
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов шағын және орта бизнес саласы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындысы шығарылған алқалы жиынға қатысып, алда тұрған міндеттерді белгіледі.
Елбасымыз халыққа арнаған биылғы Жолдауында да шағын және орта бизнес саласына ерекше басымдық беріп, кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жаңа міндеттер жүктеді. Экономикалық қиын жағдайларға қарамастан, мемлекетімізде саланы дамытуда арнайы жобалар қолға алынуда. Бүгінде біздің облысымызда 40 мың кәсіпкерлік субъектісі болса, соның 34 мыңы белсенді жұмыс істеуде. Сондықтан біз өзге де субъектілердің жұмыс істеуін ерекше қадағалауымыз керек. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының жүзеге асырылған уақытынан бері республикалық бюджеттен біздің облысқа 8,7 миллиард теңге бөлінді, оның 2,5 миллиарды былтыр берілді. Біз халықтың жайлы өмір сүруі үшін әрқашан биік белестерге ұмтылғанымыз жөн. Ал әрбір кәсіпкерге көмек беру – біздің міндетіміз, – дей келе облыс әкімі Ерік Хамзаұлы алдағы уақытта да саланы дамыту үшін қарқынды жұмыс жүргізілетінін айтты.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев шағын және орта бизнес саласы бойынша 2015 жылы облыста атқарылған жұмыспен таныстырып, биыл атқарылуы тиіс істерге баса көңіл бөлді.
Ол аталмыш сала бойынша жалпы өңірлік өнім 25 пайызды құрайтынын, біздің облыс республика бойынша 5-орында екенін, сондай-ақ, өткен жылдың тоғыз айында кәсіпкерлік субъектілерімен 220 миллиард теңгенің өнімі шығарылғанын жеткізді. Оның айтуынша, біздің өңірде 100 мыңнан астам адам кәсіпкерлікпен айналысады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артық.
Кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуы үшін қаржыландыру көздерінің алатын орны ерекше. Бұл орайда өткен жылы өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында 251 өтінім мақұлданған. Нәтижесінде тұрғындардың бірқатары тұрақты жұмыспен қамтылды. Мұхтар Наурызбайұлы алдағы уақытта қосымша 1 мың жұмыс орны ашылатынын айтты. Бүгінгі күні ауыл кәсіпкерлеріне де айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Мемлекеттік қолдауға ие болған ауыл кәсіпкерлерінің үлесі 53,5 пайызды құрайды.
Осы орайда Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандар кәсіпкерлерінің белсенділігін ерекше атап өтуге болады. Шағын және орта бизнеспен айналысуға ниет білдірген адамдарға ақыл-кеңес беру мақсатында түрлі оқу курстары ашылуда. Бұл ретте “Даму” қорының мамандары белсенділік танытып, “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының екінші бағыты бойынша да нақты шараларды қолға алуда. Мәселен, аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 451,3 миллион теңге бөлінді. Ал 2015 жылы облыста бөлшек сауда 168 миллиард теңге болса, жалпы өңірлік өнімдегі сауда үлесі 17 пайызды құрады.
Биыл бөлшек саудада жеке тұлғалардың үлесін арттыру көзделуде. Ал Индустрияландыру картасы аясында 5 жылда 31,4 миллиард теңгенің 32 жобасы іске асырылды. Нәтижесінде бір мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығында 60 жобаны іске қосу жоспарлануда. Өткен жылдың 11 айында 24,7 миллиард теңгенің өнімі шығарылды. Биыл қосымша 12 жоба енгізіліп, 524 жұмыс орны ашылмақ.
Алқалы жиын барысында сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға қатысты негізгі бес бағыт бойынша атқарылған жұмысқа кеңінен тоқталды. 2015 жылы кәсіпкерлер палатасына 4 мыңнан астам өтініш түскенін айтып, 300 миллион теңгеден астам сомада бизнестің мүддесі қорғалғанын жеткізді. Оның айтуынша, әкімшілік кедергілер салық, жер, құрылыс салаларында туындайды. Туындаған мәселелерді шешу жолдарын қарастыру бағытында палатада сараптама кеңестері, кеңес беру орталықтары, жұмыс топтары құрылып, қоғамдық қабылдаулар өткізілуде. Қазіргі таңда өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасы жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлікті дамыту картасы аясында өңірде қажетті мамандықтарды игеруде, кәсіпкерлікті дамыту жөнінде іс-шараларды, сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілері тізілімін анықтауға зор мүмкіндік бар. Жиында “Даму” қоры мен “Қазақстанның Халық банкі” АҚ-ның облыстық филиалдарының директорлары да сөз алып, шағын және орта бизнес саласын несиелендіруге қатысты атқарылған жұмыспен таныстырды. Ал “Баларман”, “РимКазАгро” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директорлары елімізде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында атқарылып жатқан ілкімді істерді тілге тиек ете келе, өз ризашылықтарын білдірді.
Кеңесте облыстық әкімдіктің, “Даму” қоры облыстық филиалы мен екінші деңгейлі банктер арасындағы меморандумға қол қойылды. Одан соң өңір басшысы жылдың үздік кәсіпкерлерін бірнеше аталымдар бойынша Алғыс хаттармен марапаттап, өңірдегі шағын және орта бизнес саласының дамуына жоғары баға берді.
“2015 жылдың үздік кәсіпкері” өңірлік конкурсының “Үздік жас кәсіпкер”, “Ұқсату өнеркәсібі саласындағы үздік кәсіпкер”, “Сервистік қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпкер” аталымдары бойынша Екатерина Онацко, Сергей Федосеев, Юрий Пушкалов жеңіс тұғырынан көрінді. Ал Ақжар ауданынан “Осадчая О.П.” жеке кәсіпкерлігінің директоры Оксана Осадчая үздік кәсіпкер әйел атанды. Сондай-ақ, Петропавл қаласы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Евгения Сальникова, Айыртау, Тимирязев аудандарының кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары Гүлмира Әбілқайырова мен Галина Тарасенко және бірқатар екінші деңгейлі банктердің директорлары марапатталды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.