Өткен жылы көлік прокуратурасының араласуымен осы саладағы 100-ге жуық жұмысшының 57 миллион теңгеден астам жалақы қарызы қайтарылыпты. Сонымен қатар, айыптаушы органның актісімен 102 тұлға жауапкершілікке тартылған. Прокурорлардың қадағалауымен экология қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 27 миллион теңге шығын мемлекет қазынасына қайтарылған екен. Бұл жөнінде облыстық көлік прокуроры Нұрболат Қатуов журналистердің қатысуымен өткен брифингте айтты. Әсіресе, жұмысшыларға еңбекақы бойынша халықаралық Петропавл әуежайы жиі қарыз болатын көрінеді.
Прокурордың айтуынша, өткен жылы көлік саласында заңдылықтардың сақталуын нығайту мақсатында атқарылған жұмыстар өз нәтижесін берген. Темір жолдар мен көлік жолдарындағы оқыс оқиғалар 18-ден 8-ге дейін азайған. Атап айтар болсақ, “Қауіпсіз пойыз”, “Қауіпсіз вокзал”, “Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік”, “Қауіпсіз балалық шақ”, “Демалыс”, “Балалар түнгі қалада”, тағы да басқа рейдтік шаралар барысында жолаушылар мен жастарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі екен. Былтыр белгіленбеген жерде пойыз жолын кесіп өтпек болған 2500-ге жуық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сол сияқты, салық заңнамаларын бұзуға қатысты кемшіліктерді жою бағытында да біраз жұмыс атқарылған. Айыптаушы органның әрекет ету актісі бойынша салық департаментімен “СевКазЭнерго” серіктестігінен қоршаған ортаға нормативтен тыс зиян келтіргені үшін 3 миллион теңге мемлекет қазынасына өндіріліп алынды. Өзге салық төлеушілерден 11 миллион теңге көлеміндегі қарыз қайтарылды. Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінен сотталғандардың моральдық және материалдық шығындарының орнын толтыру үшін ел қазынасына құйылған 1 миллион теңгеден астам қаржы айыптаушы орган мамандарының талабымен кінәлі полицейлерден өндірілді.
Былтыр “Ақниет-БН” серіктестігі мұнай құбырына гидробақылау жүргізу барысында еліміздің қолданыстағы заңнама талаптарын бұзуға жол бергенін де прокуратура қызметкерлері анықтап, олардың арнайы ұсынысымен кәсіпорыннан 1 миллион теңгеден астам шығын өндіріліп алынды.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.