«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КҮЙ КҮМБІРЛЕП, ӘН ӘУЕЛЕДІ

Ғасырлар жауһары болып табылатын ұлттық өнер туындыларын жандандыруды көздеген игі бастаманың бірі – облыс орталығында өткізіліп жатқан аудандардың мәдениет күндері. Шара “ЭКСПО – 2017” көрмесіне арналып, еліміздегі тарихи оқиғаға әр аудан өнерпаздары өнермен өрнектеп, шашу шашуда. “Ел іші – өнер кеніші” дегендей, бұған дейін облысымыздың үш ауданы көрермендерді зор қуанышқа бөлеген болатын. Өткен жұма Жастар сарайының сахна төріне шыққан Ақжар ауданының өнерпаздары да қызылжарлықтардың зор ықыласына бөленіп, елді мекенде ұлттық өнер мен салт-дәстүр жалғасын тауып жатқандығын паш етті.

 

Қазағы қалың Ақжар ауданы ұлттық салт-дәстүріміздің, мәдениетіміздің, өнеріміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүргендігі көпшілікке аян. Мәдениет күндерінің бірінші бөлігі тарих белестеріне арналды. Киелі топырақтан шыққан тұлғалар жайлы деректерді Ақжар аудандық мұрағаты дайындапты. Мұрағат қызметкерлері қолдарындағы материалдарды іріктеп, жұрттың назарына ұсынуды өздеріне үлкен міндет санап отыр. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласы жарық көргеннен бері жұмыстарын ширата түскен.

– Әр аймақта заманның қиын-қыстау кезінде халқына сүйеніш, демеу бола білген тұлғалар жетерлік. Олардың есімдері әрқашан халықтың жадында сақталуы керек. Тұғырлы тұлғалардың есімдерін, тарихи оқиғалардың маңызын ұрпақ түйсінуі тиіс. Осы жолғы шараға халқымыздың біртуар ұлдары Смағұл Сәдуақасов пен Қали Хадесов туралы мол дерек әкелдік, – дейді мұрағат қызметкері Парилаш Жұмаділова.

Алаштың қайсар ұлы, қоғам қайраткері, жазушы Смағұл Сәдуақасовты танымайтын қазақ жоқ шығар. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысында апат болған ағамыздың мәйітінің күлі араға жетпіс жеті жыл салып, елге жеткізілгенін білеміз. Асқар таудан биік жерлесіне арнап ақжарлықтар Талшық ауылында мұражай ашып, ескерткіш орнатқан. Смағұл Сәдуақасов туралы деректер дер кезінде жиналмағандықтан, оның өмір белестерін фотосуреттердің көшірмесінен ғана бағамдауға тура келеді. Солардың ішінде Смағұл бабамыздың жалғыз ұлы Ескендірдің суреті көзге оттай басылады. Өкінішке қарай, ол әкесі қайтыс болып, атасы Әлихан Бөкейханов “халық жауы” ретінде атылып кеткен соң біраз қиындық көрген. Ал 1941 жылы жасын ұлғайтып жаздырып соғысқа аттанып, қайтып оралмапты.

Ал Қали Хадесов – білім беру саласының үздігі болған адам. Ұлы Отан соғысының ардагері, “Қызыл Жұлдыз” орденінің иегері соғыстан кейінгі жылдары ұрпақ тәрбиесіне үлкен еңбек сіңірген. Қали Хадесұлының өмір жолы жайлы сыр шертетін деректердің ішінде жұрттың көзіне ерекше түскен жәдігер – ескі күнделік. Бұл оның майдан шебінде жүріп, еліне, жеріне, отандастарына, туған-туыстарына деген сағынышын арқалаған қойын дәптері болатын. 73 жыл сақталған күнделіктің беті сарғайса да, ішіндегі жазулар сырын кетірмеген. Сондай-ақ, көрме сөрелеріне әр жылдары аудан басқарып, елеулі еңбек сіңірген қайраткерлердің де фотосуреттері қойылған.

Ақжар ауданының мәдениет күндерін ұйымдастырушылар қол-өнер және көркемөнер туындыларын да әкелді. Қабырға бойына жас қылқалам шеберлерінің туындылары көп қойылыпты. Жеткіншектердің туындыларынан ұрпақтың туған өлкеге деген сүйіспеншілігінің лебі есіп тұрғандай. Әнел Есләмбекова, Даяна Ыбыраева сынды жас суретшілердің еңбектері көз тартады. Балалардың жіппен тоқып салған картиналарынан ауданда оларды осы өнерге баулып отырған жақсы тәлімгердің бар екендігі аңғарылады.

Көрменің бір бұрышында отырған қолөнершіге жұрттың назары ерекше ауды. Саз балшықтан құмыра жасап отырған шебердің әрекеті көпке таңсық. Осыдан екі жыл бұрын Талшық ауылындағы “Серпер” өнер мектебіне жас маман ретінде жұмысқа қабылданған Ержан Мүсіпов бұл жаңалықты өзімен ала келіпті. Бүгінде білгенін шәкірттерінің бойына сіңіруде. Көрмеде ағаштан ойылып жасалған бұйымдар да аз емес. Әрқайсысы өзіндік дизайнымен ерекшеленеді. Ақжар ауданында ағаш пен темірден түйін түйген ұста көп. Отбасымен өнерлі Жандос Мәдиқажы шаңырағының қолөнерді дамытуға қосып отырған үлесінің өзі бір төбе.

Ақжарлықтар жиналған қауымға концерттік бағдарлама алдында аудан жайлы бейнефильм көрсетті. Ел егемендігінің ширек ғасырында бұл ауданның да әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, даму жолында биік белестерді бағындырған.

Ақжарлықтардың ұлттық мәдениетті дамытуға үлкен мән беріп, сүбелі үлес қосып отырғандығы “Болашақты бірге жасаймыз!” атты концерттік бағдарламасының әр нөмірінен байқалады. Сахна шымылдығын ашқан “Ғасырлар үні” этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы Н.Тілендиевтің “Махамбет”, С.Бәйтерековтің “Кішкентай” атты әуендері тыңдаушының құлақ құрышын қандырады. Жас домбырашылардан құралған “Жігер” ансамблінің орындауындағы күйлер, С.Тұрысбековтің “Ақ жауын” күйін нақышына келтіріп шерткен Бекзат Темірханның өнері жұртты тамсандырды. “Айтұмар” хореографиялық ансамблінің мың бұралған бишілері де өнерлі екендерін бірден байқатты. “Жекпе-жек” композициясында қазақтың ұлттық өнері көрініс тапса, “Әй-әй бөпем” хореографиясы қазіргі заманғы би үлгісінде орындалды. Этно-фольклорлық трио Дәулеткерейдің “Көрұғлы” күйін түрлі ұлттық аспаптарды қолдана орындап, көрермендердің делебесін қоздырып, ду қол шапалақтың астында қалды.

Ауданда тұратын этностардың өнері де ұмыт қалмады. “Айтұмар” тобы армян ұлттық биін, жас бишілер Ақерке Зайныш пен Нарғыз Әутәліп өзбектің “Хорезм” ұлттық биін үлкен шеберлікпен биледі. Сондай-ақ, “Задоринка” фольклорлық тобы “Зорька алая” әнін, “Казаночка” вокалдық тобы “Калина-рябина”, “Живет село” әндерін орындап, жұртты орыс халқының ән әуенімен еліктірді. Көрермендер Марат Сәрсеновтың орындауындағы “Плот” әнін, интернационалист-жауынгер Ержан Фазыловтың орындауындағы “На чужой стране” әнін, Асқар Тұраевтың орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың “Ана туралы жыр” әнін, Әлихан Қайырбектің “Ақжарым – елім менің” әнін де жылы қабылдады. Аудандық Мәдениет үйінің төрт қызметкері Сәкен Закарин, Әлібек Батихан, Нұрқасым Хасенов, Марат Сәрсенов бірігіп әртүрлі жанрда қазақша-орысша әндерден попурри айтып, залдағы көңіл-күйді, тіпті, асқақтатып жіберді. Концерттік бағдарлама “Атамекен” әнімен тамамдалды.

Ақжарлық өнерпаздардың сахнаға шыққан сайын көрермендер үлкен ілтипат пен қошемет көрсетті. Екі сағат уақыт лезде зымырап өткендей болды.

– Өте керемет концертті тамашаладық. Рухани демалып, әр өнерпаздың талабына шабыттанып отырдым. Алдында өнер көрсеткен аудандар туралы ештеңе айта алмаймын. Өкінішке қарай, оларға уақыт тауып бара алмаған едім. Бүгінгі көңіл тебіренісінен кейін барлық аудандардың концертіне қатысуға тырысамын”, – деді шара соңында көрермендердің бірі Гүлсария Бейсенбаева.

 

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp