«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЗІНДЕЙ КӨРІП, САҚТАП КЕЛЕМІН…

Қабырғада ілулі тұрған көне қара домбыраға көзім түссе, әкемнің биік парасатты тұлғасы көз алдыма келеді. Ел тарихында қанқұйлы ізін қалдырған сұрапыл соғыс жайында тіл қату әкеме қашан да ауыр тиетін. Сондықтан болар, әкеміз сырласын да, мұңдасын да осы домбыраның қос ішегінен іздейтін еді.

Миллиондаған майдангерлер қатарында мыңдаған қазақстандықтар да соғысқа аттанса, елде қалған қарттар, әйел­дер мен балалар тылда жан аямай еңбек етті. Солардың ішінде менің әкем Нұрхан мен анам Нұрғиза да Жеңіс күнінің жақындауына өз үлестерін қосқан қадірлі жандар еді.

Соғыс жылдарынан кейін дүниеге келген біздер майдангер әкемнің, тыл қиындықтарын бастан кешкен анамның өз ауыздарынан қанды қырғын нәубетті, мойымаған халық ерлігі мен бейнетін, жығылмаған биік рухын естіп өстік. Бүгінде олардың өздері ортамызда жоқ. Тек олардың айтқан сөздері жадымызда сайрап тұр.

1906 жылдың 25 қазанында Жамбыл ауданының Жаңажол ауылында дүниеге келген әкем Нұрхан Жуанышбайұлы ауылда молдадан арабша хат танып, Қызылжарда мұғалімдер даярлайтын техникумда білім алыпты. Содан кейін Семейде 1 жылдық курсты тамамдаған. 1932-1956 жылдары ағарту қызметінде жұмыс істеп, аудандық комитетте нұсқаушы болыпты.

Ол 1942 жылдың 18 мамырында әскер қатарына шақырылады. Челябі облысындағы Шұбаркөл қаласында екі айлық курстан өткен соң Ленинград майданына аттанған. 24-ші атқыштар полкінде, 9-шы ротаның саяси жетекшісі міндетін атқарған. Волховстрой ұрысында жеңіл жараланып, емделіп қайта қатарға қосылған әкем кейін 21 рет шайқасқа қатысқан екен.

Калинин қаласынан келетін темір жол жау қолында болатын. Бұл маңызды стратегиялық қатынас жолын қорғап қалу үшін сол жерде сұрапыл шайқас басталып, осы шайқаста әкем ауыр жарақат алған. Госпитальда 6 ай емделіп, 1943 жылы 15 мамырда екі балдақпен елге оралған. Кейін “Германияны жеңгені үшін” медалімен, Жеңістің мерейтойлық наградаларымен, “Отан соғысы” орденімен марапатталды.

Балдақтарына сүйеніп жүріп, мұғалімдік еткен әкеміз 1947 жылы анамыз Нұрғиза Қариқызына үйленіп, 8 бала сүйді. Әрбіріміздің басымыздан сипап, мейірлене иіскейтін әкем: “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Тату болыңдар!” – деп айтудан жалықпайтын. Оның тағылымды сөздері өмірімізге мәң­гілік азық, тірлігімізге таусылмас тамызық болып келеді.

Жайдары мінезді, салмақты, сөй­легенде ойланып-толғанып, сөз­дің майын тамызатын, аспай-саспай, сөздің тоқетерін айтып, адам­ды өзіне тартып тұратын әкеміз соғыс жайлы тіс жарғысы келмейтін. Теледидардан соғыс жайында фильм көрсетіліп жатса, сылти басып, орнынан тұрып кететін. Сол уақыттары тәнінің жарасына жан жарасы қосылып, ауырсынушы еді. Асқар тауымыз – әкеміз 1990 жылы үш-ақ күн ауырып, қайтыс болды.

Әкеміз әкелік жолдың биігінен көрінсе, анамыз Нұрғиза даналығымен қадірлі болды. Екеуінің өзара сыйластығы ерекше еді. Анамыз 87 жасқа қараған шағында бақилық болды.

Құдайға шүкір, екеуі де балаларының түтін түтетіп, өсіп-өнгенін, ата-ана тілегінің үдесінен шыққанын көре алды. Қазір әкеміздің көзі жоқ болса да, әлі күнге дейін қара шаңырағымыздың төрінде оның ғазиз рухы – қара домбырада тұрғандай. Ол кісі біздің ісімізге, жүріс-тұры­сымызға, сөзімізге әдетінше қалт жібермей баға беріп отырғандай сезініп, босасақ – қайраттанамыз, тасы­сақ – басыламыз. Мұның өзі әке тәрбиесінің мықтылы­ғынан ғой деп ойлаймын. Рухтың мәңгілігі дейтін осы болар.

Самал НҰРХАНҚЫЗЫ,

Жаңажол ауылының тұрғыны.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp