«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨПІР АШЫЛДЫ

Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан “Жас өркен” шағынауданындағы көпірдің сол жақ бөлігі бейсенбі күні ашылып, автокөліктер жүре бастады.

Көпірдің ашылуын қалалықтар ғана емес, бүкіл облыс тұрғындары күтті десек, артық айтқандық болмас. Өйткені, бұл автокөпірдің тұрғындар үшін маңызы зор. Үстіміздегі жылдың шілде айынан көпір арқылы жол қатынасы тоқтаған еді. Жұмысшы кенті арқылы айналып жүріп, жол азабын тартқан тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

“ҚазАвтоЖол” ҰК” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың айтуынша, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан көпірдің бір бөлігінің уақытынан бұрын ашылуы облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-ы басшылығы арасында жүрген келіссөздердің нәтижесінде мүмкін болған.

– Көпірдің сол жағымен жеңіл және жолаушы тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің жүруіне ғана рұқсат етілген. Нысан құрылысының толық аяқталмауына байланысты жүк көліктерінің барлық түріне жүруге тыйым салынған. Бұл талаптардың орындалуын мердігер компанияның жұмысшылары мен жергілікті тәртіп сақшылары қадағалайтын болады. Құрылыс жұмыстары барысында биылғы жылға бөлінген 900 млн. теңгенің 750 миллионы игерілді. Бүгіндері көпір бағандарын қалпына келтіру жұмыстарының 75 пайызы орындалды, – деді Болатбек Айтбаев.

Үстіміздегі жылы Ұлттық қордан бөлінген 1,2 млрд. теңге қаржы осыдан 58 жыл бұрын пайдалануға берілген көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстарына бағытталған. “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жұмысқа алматылық “Мостостроительный отряд №25 им. Рязанова” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 43 арнайы техникасы мен 90 қызметкері жұмылдырылған. Бүгіндері мердігер компания көпірдің сол жақ бөлігін жөндеуге кіріскен. Бұл жұмыстар желтоқсан айының соңына дейін жүргізіліп, келесі жылы жалғастырылатын болады. Сол жақ бөліктегі жұмыс толығымен аяқталғаннан кейін жоспарға сай құрылыс жұмыстары толығымен аяқталмақ.

– Ескі көпір толығымен жаңарады деуге болады. Көпірдің бұған дейінгі ұзындығы 58 метр болса, енді ол 80 метрге дейін ұзармақ. Ені де кеңейе түседі. Бұдан бөлек, маңызды нысанда электр қуатын үнемдегіш жарық-диодты шамдар орнатылып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін қорғаныс құралдарымен жабдықталады. Бұл Жамбыл көшесінде жүріп жатқан жаңғырту жұмыстарымен үйлесім таппақ, – дейді Болатбек Қабыланбекұлы.

Мердігер компания барлық жөндеу жұмыстарын 2018 жылы аяқтауды жоспарлап отыр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp