Қулыкөл ауылы – кіндік қаным тамған, балалық пен жастықтың қызықты күндері өткен аяулы мекенім. Зейнет жасына дейін ауылдағы шаруашылықта есепші болып қызмет атқардым. “Туған жердің түтіні де ыстық” дегендей, ауыл көркейсе, жаным жадырайды, жұтаса, көңілім құлазиды.
Заманның ағымына қарай бүгінде ауылымызда біраз абаттандыру жұмысы жүргізілуде. Биыл Қулыкөл ауылында көптен күткен балабақша ашылмақ. Бұл игі іске аудан әкімі Серікбай Тұралиновтың қолғабысы зор.
Алдыңғы жылдары Қулыкөл және Қарашілік ауылдарының маңы қоқысқа толып жататын еді. Бүгінде қоқыс полигоны тәртіпке келтірілді. Жолдың үсті көктем келсе, сумен шайылып, шұрық-тесік болып қалатын. Оған қиыршықтас төселіп, жол бойындағы белгілер сырланып, жолаушылардың жолы жеңілдеді. Елдің шетіндегі аялдамалар, спорт алаңы сырланды. Ауылдағы қоғамдық монша, кітапхана жұмысы жанданды.
Аудан орталығына бара қалсаң, ол да күннен-күнге гүлденіп келеді. Бүгінгі Талшық ауылына қарап, көңілің толады. Екіқабатты үйлер күрделі жөндеуден өтіп, орталықта демалатын орындар шамдармен безендірілген. Көше бойындағы жөндеуден өткен жаяу жүргіншілер жолы, гүлзарлар аудан орталығын көркейте түсуде.
“Елу жылда – ел жаңа” дегендей, ауданымызға жаңа басшы келгелі оң өзгерістер байқалады. Оған дәлел – жоғарыда көрсетілген толымды шаралар.
Аудан әкімдігі осы алған бағытымен елдің игілігі, халықтың әл-ауқаты үшін әрі қарай абыройлы қызметін жалғастыра береді деген сенімдемін.
Темірболат НҰРАХМЕТОВ,
еңбек ардагері.
Ақжар ауданы.