Көктемгі егісті уақытылы және сапалы жүргізу – Үкіметтің тұрақты бақылауындағы мәселенің бірі. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс пен вегетациялық кезеңді өткізу шарасы қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің есебі тыңдалды. Өңір басшысы атап өткендей, биыл 4,4 млн. гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары себіледі, оның ішінде дәнді дақылдар – 3,3 млн., майлы дақылдар – 760 мың гектар. Әртараптандыру аясында майлы дақылдардың көлемі 85 мың гектарға ұлғайтылады.
Бүгінгі таңда 274,5 мың тонна тыңайтқышқа немесе жоспардың 82,3 пайызына келісімшарт жасалды. 470 мың тонна кондициялық тұқым бар. 52,6 мың тонна элиталық тұқым сатып алынды. Сортты жаңарту – 11,2 пайыз. 52,2 мың тонна дизель отыны бөлінді.
«Жауапты науқанды ұйымшылдықпен әрі сапалы атқару үшін 12,3 мың бірлік техника жұмылдырылады, олар толық дайын. Ерте қаржыландырудың арқасында диқандар егін егуге күні бұрын әзірленді. «Кең дала – 1 және 2» бағдарламалары шеңберінде 70 млрд. теңге бағытталады. Өткен жылға қарыздар бойынша берешек жоқ. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 11,2 млрд. теңге, форвардтық сатып алуға 7,4 млрд. теңге бөлінді», – деді өз сөзінде өңір басшысы.
Сондай-ақ көктемнің басында қар жамылғысының ерте еруі және топырақта жылылықтың тұрақты жиналуы бұршақ пен майлы дақылды ерте себуге қолайлы жағдай туғызып отыр. Бұл оңтайлы агротехникалық мерзімге сәйкес келеді.
Жалпы биыл елімізде егіс алқабы 23,7 млн. гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға көп. Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылын әртараптандыруға жүйелі жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде 2 жылда бидай алқабы 750 мың гектарға қысқарды.
Көктемгі ауа райының қалыптан тыс жылы болуына байланысты биылғы вегетациялық кезең жылдағыдан 20 күнге ерте басталды. Биылғы ерекшеліктің бірі – вегетация алдында топырақ ылғалының жеткіліксіздігі. Бұл фактор оңтүстік өңірдегі су шаруашылығы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Үстіңгі қабаттағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктің суға қажеттілігі 50 пайызға артты. Бұл алдағы айларда су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында министрлік өткен жылдың қазан айынан бастап вегетацияаралық кезең мен көктемгі тасқын кезінде жалпы көлемі 15,7 млрд. м³ суды көлдік жүйелер мен жайылымдық және шабындық алқаптарға бағыттау жұмыстарын жүргізді. Бұл іс-шаралар аймақтардың экологиялық жағдайына оң әсерін тигізері сөзсіз.
Қазгидрометтің мәліметі бойынша, алдағы вегетация маусымы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жауын-шашын тапшылығы жағдайында өтеді.
– Жауын-шашын негізінен көпжылдық нормалар шегінде болжанып отыр. Тек қиыр солтүстік-батыста, солтүстікте, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста жауын-шашын нормадан көптеу жауады. Тамыз бен қыркүйек айы егіннің пісуі және оны жинау жұмысына қолайлы болады, – деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Үкімет басшысының айтуынша егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша бекітілген жоспарлар іске асырылуы қажет. Міндеттердің толық кешені минералды тыңайтқыштарды уақтылы салу мен өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдануды қоса алғанда, агротехнологиялық шарттардың қатаң сақталуын талап етеді. Алайда, тыңайтқыштарды салу көлемі әлі де болса, ғылыми дәлелденген қажеттіліктен анағұрлым аз болып отыр.
«Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы министрліктеріне диқандарды жеткілікті көлемде қолжетімді тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмысты үйлестіруді тапсырамын», – деген Премьер-министр, белгіленген көлемде арзандатылған дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі ерекше назар аударуды талап ететінін қадап айтты.
Көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын жүргізуге 700 миллиард теңге, жеңілдетілген лизинг бағдарламаларына 200 миллиард теңге бөлінді. Бұл ретте қаржыландыру тек қана тиімді әрі адал өндірушілерге берілгені дұрыс. Премьер-министр әкімдіктерге бюджет қаражатының мақсатты әрі ұтымды пайдаға асуына тұрақты мониторингті жүргізуді тапсырып, диқандарды қажетті су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесінің маңызы зор екенін айтты.
Тиісті шараларды алдын ала қабылдау қажет екенін айтқан Үкімет басшысы, бірінші кезекте Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірге, өтінімдерді қарау рәсімдерін оңтайландыру мен диқандарды барынша қамти отырып, жеңілдетілген қаржыландыруды ашық ұсынуды қамтамасыз етуі қажет екеніне тоқталды.
Премьер-министрдің айтуынша, су тапшылығы қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды көздеу қажет. Сондай-ақ диқандардың тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшуін ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін іске асырған жөн. Сонымен қатар жедел әрекет ету үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі метеоболжамдарды уақытылы ұсынуды қамтамасыз етуге тиіс.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».