«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРДІ АЯҚТАН ШАЛУ кей билік иелері үшін қалыпты жайтқа айналып кеткен тәрізді

Әдеп жөніндегі кеңестің соңғы отырысында Сергеевка қаласының әкімі Ерлан Жақыповқа қатысты тәртіптік іс қаралып, қызмет лауазымын төмендету жазасы ұсынылды. Талқылау барысында оның кәсіпкерлердің жекеменшігіндегі жер телімдерін алу жөнінде заңсыз шешімдер шығарғаны белгілі болды. Шағын және орта бизнес өкілдері мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент пен кәсіпкерлер палатасына шағымданбағанда заңды бұра тарту, адамгершілік нормаларын белден басу сияқты өктемдіктер жабулы қазан күйінде қала берер ме еді, кім білсін?!

Жергілікті жерлерде өздерін жарты патшадай сезінетін, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс шенеуніктерден қатты қысым көріп, әбден әуре-сарсаңға түскендердің бірі – Анар Ғабдуллина. Ол Сергеевка қаласында сауда павильонын ашу мақсатымен 60 шаршы метр жер телімін өзге тұлғадан сатып алады. Екі тараптың келісімшарты әділет органында тіркеліп, құрылыс жұмыстарын бастауға қалалық әкімдік рұқсат бергеннен кейін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы арқылы 10 миллион теңге несиеге қол жеткізеді. Алайда, оның құрылысты одан әрі жалғастыру жөніндегі өтінішін әкімдік небір сылтауларын алға тартып, қараусыз қалдырады. Онымен қоймай аудандық әкімдік жанындағы сәулет-қала құрылысы кеңесінің отырысында жер теліміне меншік құқығын жою, бұрын қабылданған шешімдерді кері қайтару туралы құжаттамалар әзірлеуге тапсырма беріледі. Сол-ақ екен, жоғарының пәрменін “ләббай, тақсырлап” бас шұлғи қарсы алатын атқамінерлер кәсіпкердің жекеменшігіндегі жер телімін кері қайтару жөнінде әп-сәтте ұйғарым шығарады. Сот шешімінсіз ешкімнің де жеке мүлкіне қол сұғылмайтыны Ата Заңда тайға таңба басқандай жазылғанын біле тұра, асырауында кішкентай баласы бар келіншекті бостан-босқа шырылдатып қояды. Ол көз жасын көлдей етіп, қайда барса да, жөн-жосықсыз бюрократтық кедергілерге кездеседі. Арызданбаған жері қалмайды. Ақыры не керек, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент пен кәсіпкерлер палатасына жүгінуге мәжбүр болады. Нәтижесінде өрескел олқылықтардың жіберілгені, мәселен, заңсыз қаулыны әділет басқармасының тіркеуге алғаны, тағы басқа жайттар анықталады.

“Жазған құлда шаршау жоқ”. Анар ақырына дейін күресуге, әділеттілікті қалпына келтіруге бекінеді. Сотқа жүгінуден басқа лажы қалмайды. Жұмыссыз жүрген оған қомақты несиені өтеу де оңайға соқпайды. “Сезікті бұрын секірер” деген. Әкімдік өз әрекеттерінің шикілігін, жеңіліс табарын сезген болу керек, жер телімдерін қайтарып беру туралы жаңа қаулы шығарып, сотқа тапсырады. Алайда, талапкердің қуануына әлі ерте еді. Әділет басқармасы шешімді рәсімдемеген күйі созып жүріп алады. Не керек, өліп-талып ақиқатқа жеттім-ау дегенде, үстінен сотқа талап-арыз түскенін естиді. Сөйтсе, байырғы “әніне” қайта басқан шенеуніктер “жалпы пайдаланымдағы жер телімдеріне құрылыс жүргізуге болмайды” деген тағы бір желеу ойлап табады. Жүйкеге тию, әрлі-берлі сандалту секілді өнбес жүріспен есіл уақыт өте береді. Сергелдең мұнымен тоқталса, бір сәрі. Жер қатынастары бөлімі сату-сатып алу келісімінен ерікті түрде бас тарту жөнінде талап хат жіберсе, қала әкімі: “Мен саған құрылыс жұмыстарын салуға үзілді-кесілді тыйым саламын”, – деп қоқан-лоқы көрсетеді. Қысым жасаушылардың қай-қайсысы болсын әлеуметтік бағдарлама жүзеге асырылған жағдайда жаңа жұмыс орындары ашылатынын, сүт, кондитер өнімдерінің бағасы қолжетімді болатынын қаперлеріне де алмайды.

Осы мәселе “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлік құқығын қорғау кеңесінің көшпелі отырысында талқыланып, қатысқанымызда аудан әкімінің кеңесшісі Гүлнара Жұмағалиеваның кәсіпкер келіншекті жерден алып, жерге салған ызғарлы сөздері, қайтсек те, өз дегенімізден таймаймыз, талаптарымызды орындатамыз дегендей ұстанымдары таңғалдырды. Оның уәждеріне сенсек, жер телімдерін аукцион арқылы сату үрдісі сақталмаған. 2013-2015 жылдары ауданда бірде-бір аукцион өткізілмесе, кәсіпкердің не кінәсі бар деген сауалға ол мардымды жауап бере алмады. “Тоқсанымыз жиылып, тоқты жыққан батырмыз” дегендей, шенеунік жер телімдерін сот арқылы қайтарып аламыз деген пікірінен айнымаған күйі қала берді.

Кейін білгеніміздей, аудандық сот қала әкімі Ерлан Жақыповтың кәсіпкердің жекеменшігіндегі жер телімдерін заңсыз деп тану туралы талап-арызын қанағаттандырмады. Тура осындай жағдайды қаланың тағы бір тұрғыны Сұлтан Түрленов те бастан өткерген. Әкім оны да жерге жекеменшік құқығынан айырыпты, бірақ, шешімді сот заңсыз деп таныған. Соған қарамастан, жоспардан тыс неше түрлі тексерулер ұйымдастырылып, қалыпты жұмыс істеуіне еш мүмкіндік бермеген. Ақырында жеке кәсіпкердің жүйкесі сыр беріп, жүрек талмасына ұшыраған.

Иә, әділдікке, шындыққа жету жолы қандай азапты болса да, салтанат құрды. Алайда, ойландыратын тұстар жоқ емес. Жергілікті жерлерде “өзін би, өзін қожа” санайтын лауазым иелері облыс орталығындағы үш бөлмелі үйін кепілге қойып, кәсіпкерлікпен айналысуды мақсат еткен жас келіншекті қолдап, көмек көрсетудің орнына ата жауын көргендей, қайтсе де аяқтан шалуға, тұқыртуға әрекеттер жасауын еш нәрсемен де ақтауға болмайды. Біздіңше, өздерін заңнан биік қоятын мұндай шенеуніктерге мемлекеттік қызметтен шеттетуге дейін жаза қолданылуы керек. Сонда басқалардың да сабасына түсіп, сабақ алары сөзсіз. Әйтпесе, жауырды жаба тоқығандай жеңіл құтылып кете берсе, өзімшіл өктемдіктердің тыйылары неғайбіл.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp