«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРМЕГЕ ЕРІКТІ БОЛЫП ҚАТЫСАМЫН

2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін елордада халықаралық “ЭКСПО – 2017” көрмесі өтеді. Бұл шара ел мәртебесін бұрынғыдан да биіктете түсері сөзсіз.

Еліміз үшін инфрақұрылым жобаларының рөлі маңызды. Мейманханалар мен мейрамханалардың, ойын-сауық орындарының салынуы еліміздегі туризм мен кәсіпкерліктің дамуына серпін берсе, бұл жергілікті экономика мен индустрияның нығаюына түрткі болмақ.

Астанадағы бұл үлкен халықаралық шараның өткізілуіне елдің түкпір-түкпірінен еріктілер жұмылдырылады. Әуелі “ерікті” деген кім, осыған тоқталайық. Ол – қоғамға пайдалы жұмыспен өз еркімен айналысып, бұл еңбегіне ешқандай еңбекақыны сұрамайтын адам. “ЭКСПО – 2017” көрмесіне ерікті болып 18-60 жас аралығындағы адамдар қатыса алады. Бүгіндері барлық еліміз бойынша дайындық шаралары қызу жүріп жатыр. Көрменің өткізілуіне көмектесетін еріктілер де іріктелді. Олардың басым бөлігі – жастар.

Келер жылы өңірімізден елордаға бір жүзден астам ерікті жіберілмек. Осы жерде оларды іріктеу өлшемдері қатал болғанын айта кеткім келеді. Бейне бір емтиханда отырғандай күй кешеді екенсің. Өткен жылдың күз мезгілінде басталған үміткерлерді іріктеу конкурсы жарты жылға созылды. Қатысушылар бұл уақытта үш емтиханнан өтіп, сыннан сүрінбегендері “ерікті” атанды. Конкурстың шарттары бойынша қатысушылар міндетті түрде қазақ және шетел тілдерін біліп, психологиялық сынақты жақсы тапсырулары тиісті болды. Осыған байланысты конкурсқа қатысуға келген әр адам сол жерде бар білімін ортаға салды. Өйткені, Қазақстанды әлемге әйгілер жаһандық көрмеге қатысу – әрбір жастың арманы. Еріктілерді таңдау қиынға соғып, ақырында жүзден жүйріктері ғана іріктеліп алынды. Мен – сол бағы жанғандардың бірімін.

Үстіміздегі жылдың тамыз айында Астанада еріктілердің жетекшілері мен көрменің үйлестірушілеріне арналған 24 сағаттық семинар-тренинг өтті. Бұл шараға біздің облыстан үш адам жіберілді. Мұнда бізді еріктіге жүктелетін міндеттермен егжей-тегжейлі таныстырды. Білгенімдей, “ЭКСПО – 2017” бүкіләлемдік көрмесінің түрлі форумдардан айырмашылығы ауқымының кеңдігінде екен. Оған әлемнің көптеген елінен туристер келіп, еріктілердің мойнына солармен тіл табысу, оларға бағыт-бағдар беру міндеттері жүктелмек.

Мен еріктілердің қатарына қосылғаныма қуаныштымын. Бүкіләлемдік көрмеге жан-жақты дайындалу үстіндемін. Мәселен, адамдармен тез тіл табыса алу, сабырлылық, жауапкершілік, көшбасшылық, кішіпейілдік сияқты асыл қасиеттерді бойыма сіңірдім. Көптеген ізгі ниетті адамдармен таныстым. Бұл әлі басы ғана. Ертеңдері елімізге әлемнің әр бұрышынан туристер ағылғанда, мүмкіндіктерімнің көкжиегі кеңейе түсері сөзсіз.

Бүгіндері қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі шаралардың өтуін еріктілерсіз елестету қиын. Олар сол жиындардың “іргетасы” десек те болады. Өйткені, еріктілер өз міндеттерін атқаруда жауапсыздық танытса, шараның тиісті дәрежеде өтуі екіталай. Біз “ЭКСПО – 2017” көрмесіне дайындала жүре көптеген іс-шаралардың өтуіне ықпал жасадық. Олардың ішіндегі ауқымдылары “Солтүстік Қазақстан облысының бірінші қайырымдылық балы” мен “Kyzylzhar Invest 2016” халықаралық инвестициялық форумы болды.

Ерікті болу – құнды тәжірибе. Меніңше, “ЭКСПО – 2017” көрмесі еліміздегі еріктілер қозғалысының дамуына жаңа серпін береді.

Наталья ПЕРМИНОВА,

М. Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp