«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨППЕН КӨРГЕН ҰЛЫ ТОЙ

Біз тойшыл халықпыз ғой. “Бұдан жаман күнімде де тойға барғанмын”, – деп сөйлейді қазекем. Ал сол тойларымыз кеше қалай өткізілуші еді және бүгін қалай өткізіліп жүр? Мысал үшін, ата-аналардың ең үлкен қуаныштары – ержеткен ұлдарын үйлендіру, бой жеткен қыздарын ұзату тойларын алайық.

Кеңес заманында ауылда екі жастың шаңырақ құру тойы қыста кеңшардың асханасында немесе кеңірек үйлердің бірінде жасалатын. Ал жазда тойлы үйдің жанынан іші атшаптырым шатыр тігілетін. Қолдан-қолға өтіп, талай тойдың куәсі болған сондай шатырдың жыртықтарынан жаңбырлы кеште су сорғалап ағып, тойшы қауымды әлекке түсіріп те жататын… Жас жұбайлардың некелерін қиғызу үшін азаматтық хал актілерін тіркеу орны – “АХАТ”-қа апарып-әкелуге сол кездің көз қызықтыратын, тайпалған “темір тұлпары” – “Волга” автомобилі түгіл, желдей жүйткитін жорға – “Жигулиді” табудың өзі де оңай емес тұғын. Дастарқан мәзірі де қазіргіден әлдеқайда жұпынылау болатын. Ал қазір ауылдағы талай ағайындарымыз балаларының үйлену тойларын ауылда емес, аудан орталығындағы немесе Петропавл мен Көкшетау қалаларындағы мейрамханалар мен дәмханаларда өткізуге көшіп алыпты. Ал жас жұбайларды “АХАТ” пен мешітке апарып, ресми және діни неке қию рәсімдерін өткізуге, сосын оларды қала ішінде қыдыртуға “Жигули” түгіл, “Волга” да “жарамай” қалып, жалдау ақысының “қауып алатын” қымбаттығына қарамастан, ұзындығы есік пен төрдей, түсі сүттей ақ, шетелдік лимузин жалдап жүрміз. Той дастарқанына құстың сүтінен басқасының бәрін қойып, “Тойбастар” деген жаңа дәстүр де шығарып алып, асабалар мен әнші-бишілерге де аянбай шашылатын, тіпті, той өткізу үшін миллиондаған теңге кредит алып, тыраштанатын болдық. Петропавл қаласында қазір екі жүзден астам мейрамхана мен дәмхана бар көрінеді. Алайда, әсіресе, жұма-сенбі күндері солардың ешқайсысы бос болмайды: кілең қазақ ағайындар думандатып той жасап жатады. “Кедей бай болам дейді, бай Құдай болам дейді” демекші, қалтасындағы мол ақшаның “буымен” танауларын көкке көтеріп, талтаңдай басып жүрген қайсыбір ағайындар ақшаларын аямай шашатын әйгілі алпауыттардан қалысқылары келмей, балаларының үйлену тойларын Түркия сияқты шетелдік курорттарда өткізетін болыпты…

Міне, сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауындағы: “Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты. Біз бәріміз бірге көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік. Біздің халқымыз бұған дейін ешқашан бүгінгідей жақсы өмір сүрген емес”, – деген сөздері көз алдымызда адам танымастай өзгерген өмір шындығы екендігіне шәк келтіру қиын.

Адам жаратылысы солай – жақсылыққа тоймайсың, ертеңгі күн бүгінгіден де жақсырақ бола түссе екен деп тілейсің, ал күні кеше бастан кешкен мехнатты, көрген қиындықты есіңе алғың да келмейді. Азаттық таңы енді ғана атқан елең-алаң шақта, күйреген Кеңес Одағының қирандысында жеке шаңырақ көтерген жас, тәуелсіз еліміз экономикалық дағдарыс қыспағында қалғанда қандай хал кешкенімізді жадымызға түсірсек, біз – бүгінде самайларын ақ қырау шалған аға ұрпақ өкілдері Алла Тағалаға тәубе айтпай қоймаймыз. Сондықтан да бүгінде көшеде аяқ астында жататын ас атасы – нанды көрсек, обалсынып, еңкейіп, қолымызбен көтеріп алып, биіктеу жерге қойып жүреміз. Сол қасиетті тағамды қадірлемей, лақтырып тастап кеткен кейінгі ұрпақ өкілдерінің тәрбиесінің кемдігіне налимыз. Бүгінгі заманның адамы түгіл, көше кезген бұралқы иттері мен мысықтары да нанды менсінбейтін масқара мінезге көшкенін көріп, жанымыз түршігіп: “Осындай асылығымызды кешіре гөр!..” – деп Жаратушы иеге іштей жалбарынамыз. Бұған қоса, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жылу мен жарыққа жарымай, қаладағы салқын пәтерімізде тоңып-жаурап, қараңғыда қамығып отырғанымызды естен шығармағандықтан, қазір күндізгі жарық мезгілде текке жанып тұрған электр шамдарын көрсек, ерінбей барып сөндіріп жүреміз. Мұнымызды кейбір жастар сараңдыққа балап, жақтырмаған сыңай танытып, қабақтарын тыржитып жатады…

Дана халқымыз: “Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады”, – дейді. Өйткені, сарқылмайтын көл, таусылмайтын байлық жоқ. Оның үстіне заман құбылып тұр. Елбасымыз келесі жылға арналған кезекті Жолдауында атап айтқанындай, “көрпеге қарап көсілетін” кез туды. Және бұл жалғыз біздің елдің басындағы жағдай емес, дүниежүзін жаппай қамту сипатына ие жаһандық дағдарыс болып табылады. “Қара алтынға” баланған мұнайдың және басқа да экспорттық өнімдеріміздің бағасының күрт құлдырауы, жетекші державалар арасындағы санкциялар “соғысы” қасиетті қарашаңырағымыз – Қазақстанымызға да салқынын тигізбей қоймады. Ел қазынасына түсетін қаржы көлемі елеулі мөлшерде кеміп кетті. Сондықтан да осыған дейінгі аста-төк ысырапшылдығымызды тыймасақ, кейін бармағымызды тістеп, өкініп қалуымыз ықтимал. Тойшылдықтан ойшылдыққа қарай ойысатын күн туды.

Бұл орайда кейінгі кезде біздің Қызылжар өңірінде оң өзгерістер барлығы байқалады. Баяғыдай тарихи тұлғалардың мерейтойларында Астана мен Алматы қалаларынан және облыстардан кемінде отыз-қырық қонақ шақырып, аудандарға киіз үйлер тіккізіп, ай далада сахна құрғызып, айтыс өткізіп, ат шаптырып, оңды-солды шашылу тыйылды. Ал осындай шараларды өткізуде темірдей тәртіп орнатамыз десек, әлі де көп болып ойланарлық жайттар бары анық. Мәселен, алашқа танымал ақын-жазушылардан да, ғұлама ғалымдардан да, ел билеуге араласқан қайраткер тұлғалардан да кенде емес біздің Қызылжар өңірінде атақты да ардақты жерлестеріміздің ірілі-ұсақты мерейтойларының қайсысын қалай, қандай дәрежеде атап өту қажеттігін Үкіметтің тиісті қаулысына сүйеніп, нақты айқындап, бұлжытпай ұстанар қағидат ретінде белгілеп алсақ, артықтық етпесі анық. Бұл мәселе алдағы уақытта облыс әкімдігі жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші, байқаушы орган – Қоғамдық кеңестің қарауына енгізілсе, құба-құп.

“Күндерде сонау қара тапсырған ел

Тағдырын Абылайдай данасына”, –

деп ұлы Мағжан ақын жырлағандай, осынау алмағайып заманда халқымыз өз тағдырын сеніп тапсырған Елбасымыздың көрегендігінің арқасында Тәуелсіздік жылдарында талай тар жол, тайғақ кешуден сүрінбей, алға аршынды қадам басып, көк байрағымызды көкке желбіретіп өттік. Қазіргі қилы кезеңнен де абыроймен өтетінімізге сеніміміз кәміл. Өйткені, жаһандық дағдарыс Мәңгілік Ел болуға бастаған нұрлы жолымызға бөгесін жасап жатқанымен, кезінде жас мемлекетіміздің келешегін ойлаған кемел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлік бастамасымен құрылған Ұлттық қорымыз тағы да сын сағатта “қауіпсіздік жастықшасы” рөлін атқарып, бұдан әрі де еш іркілмей, орнықты дамуымызға мықты негіз болып тұр. Әлемдегі талай елдер қаржы тапшылығынан әлеуметтік бағдарламаларын қысқартып жатқан қазіргі кезде біздің Елбасымыз өз Жолдауында келесі жылдан бастап мұғалімдер мен дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің, “Б” корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақылары, зейнеткерлердің зейнетақылары, студенттердің стипендиялары және әлеуметтік жәрдемақылар елеулі мөлшерде көбейтілетіндігін жария етті. Бұған қоса, 2017 жылдан бастап баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып, “екі қолына бір күрек” таппай жүргендерге оңтайлы мүмкіндік туғызылмақшы. Мұның бәрі – ел қамын жеген Ері және “бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып”, ортақ мақсатқа жұмылған дана халқы бар, қазынасы мол, әлеуеті зор тәуелсіз мемлекетіміздің ғана қолынан келіп отырған, досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндіретін игіліктер.

Көне грек аңызындағы феникс атты ғажайып құс сияқты, ақиық Жұбан ақынның сөзімен айтқанда, “мың өліп, мың тірілген”, жаны сірі де ойшыл, қанағатшыл қазақта “Көппен көрген ұлы той” деген мағынасы терең сөз бар. Бағзы заманда тұлпарларының тұяқтарының дүбірі төрткіл дүниені түгел тітіреткен Тоныкөк пен Күлтегін сынды даңқты бабаларымыздың аманаттарына адалдық танытып, Мәңгілік Ел болуды асыл мұрат, асқақ мақсат етіп отырған жеңімпаз да жасампаз алаш жұрты жадында жаңғыртып ұстайтын, ұлағатты ұғым бұл. Темірқазық жұлдыздай жаңылдырмас айқын бағыты, көш бастаған көреген көшбасшысы, көпэтносты болғанымен, бір атаның балаларындай жарасқан ынтымақшыл халқы бар егемен еліміз қазіргі жаһандық дағдарыстың қиындықтарын да ерлікпен еңсеріп, белестен белеске, асудан асуға аса беретіндігіне еш күмәніміз болмасын!

Кәрібай МҰСЫРМАН,

Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp