«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПОДАҚ ҚОЛДАУЫ

Енді ғана жұмысқа орналасқан тәжірибесіз жастар өз құқықтарын білмей жатады. Егер сондай келеңсіздік орын алса, бірден еңбеккерлердің мүддесін қорғайтын кәсіподақтар фе­дерациясының көмегіне жүгіне алатынын айтқым келеді.

Қазіргі таңда федерацияға 2 мил­лионға жуық адам мүше болса, оның 32 пайыздан астамы – жас­тар. Кейінгі толқын қоғамдық жұ­мыс­тарға белсене араласады. Фе­дерация олардың құқықтарын ғана түсіндіріп қоймай, мемле­кет­тік қол­даудың шапағатын сезінуле­ріне септігін тигізуде. Сондықтан қыз-жігіттер ерекше ынтаықылас­пен жұ­мыс істеп, еңбек өнімділігін артты­руда жігерлілік танытуда. Мәселен, мен – облыстық кардиоло­гиялық орталықтың дәрігерімін әрі “SENIM” кәсіподағының мүшесімін. Бұл ұйым денсаулық сақтау сала­сын­дағы мамандардың әлеуметтік мәселелерін ойдағыдай шешуге ат­салысады.
Қалада болсын, ауылда болсын жас мамандарға ең керегі – бас­пана. Кәсіподақтың тұрғын үй және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы жұмысы нәтижелі. Облысымыздың медиц­ина мекемелері жас мамандарға зәру. Қыз-жігіттерге бірінші кезекте баспана керектігін, еңбекақысы­ның жо­ғары болғанын қалайтынын жақсы білетін “SENIM” кәсіподағы бүгіндері бұл бағытта да жұмыстар жүр­гізуде. Мысалы, биыл өңіріміз­дің дәрі­герлері Мөлдір Омарова, Әсел Смайылова, Даяна Аман­ды­қова және Кәрімжан Исақовтарға әлеу­меттік мәселелерін шешу үшін әрқайсысына 500 мың теңгенің сер­ти­фикаты берілді. Бұл қаражат жас мамандар үшін үлкен көмек екені айтпаса да түсінікті.
Бүгіндері елімізде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақ­сатында “7-20-25” мемлекеттік бағ­дарламасы жүзеге асырылуда. Оған қатысу үшін 20 пайызды құ­райтын алғашқы жарна болуы қажет. Көбі­несе жас мамандарда мұнша қаржы бола бер­мейді. Осы орайда, “SENIM” кәсіп­одағы орта­лық кеңесі тарапынан 20 пайыздық жарнаның тұрғын үй сертификатын беру қарасты­рыл­ған. Жалпы ел бойынша 33 серти­фикатқа 48 миллион теңге бөлінді. Сол сертификат­тардың бірі маған бұйырғанына қуаныштымын. Ал­дағы уақытта да “SENIM” ұйымы­ның арқасында көп­теген жас мамандардың тұрғын үй сертифика­ты­ның иесі болатынына сенімім зор.
Қазір жас дәрігерлердің біліктілігі­не күмәнмен қарап, сотқа сүйреп жатқандар бар. Мұндай жағдайда қыз-жігіттер адвокаттардың қызметіне жүгініп, біраз шығында­латыны мәлім. Осы орайда, “SENIM” адвокаттардың қызметі үшін де қаржы қарас­ты­ра­тынын атап айтқан жөн. Бұл да дәрі­­гер­лер үшін үлкен көмек.
Кәсіподақ қыз-жігіттерге қара­пайым еңбек адамдарының жетіс­тіктерін көрсетіп, жас мамандардың ауылда жұмыс істеулеріне түрткі болуда. Жуырда кәсіподақ қызметкерлерінің ұйымдасты­руымен Есіл ауданындағы Покровка ауылында “Жас келсе – іске!” атты ауылдың еңбекші жастарының рес­публикалық форумы өтті. Кейінгі толқынның көкейкесті мәселелерін анықтау, еңбек құқықтарын үйрету және олардың өмірлік ұстанымын қалыптастыру мақсатын көздеген шараға қатысудың бақыты маған да бұйырды. Сол форумда Уәлиханов ауданындағы “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығы­ның бақташысы Рауан Бралин ауылдардың болашағы жастар­дың қолында екенін айтты. Іскер азамат ауылдың қара жолын қаланың асфальтына айырбастағысы келмейді. Өйткені, аталмыш шаруа қожалығында ла­йықты еңбекақы алып, отбасын қатарынан қалдырмай асырап отыр. Төгілген тердің өтеуі – өткен жылдың соңында ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен марапат­талды. Ол форумға жиналған жастарға ауылда да лайықты өмір сүруге болатындығын дәттеді.
Шынымен де, кіндік қаның там­ған ауылда жұмыс істеп, оның тү­леуіне үлес қосу мақтан тұтарлық іс емес пе?!

Мұрат ҚАСЫМОВ,
“SENIM” Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp