“Қазақ саңыраулар қоғамы” сексен жылдық мерейтойын атап өтуде. Қалалық Мәдениет үйінде өткен шарада қоғамның белсенді мүшелеріне сый-сияпат жасалды.
Салтанатты шарада өнер көрсеткен “Sensative” би ансамблі – өңір сахналарын ғана емес, республика мен шетелдерге танылған топ. Олар Ресей, Италия, Болгария сияқты елдерде өнер көрсетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған. Бір қарағанда жасөспірімдердің өзгелерден еш айырмашылығы жоқ. Алайда, балалардың құлағының мүкісі бар. Сондықтан ойларын ым-ишарамен жеткізеді.
Сондай-ақ, шара барысында “Қазақ саңыраулар қоғамының” белсенді мүшелері қала басшысы Марат Тасмағанбетовтің марапатына ие болды. Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат директоры Жангелді Тәжин Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрінің Құрмет грамотасын иеленді.
– Балаларымыз тәрбиелі, тәртіпті, дарынды. Мұның барлығы – мектеп мұғалімдері, тәрбиешілер мен ата-аналар қауымының жұмысының жемісі. Интернатымызда сабақтан тыс үйірмелер бар. Оқушылар футбол, би, ыммен ән айтуға белсене қатысады, – дейді есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернат психологі Назым Тәліпова.
860 мүшесі бар “Қазақ саңыраулар қоғамы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрайымы Ғалия Жәкенованың айтуынша, кембағал жандарды барынша жұмыспен қамтып, қоғамға бейімдеуге тырысады.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.