Қызылжар өңіріндегі шағын ауылдарда болған сайын алдымнан шығатын көкейкесті мәселе – сол елді мекендердің болашағы. Осы жөнінде жақында Үкіметке депутаттық сауал жолдауға тура келді.
“Nur Otan” партиясының XVIII съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан “Ауыл – ел бесігі” жобасының мақсаты – ауылдағы өмір сапасын жақсартып, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жаңғырту. Осы жобаның шеңберінде еліміздің 3561 тірек және серіктес ауылдары анықталып, тізбесі жасалған.
Болашағы бар ауылдық елді мекендер Ұлттық экономика министрлігі бекіткен өлшемшарттардың негізінде іріктелген. Аталмыш өлшемшарттарға сәйкес елдің өңірлері екі топқа бөлінген – халық тығыз қоныстанған (Түркістан, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда облыстары) және халық орташа қоныстанған облыстар (Атырау, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстары).
Алайда, біздің ойымызша, Ұлттық экономика министрлігі халық орташа қоныстанған өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерді жете ескермеген. Біріншіден, олар жұмыс күші артық және жұмыс күші тапшы өңірлер болып бөлінеді. Мысалы, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары сияқты халық орташа қоныстанған өңірлер жұмыс күші тапшы өңірлер болып табылмайды. Екіншіден, “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жұмыс күші тапшы өңірлерге (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары) халық тығыз қоныстанған облыстардың тұрғындары жоспарлы түрде, өз еріктерімен қоныс аударылуда. Үшіншіден, жұмыс күші тапшы кейбір өңірлердің (Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары) қолайсыз демографиялық жағдайын жақсарту мақсатында қоныс аударушыларға республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен тұрғын үйлер салынып жатыр, сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары іске асырылуда.
Жергілікті тұрғындардың көшіп кетуі жалғасып жатқан жұмыс күші тапшы өңірлер үшін тірек және серіктес ауылдық елді мекендерді анықтау өлшемшарттары тым жоғары.
Мысалы, аса көрнекті жазушы Ғабит Мүсірепов дүниеге келген Жамбыл ауданының Жаңажол ауылы жақын тірек ауылынан 65 шақырым қашықтықта орналасуы себепті серіктес елді мекен бола алмаған. Өйткені, болашағы бар елді мекендерді анықтау өлшемшарттары бойынша серіктес ауыл жақын тірек ауылдан 15 шақырымнан артық қашықтықта орналаспауға тиісті.
Шалғайдағы Уәлиханов ауданының Қулыкөл ауылы 1 мыңдай адам тұратын, әлеуметтік сала объектілері сақталған, кәсіпкерлігі дамып жатқан, жергілікті мектебінде 193 оқушы оқитын, өркендеп тұрған елді мекен болып табылады. Алайда, ол алыста орналасқандықтан (жақын тірек ауыл – аудан орталығынан 180 шақырым жерде), облыстық әкімдіктің тиісті өтінішінің барына қарамастан, болашағы бар ауылдар тізіміне қосылмаған.
“Елдің солтүстік қақпасы” болып саналатын біздің облыстағы 646 ауылдық елді мекеннің 307-сі ғана тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне қосылған. Бұл – Қызылжар өңіріндегі ауылдардың жартысынан астамының болашағы бұлыңғыр деген сөз.
Сонымен қатар тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесін жасаған кезде ауылдық округтер әкімдерінің, аудандар әкімдіктерінің, мәслихаттардың және қоғам өкілдерінің пікірлері үнемі ескеріле бермеген.
Осыған орай Үкіметтің қарауына мынадай ұсыныстарды енгіздік:
Біріншіден, елдегі жұмыс күші тапшы өңірлердің қолайсыз демографиялық жағдайын ескере отырып, “Ауылдық елді мекендерді айқындауға арналған өлшемшарттарды бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 қыркүйектегі №81 бұйрығын қайта қарау қажет. Жұмыс күші тапшы өңірлер үшін жеке өлшемшарттар жасаған жөн.
Екіншіден, ауылдық округтер әкімдерінің, аудандар әкімдіктерінің, мәслихаттардың және қоғам өкілдерінің пікірлерін ескере отырып, жұмыс күші тапшы өңірлердің, бірінші кезекте солтүстік облыстардың болашағы бар ауылдарының тізбесін кеңейту мүмкіндігін қарастыру керек.
Тағы бір айта кететін жайт, жуырда Мамлют ауданына қарасты Бостандық ауылында болғанымда осы шағын елді мекеннің тұрғындары өз ата-қоныстарының болашағына алаңдаушылық білдірген еді. Атап айтқанда, олар Бостандықтың болашағы бар тірек және серіктес ауылдық елді мекендер тізбесіне енгізілмей қалғандығына реніштерін жеткізгенді.
Астанаға оралысымен мен мәселенің мән-жайын анықтап білдім. Сөйтсем, бұл көкейкесті мәселе облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен оңынан шешілген болып шықты. Ұлттық экономика министрлігі берген тізбеде Бостандық ауылы серіктес ауылдық елді мекен ретінде көрсетіліпті. Тек осы жағымды жаңалықты Мамлют ауданының басшылары Бостандық ауылының тұрғындарына хабарлауды естен шығарған сияқты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында “Ауыл – ел бесігі” жобасын іске асыру одан әрі жалғастырылатындығын мәлімдеді. Бұл өзекті мәселе біздің – Парламент Мәжілісінің жанындағы “Nur Otan” партиясы фракциясы мүшелерінің ұдайы бақылауында болады.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Парламент Мәжілісінің депутаты,“Nur Otan” партиясы фракциясының мүшесі.