
Есіл аудандық орталық кітапханасында аға ұрпақ өкілдерімен кездесу болып өтті. “Еліне қалаулы еңбегімен” тақырыбы аясында өрбіген кешті кітапханадағы қазақ бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырды. Мерекелік кездесуге оқырмандар, зейнеткерлер, ерлі-зайыпты Кенесары мен Мәмила Жолдаяқовтар, Күләш Қасенова, Мәриям Аймағанбетова сияқты жастарға үлгі болар қариялар қатысты.
Өмірлері өнеге болар ақ жаулықты аналар мен асқар таудай әкелермен кездесіп, олардың ғибратқа толы әңгімелерін тыңдауға Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектеп жанындағы интернаттың 9-11- сынып оқушылары келді.
Кеш барысында ұзақ жылдар бойы оқу-ағарту саласында қызмет еткен Мәриям Аймағанбетова оқушыларға заман талабына сай білім алудың маңыздылығын айтса, Күләш Қасенова өзі шығарған өлеңін оқып, ана туралы әдемі ән салды. Сондай-ақ, аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері Тоймырза Абашов пен Нүркен Сейсенбаев қонақтарды құттықтап, баянның сүйемелдеуімен халық әндерінен шашу шашты.
Зейнет жасында болса да, жақында Покровкадағы ауыл шаруашылығы колледжін сырттай тамадаған, аудандық шахмат клубына жетекшілік ететін Кенесары қарт та оқушыларға ақыл-кеңес беріп, жақсы білім жемісті еңбекке бастайтын баспалдақ екенін жеткізді. Денсаулық саласында еңбек еткен Мәмила апай болса, оқушыларды кітап оқып, саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Үлкендердің мағыналы әңгімесін зер сала тыңдаған оқушылар оларға түрлі тақырып төңірегінде сұрақтар қойып, өздерінің де ойларын ортаға салды.
Кездесу соңы оқушылар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Ысқақ АРҚАЕВ.
Есіл ауданы.