Енді ғана жұмысқа орналасқан тәжірибесіз жастар өз құқықтарын білмей жатады. Егер сондай келеңсіздік орын алса, бірден еңбеккерлердің мүддесін қорғайтын кәсіподақтар федерациясының көмегіне жүгіне алатынын айтқым келеді.
Қазіргі таңда федерацияға 2 миллионға жуық адам мүше болса, оның 32 пайыздан астамы – жастар. Кейінгі толқын қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Федерация олардың құқықтарын ғана түсіндіріп қоймай, мемлекеттік қолдаудың шапағатын сезінулеріне септігін тигізуде. Сондықтан қыз-жігіттер ерекше ынтаықыласпен жұмыс істеп, еңбек өнімділігін арттыруда жігерлілік танытуда. Мәселен, мен – облыстық кардиологиялық орталықтың дәрігерімін әрі “SENIM” кәсіподағының мүшесімін. Бұл ұйым денсаулық сақтау саласындағы мамандардың әлеуметтік мәселелерін ойдағыдай шешуге атсалысады.
Қалада болсын, ауылда болсын жас мамандарға ең керегі – баспана. Кәсіподақтың тұрғын үй және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмысы нәтижелі. Облысымыздың медицина мекемелері жас мамандарға зәру. Қыз-жігіттерге бірінші кезекте баспана керектігін, еңбекақысының жоғары болғанын қалайтынын жақсы білетін “SENIM” кәсіподағы бүгіндері бұл бағытта да жұмыстар жүргізуде. Мысалы, биыл өңіріміздің дәрігерлері Мөлдір Омарова, Әсел Смайылова, Даяна Амандықова және Кәрімжан Исақовтарға әлеуметтік мәселелерін шешу үшін әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Бұл қаражат жас мамандар үшін үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті.
Бүгіндері елімізде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында “7-20-25” мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған қатысу үшін 20 пайызды құрайтын алғашқы жарна болуы қажет. Көбінесе жас мамандарда мұнша қаржы бола бермейді. Осы орайда, “SENIM” кәсіподағы орталық кеңесі тарапынан 20 пайыздық жарнаның тұрғын үй сертификатын беру қарастырылған. Жалпы ел бойынша 33 сертификатқа 48 миллион теңге бөлінді. Сол сертификаттардың бірі маған бұйырғанына қуаныштымын. Алдағы уақытта да “SENIM” ұйымының арқасында көптеген жас мамандардың тұрғын үй сертификатының иесі болатынына сенімім зор.
Қазір жас дәрігерлердің біліктілігіне күмәнмен қарап, сотқа сүйреп жатқандар бар. Мұндай жағдайда қыз-жігіттер адвокаттардың қызметіне жүгініп, біраз шығындалатыны мәлім. Осы орайда, “SENIM” адвокаттардың қызметі үшін де қаржы қарастыратынын атап айтқан жөн. Бұл да дәрігерлер үшін үлкен көмек.
Кәсіподақ қыз-жігіттерге қарапайым еңбек адамдарының жетістіктерін көрсетіп, жас мамандардың ауылда жұмыс істеулеріне түрткі болуда. Жуырда кәсіподақ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Есіл ауданындағы Покровка ауылында “Жас келсе – іске!” атты ауылдың еңбекші жастарының республикалық форумы өтті. Кейінгі толқынның көкейкесті мәселелерін анықтау, еңбек құқықтарын үйрету және олардың өмірлік ұстанымын қалыптастыру мақсатын көздеген шараға қатысудың бақыты маған да бұйырды. Сол форумда Уәлиханов ауданындағы “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығының бақташысы Рауан Бралин ауылдардың болашағы жастардың қолында екенін айтты. Іскер азамат ауылдың қара жолын қаланың асфальтына айырбастағысы келмейді. Өйткені, аталмыш шаруа қожалығында лайықты еңбекақы алып, отбасын қатарынан қалдырмай асырап отыр. Төгілген тердің өтеуі – өткен жылдың соңында ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен марапатталды. Ол форумға жиналған жастарға ауылда да лайықты өмір сүруге болатындығын дәттеді.
Шынымен де, кіндік қаның тамған ауылда жұмыс істеп, оның түлеуіне үлес қосу мақтан тұтарлық іс емес пе?!
Мұрат ҚАСЫМОВ,
“SENIM” Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының мүшесі.