«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ЖАСАЛҒАН МОЛ МҮМКІНДІК

Бүгінде кәсібін ашып, нәсібін табамын деушілерге мемлекет тарапынан үлкен қолдау білдіріліп, соның арқасында шағын және орта бизнестің көкжиегі кеңейіп келе жатқаны ақиқат. Соның нәтижесінде біздің өңірде де кәсіпкерлердің саны жылдан-жылға артуда.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ облыстық филиалы жыл басынан бері “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 917,1 млн. теңгенің 378 жобасын қаржыландырған. Оның 49 пайызы – мал шаруашылығын дамытуға, 30-ы – қызмет көрсету саласына, 5-еуі өсімдік шаруашылығына бағытталған.

– Қазіргі таңда “50 елді мекен” тұжырымдамасын дамыту аясында жеке қосалқы шаруашылықты жетілдіруге өтініштерді қабылдап жатырмыз. Нақтырақ айтқанда, “Береке” бағдарламасы бойынша бордақылау алаңын құруға 6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға 4 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Ал сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған “Ырыс” бойынша 7 жылға 5 млн. теңгеге дейін несие рәсімделеді, – дейді қаржы ұйымының несие бойынша менеджері Сәния Таутекенова.

Жыл басынан бері “ҚазАгро” ұлттық холдингі” компаниялар тобындағы қаржы ұйымы арқылы қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі облыс орталығына тиесілі. Олардың саны – 36.

“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ облыстық филиалы арқылы үш миллион теңге несие алған жеке кәсіпкер Наталья Танкина бүгінде жастар сүйсініп жейтін “Гонконг вафлиін” сататын дүңгіршек ашты. Жақында ол облыс орталығында екінші дүңгіршегін іске қосты.

– Біз “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы 5 жылға 3 млн. теңгенің несиесін рәсімдедік. Жылдық мөлшерлемесі – 6 пайыз. Бұл өте тиімді. Қазір 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта бизнесімді кеңейтпек ойым бар, – дейді ол.

Ал Қызылжар ауданының Бескөл ауылының тұрғыны Айбек Рамазанов болса, төрт жыл бұрын мемлекеттік қолдаудың арқасында атакәсіпті қолға алу мүмкіндігіне ие болған. Ол “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы 6 пайыздық мөлшерлемемен 1 млн. теңге несие рәсімдеп, үш жылқы сатып алған. Биелерді сауып, қымызын саудалап, кәсібін өрге домалатқан жерлесіміз үстіміздегі жылы 3 млн. теңге несие рәсімдеп, тағы 10 бас жылқы алды. Бүгінде ол ауылдың екі тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp