Жастар сарайында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кубогы үшін көңілділер мен тапқырлар клубтарының фестивалі өтті.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма ұйымдастырған шарада өңіріміздің алты ауданы мен Петропавлдағы білім ошақтарынан және жұмысшы жастардан құрылған 14 команда бақ сынады.
Соңғы жылдары бұл жоба жастардың шығармашылық әлеуетін ғана анықтап қоймай, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналды. Көңілділер мен тапқырлар клубы облыстық лигасының жетекшісі Евгений Пеньковтің айтуынша, ақтық кезеңге жалғыз команда ғана жолдама алады. Сол себепті, білікті төрешілерге барлық критерийлерге сай команданы анықтау жүктелді.
Үш сағатқа созылған бәсеке тартысты өтті. Әр команда бұл ойынның жауаптылығын жете түсініп, жоғары деңгейде дайындалып келген екен. Бір айналымнан тұрған ойында барлық құрамалар өзекті тақырыптарды көтеріп, жұртшылыққа күлкі арқылы ой салды. Нәтижесінде қиялдан туған әзілдер, командалардың сахнадағы бірлескен қимылдары, билері мен әндері көрермен көңілінен шықты.
Қазылар алқасының шешімімен бұл кеште әзілі ұтымды “Seven up” командасының мүшелері фестивальдың іріктеу кезеңінің жеңімпазы атанды. Петропавлдағы Ұлттық ұлан Әскери институтының курсанттарынан құралған команда қанжығаларына екінші орынды байласа, қола жүлдені Айыртау ауданының “Сәбіз” құрамасы иеленді.
Айта кеткен жөн, ақтық кезең 17 қараша күні өтеді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.