«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көңілге қонымды жаңа жоба

Қоғамда болатын түрлі заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған “Азаматтық бақылау” жобасы біздің облыста алғаш рет қолға алынды. “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының ұйытқы болуымен Достық үйінде аталған жоба жайлы қоғамдық тыңдау өткізілді.

Тыңдауға төрағалық еткен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев өз сөзінде заң шығарушылық органға қатысты ойларын ортаға салып, жемқорлыққа қарсы саясатты жастар арасында насихаттау мәселесіне кеңінен тоқталды. Әсіресе, “Азаматтық бақылау” жобасы аясында Еңбек кодексіне, тұрғын үй қатынастарына байланысты келіп түскен шағымдар мен атқарылған жұмыстарға қатысты пікірін ортаға салды.

– Бұл – азаматтық қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастырудың жаңа әдісі ретінде Елбасының қолдауын тапқан тың жоба. Мемлекеттік қызметтегі жемқорлық пен Әдеп кодексі талаптарының толық орындалуына қатысты толғандырған кез келген мәселені тұрғындар арнайы мамандарға айта алады. Оған үкіметтік емес ұйымдар да атсалысуда, – деді Ғалым Тұрсынбаев.

Жиында “Жас Отан” жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Мұса Танақұлов аталған жоба аясында “Таза сессия” акциясын жиірек ұйымдастыруды ұсынды. “Азаматтық бақылау” жобасы аясында аудандарда ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауларда тұрғындардан 71 арыз-шағым түскен. Алдағы уақытта тұрғындар тек жазбаша түрде ғана емес, әлеуметтік желі, сондай-ақ, “skype” арқылы кеңес алып немесе ұсыныстарын білдіретін болады.

Азаматтық тың­дау соңында қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, күн тәртібінде қаралған мәселе­лерге орай өздерінің ойларын жеткізді.

Жанаргүл МЕЙРАМ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp