«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨМІР ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

Алты ай қыста от жағып, үй жылыту үшін облыс халқына 410,8 мың тонна көмір қажет. Қазір бұл қажеттіліктің 335 мың тоннасы жеткізіліп, тұрғындар қысқы отынмен 82 пайызға қамтылып отыр.

Облыстық энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Айдархан Мусиннің айтуынша, бүгінгі күні өңірдің көмір нарығындағы жағдай тұрақтанған. Көмір тапшылығы жоқ, кен орындарынан тасымалданып жатқан отын қоры жеткілікті.

– Бүгіндері облыстың барлық әлеуметтік нысандары көмірмен толықтай қамтамасыз етілген және қорда 27,6 мың тонна көмір бар. Солтүстікқазақстандықтардың көмірге деген сұранысы – 74,9 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде өңір бойынша көмірді тұтынушыға жеткізіп берумен айналысатын кәсіпкерлердің темір жол тұйықтары мен қоймаларына 74 вагон қара алтын жеткізілді. Жақын арада тағы 208 вагон көмір келеді. Қазіргі уақытта Ақжар мен Шал ақын аудандары қатты отынмен толық қамтылып, сәйкесінше, 18 мың және 8,5 мың тонна көмір қоры жиналған. Әзірге Уәлиханов ауданы көмір қорын жинау бойынша көш соңында келеді. Бұл ауданға қажетті 20,6 мың тоннаның тек 10,7 мыңы жеткізіліп, жоспар 52 пайызға орындалды, – дейді Айдархан Балтабайұлы.

Соңғы дерек бойынша, көмірді аса көп қажет ететін Петропавл қаласының тұрғындары қыс бойы 40 мың тонна көмір жағады. Облыс орталығында халыққа көмір сатып отырған “Отын LTD”, “Уголь Норд” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен “Турдыоглы” жеке кәсіпкерлігінің қоймаларында көмір еш кедергісіз сатылып жатыр. Ал жалпы облысымызда қатты отынды өткізумен айналысатын темір жол тұйықтарына 37 вагон көмір жеткізілсе, 83 вагон көмір жолда келе жатыр.

Тас көмірге деген тапшылық жоқ болғанымен, облыста оның бағасы 15-20 пайызға қымбаттап кеткен. Мәселен, Екібастұз көмірінің бір тоннасы 8 мың теңгеден, майқұдықтікі 10,2 мың теңгеден, майкөбені 12,5 мың теңгеден, қаражараныкі 14 мың теңгеден, “Богатырь” кен орныкі 8 мың теңгеден, сарадырдікі 7 мың теңгеден, ал “Шұбаркөл” кен орнынан жеткізілген көмір 13,3 мың теңгеден сатылуда. Көмірдің бұлайша қымбаттауына, ең алдымен, темір жол тасымалы қызметі бағасының көтерілуі әсерін тигізіп отыр екен.

Соңғы мәлімет бойынша, тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етуге байланысты ешқандай қиындық жоқ. Облыс әкімдігі көмірді қоймаға тасымалдап, бөлуші кәсіпкерлермен, көмір кеніштері, “Қазақстан темір жолы” АҚ-ы өкілдерімен ортақ келісімге келген болатын. Бүгіндері облыстық энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасы көмір тасымалының жағдайын күнделікті бақылауға алған.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp