Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауы елді бір серпілтіп тастағаны анық. Себебі, Президент Жолдауы – мемлекетіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын, халықтың алдына жаңа міндеттер қоятын жылдың басты құжаты болып табылады. Елбасының соңғы Жолдауы аса күрделі кезеңде жарияланды. Алпауыт елдердің текетіресі мен санкциялар алмасуы, халықаралық лаңкестіктің өрши түсуі, босқындар ағыны, шикізат бағасының арзандауы мен жетекші елдер экономикасы өсуінің баяулауы әлемдік экономиканы дағдарысқа әкелді. Қазақстан әлемдік экономиканың құрамдас бөлігі болғандықтан, біз де басқа елдер сияқты орын алып отырған осы үдерістердің қармағына ілініп отырмыз. Бұл – біз үшін жаңалық емес, саяси экономиканың заңдылығы.
Даму мен дағдарыс капиталистік экономикада алмасып отыратын заңдылық екені бұрыннан белгілі. Қазіргі дағдарысқа біз тәжірибе жинақтап, алдын ала дайындықпен келіп отырмыз. Елбасының тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқан еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында біз шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз. “Нұрлы Жол” мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы іске асырылуда. Бес институттық реформа мен “100 нақты қадам” Ұлт жоспары жүзеге асырыла бастады. Әлемдегі сын-қатерлерді талдап, алысты болжап, келешекте атқарылар істерді бүгінгі нақты жағдайлармен шебер ұштастыра білетін Елбасымыз өзінің Жолдауында кез келген дағдарысқа “өсім, реформалар, даму” қарсы тұра алатындығын атап көрсетіп, оны орындауға байланысты міндеттерге тоқталды. Осы бағытта 5 институттық реформа мен “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін қысқа мерзім ішінде көптеген заңдар қабылданды. Сол қабылданған заңдардың бірі – Азаматтық процессуалдық кодекс. Заң ғылымдарының кандидаты ретінде осы мәселеге кеңірек тоқталғым келеді.
Тәуелсіздік алған жылдар аясында Қазақстан Республикасының экономикалық және саяси өмірінде халықаралық қызығушылық пен беделге негіз болған бірталай ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Елімізде нарықтық қатынастар мейлінше дамып, жаңа қаржылық жүйе қалыптасты. Қоғамда мемлекет пен азаматтардың арасында жаңа қатынастар орнап, оны реттейтін тиісті заңдар қабылдау қажеттілігі туындады. Осы орайда, өткен жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Азаматтық процессуалдық кодексін осындай маңызды заңдардың қатарына жатқызуға болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялы түрде жаңа кодекске қол қойған кезде: “…аталған шара мемлекетіміз үшін, Қазақстанның әрбір азаматы үшін құжаттың орасан зор маңызы бар екендігімен байланысты. Бұл халыққа заңның мәнін жақсырақ жеткізуге мүмкіндік береді”, – деп атап көрсеткен еді. Себебі, қолданыстағы азаматтық істер жүргізу кодексі 1999 жылы қабылданғанын ескере отырып, қоғамда болып жатқан алға басушылықты басшылыққа алып, жаңа заң қабылдау қажеттілігі өзекті мәселе ретінде бағаланды.
“Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой” деп Әлихан Бөкейханов айтып кеткендей, кодекс қарапайым халық үшін жасалған. Жаңа кодекстің еліміздің әр азаматы білуге тиіс қандай тұстары бар? Жаңалығы қандай?
Кодекске енген басты өзгерістерге тоқталатын болсақ, олардың қатарына инвестициялық дауларды қараудың жаңа тәртібін, дау жан-жалды бітімгерлік жолмен шешуді, медиация институтының қызметін нығайту, сот істерін жүргізуге ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу және тағы да басқа өзгертулерді жатқызса болады. Қазір азаматтық істерге де қылмыстық істер сияқты “алғашқы талқылау” енгізілген. Тараптардың арыздарын, дәлелдемелерін, құжаттарын осы талқылауда жинақтап, негізгі сот талқылауына толықтай дайындау. Атап өтетін тағы бір өзгеріс – дауды бітімгершілік жолымен шешу. Мұнда дауды медиация тәртібімен реттеу немесе партисипативтік жолдармен шешу туралы айтылған. Егер сотта тараптар дауды не жанжалды партисипативтік рәсімдер тәртібімен адвокаттары арқылы реттейміз деп жатса, онда сот істі тоқтата тұрады. Берілген уақытта, адвокаттар өздері бір-бірімен келісіп, бір бітімге келуі мүмкін. Егер тараптар өзара бір бітімге келмесе, онда сот өз үкімін шығарады. Жалпы, бұл – Америка, Еуропа елдерінен келген тәжірибе. Ол жерде сот ісі ұзаққа созылатындықтан, партисипативтік тәсіл кең таралған.
Елбасының басшылығымен тәуелсіздік жылдары елімізде белсенді әлеуметтік саясат жүргізіліп келеді. Үкіметке үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанына дейін жұмыспен қамтудың жаңа жол картасын жасауды тапсырды. Ол елді мекендерді абаттандыруға, инфрақұрылымдарды дамыту жобалары арқылы жұмыссыздыққа жол бермеуге, кадрларды қысқа мерзімде қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Білім саласында көп жылдан бері қызмет етіп жүрген маман ретінде айтарым, біз дағдарыс кезінде де мемлекеттің қолдауын айырықша сезініп келеміз. Дағдарыс кезінде еңбекақы көтеру ешқандай елдің тарихында болмаған жайт шығар. Жолдауда берілген тапсырмаларға сай бюджеттік шығындарды қысқартып, оның есебінен бюджеттік сала мамандарының еңбекақылары көбейтілді. Жылдың басында біздің еңбекақымызға 10 пайыз қосылса, өзім еңбек етіп жүрген М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті де жаңа оқу жылынан бастап қызметкерлерінің еңбекақысын осынша пайызға ұлғайтты. Мұның барлығы мемлекеттің әлеуетінің арқасында жүзеге асырылуда. Осылайша, мемлекет қиын уақытта халқын ұмытпай, қолдау таныта білгендіктен, ел арасында дүрдараздық туындаған жоқ. Көпэтносты мемлекет болсақ та, елдің ертеңі үшін, болашақ ұрпақтың қамымен туындаған қиындықтарға шыдас беріп, алауыздыққа бой ұрмай, осы елдің азаматы ретінде міндетімізді орындап жүрміз. Өзім жетекшілік етіп отырған “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігі сияқты ұйымдар халыққа рухани бағдар беруде маңызды рөл атқарады. Осы бағытта біз қоғамдық бірлестіктің жұмысын 1 наурыз – Алғыс айту күнін атап өтумен бастап, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен аяқтамақпыз. Осы уақыт аралығында Президентіміздің сын сағатта елдің іргесін нығайтып, халықтың әлеуетін көтеруде берген тапсырмаларын қолдап, насихаттауда, қоғамның оң көзқарасын қалыптасыруда ауқымды жұмыстарды жүзеге асырдық. Бұл – елдің ертеңіне бей-жай қарамайтын әр адамның міндеті.
Гүлбақша МҰСАБАЕВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің доценті, заң ғылымдарының кандидаты,
“Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігінің төрайымы.