Жуырда ел бойынша кәсіпкерлер арасында алғаш рет сауалнама жүргізілмек. Шара барысында 1 млн. 200 мыңнан астам бизнес өкілін қамту көзделіп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дархан Қалиев атап өткендей, бұл кәсіпкерлермен байланыс орнатып, олардың мәселелерін шешуге көмектеспек.
– Былтыр бизнес саласындағы түйткілді мәселелерге қатысты бір мыңнан астам арыз-шағым түссе, оның 216-сы кәсіпкердің құқығының бұзылуына қатысты болды. Бүгіндері 94 шағым бойынша мәселе оң шешілді. Сондай-ақ, кәсіп ашуда кедергілерге тап болғандар тегін оқытылатын болады, – дейді Дархан Қанатұлы.
Қазіргі уақытта өңірде 29 мыңға жуық кәсіпкер бар. Палата басшылығы жергілікті кәсіпкерлерді бұл шараға қатысуға шақырады.
Сауалнама екі кезеңде жүргізіледі. Алғашқысында телефон арқылы төрт сұраққа жауап беру қажет. Сауалнаманың екінші кезеңінде мамандар бизнес нысандарына арнайы барып, кәсіпкерлермен жеке әңгімелеспек. Облыстық кәсіпкерлер палатасының 22 маманы жұмылдырылатын кешенді шара аяқталғаннан кейін отандық бизнесмендердің ортақ электронды базасы жасалады.
Баспасөз мәслихатында өңір кәсіпкерлері тегін пайдалана алатын “Atameken Services” порталының жаңартылған үлгісі таныстырылып, оның мүмкіндіктері туралы айтылды. Порталда 60-тан астам онлайн режімде берілетін пайдалы және тегін қызмет түрлері шоғырланған. Мәселен, “Несие агрегаторы” қызметі арқылы кеңседен шықпай-ақ жеңілдікпен несие алуға өтінім беруге болады. Ал “Atameken. Academy” қызметі кәсіпкерлердің іскерлік білімдерін шыңдауға мүмкіндік береді.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltustik Qazaqstan”.