«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКЕЙДЕГІНІ ДӨП БАСТЫ

Әлемдік экономика дағдарысы біздің елімізді де айналып өтпеді. Сондықтан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында экономикамызды одан әрі дамыту мәселесіне баса назар аударды.

Қазақстан экономикасы шикізат аясында шектелмей, заман талабына сай бәсекеге қабілетті, ашық болуы керек. Елбасының бұл реттегі ұсынысы мемлекетіміздің әлемнің алдыңғы қатарлы озық 30 елінің құрамына еніп, алға қадам жасауына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қаржылық мәселені де реттеуге көмектеседі.

Президент Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Мемлекеттер арасындағы келісім негізінде шетел инвестициясын тарту, елімізден тыс жерлерде сақтаулы жеке қаражат қорларына рақымшылық ету, ұлттық қор құру, салық салу, жаңа өндіріс нысандарын ашу, тағы басқалар еліміздің қаржылық мәселелерін шешуге берік негіз болмақ.  

Қазақстан – әлеуметтік жағынан бағдарланған қоғам, онда егде жастағы адамдар, аналар, балалар, жастар – барлығы ерекше қамқорлыққа бөленген. Экономикалық қайта құру жағдайында қазақстандықтардың әлжуаз тобына баса мән беріледі. Елбасының: “Еңбек етпеген адам мемлекеттен көмек күтпеуі керек”, – деген пікірі дені сау, жұмыс істегісі келетін, мамандық алуға мүмкіндігі бар адамдарға қатысты өте орынды айтылған.

“Көрпеңе қарай көсіл” демекші, Мемлекет басшысы әр қазақстандықты тапқан табысына сай өмір сүруге шақырды. Соның ішінде жекешелендіру, нарықтық экономика аясындағы бағаның қалыптасуы, тағы басқа бағдарламалық міндеттер түбегейлі маңызға ие. Елбасының әр сөзінен еліне деген сүйіспеншілік, болашаққа қамқорлықты сезінбеу мүмкін емес. Жолдау қазақстандықтардың көкейінде жүрген көптеген сауалдарды дөп басты. Қазақстанның ішкі саяси бағыты әрқайсымыздың бойымызда мақтаныш сезімін оятып, болашаққа сенімімізді арттырды. Ұстаздар мемлекет саясатын қолдай отырып, алдымызға қойылған мақсаттарды лайықты атқаратын болады. Еліміздің болашағының жарқын болуына әркім өз үлесін қосып, бар қабілеті мен күшін арнайтынына сенім мол.

Нина ЗАИТОВА,

Бірінші гимназияның мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp