Аталмыш кодекске жазаны қатайтуды, сол сияқты жеңілдетуді көздейтін баптар қосылды. Енді ауыр қылмыстардан дәрежесі, деңгейі төмен, зардабы жеңілірек қылмыстар теріс қылық әрекеті деп аталатын болды. Бұрын олардың бәрі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі құқық бұзушылық ретінде танылатын.
Бұрындары істерді қарау кезінде уақыт оздырмай хаттама толтырылып, ол уәкілетті органдарға жіберілетін. Ал жаңа қылмыстық-процессуалды заңдылық нормалары тұлғаны жауапкершілікке тарту үшін материалды толық және дер кезінде жинастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айталық, жол қозғалысы ережесінің бұзылуының салдарынан денсаулыққа жасалған зиянды анықтау үшін және бұған айыпты адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін міндетті түрде сот-медицина сараптамасы жасалуы керек. Оны өткізу едәуір уақытты алады. Атап айтқанда, зардап шеккен адам орташа немесе ауыр жарақат алғанын сот медицина сараптамасы 21 күннің ішінде айырып бере алады. Осы уақыттың ішінде қылмыстық-процессуалды заңдылық дәлелдерді (куәлардың дәйектерін, басқа да қажетті деректерді сұрастыру) жинастыруға, заңды процессуалдық шешім қабылдау үшін қаралатын іске қатысушылардың біліктілікпен қорғалуын қамтамасыз ететін шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қылмыстық кодексте ақпараттандыру және байланыс саласында компьютерлік ақпаратты рұқсатсыз алғаны, оған заңсыз қол сұққаны, өзгеше түрлендіргені және жойып жібергені, сондай-ақ, қоғамға қауіп тудыратын бүлікшілдік бағыттағы бағдарламаларды, яғни материалдарды таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған қылмыстық заң бұзушылықтар атап көрсетілген.
Динара НАЙМАНОВА,
облыстық прокуратураның оқу орталығының жетекшісі.