28 қазан күні облыс орталығында “Өңір берекесі” деп аталған күзгі жәрмеңке өтті. Оған облысымыздың барлық аудандары мен Петропавл қаласының ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын агроқұрылымдары мен кәсіпорындары қатысты. Жәрмеңкеде барлығы 900 тонна болатын өнімдердің жүз шақты түрі саудаға қойылды.
Биылғы жылғы қорытынды ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде болған облыс әкімі Құмар Ақсақалов саудаға шығарылған тауарлардың бағаларына назар аударды.
Өңір басшысы әр ауданнан келген өкілдермен кездесіп, әңгімелесті.
Мамлют ауданынан келген жеке кәсіпкерлер Юлия Хайрудинова мен Сергей Жуков жәрмеңкеге сатуға жастықтар мен көрпелер әкеліпті. Олар кәсіпкерлік саласында 2014 жылдан бері жұмыс істейді екен. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды мүлт жібермеген еңбек адамдары бүгінгі таңда “Хайрудинов” жеке кәсіпкерлігін ашып, осы бағытта жұмыла жұмыс істеуде.
– 2017 жылы “Жол картасы” бағдарламасы аясында мемлекеттен 1 миллион 400 теңге несие алдық. Сапалы жұмыс істеп, аудан тұрғындарының көңілінен шығуға тырысамыз. Әзірге барлығы ойдағыдай жүріп жатыр. Тапсырыс берушілер саны арта түсуде, – деді Юлия Хайрудинова.
Астраханка ауылының тұрғыны Тамара Шамринская – жетпістің төріне шыққан ұстаз, аудандағы шеберлердің бірі. Он саусағынан өнер тамған зейнеткер жәрмеңкеге өз қолынан шыққан бұйымдарын әкелген. Түрлі түсті ұсақ тастарды үйлесімді етіп жапсырып істеген суреттер, тоқыма бас киімдер мен жейделер облыс әкімінің назарынан тыс қалмады.
Ол тоқумен бала кезінен айналысқан. Білгенін жастарға үйрету үшін ауылдағы қыздар мен келіндерді үйіне жинап, ине-жіптің қыр-сырына баулиды екен.
Жәрмеңкеге жиналған қалың қауыммен емен-жарқын сөйлескен өңір басшысы Құмар Ақсақалов тұрғындар жағынан түскен өтініш-ұсыныстарды ден қоя тыңдап, сұрақтарға тұшымды жауап берді. Қала тұрғынының бірі Булаево майының соңғы кезде сапасы түсіп кеткендігін айтып, ренішін жеткізді. Облыс әкімі бұл мәселені шешу үшін жауапты адамдарға тапсырма берді.
Айта кету керек, бұл күні саудаға шығарылған өнімдердің бағалары базарлармен салыстырғанда 20-30 пайызға төмен болды. Сондықтан шығар, келген адамдардың көптігінен Мағжан Жұмабаев көшесінің бойында ине шаншар жер болмады. Тұрғындардың көпшілігі осындай шараны ұйымдастырғаны үшін облыс әкіміне алғыс айтып, бұл дәстүр алдағы уақытта да жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді деген тілек-ниеттерін жеткізді.
– Осыдан бірнеше күн бұрын мен қала базарларын аралап, өнімдердің бағасын байқадым. Бүгінгі таңда баға қолжетімді. Базар басшылары сауда нүктелерін жалға алушылармен бірлесе жұмыс істеулері қажет. Бағаны себепсіз өсіруге жол бермейміз. Ал жәрмеңкенің өткізілуіне келер болсақ, алдағы уақытта ол шара әр апта сайын ұйымдастырылып тұратын болады. Және бұл тек өнімдерді сатуға бағытталған жәрмеңке ғана болмауы керек. Адамдарға рухани да азық керек. Сондықтан әр аудан бұл шараға тыңғылықты түрде дайындалып, оның өту барысына ерекшелік енгізуі тиіс. Безендіру жағына да көңіл бөлген жөн. Алдағы уақытта жәрмеңкенің ауқымын кеңейту жағын ойластырып жатырмыз, – деп атап өтті өңір басшысы.
Ет, картоп пен көкөніс, шұжық, сүт, балық, бал, ұн, макарон, нан-тоқаш және кондитер өнімдерімен қатар, мал жемі, шөп пен сабанның барлығы төмен бағаға сатылған жәрмеңке қала тұрғындарының көңілінен шықты.
“Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық” дегендей, қала тұрғыны Айсұлу Құрманова – жәрмеңкеге сағат тоғыз болмай келген көпшіліктің бірі. Ол жәрмеңкеде үш қап картоп, бір қап қырыққабат, ет және көкөніс сатып алған.
– Картоптың бағасы 65 теңге, ал қырыққабатты 50 теңгеден сатып алдық. Пияздың бағасы 60 теңге болса, сәбіздің бір килограмы 80 теңге. Бұл базардағы бағамен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Осындай жәрмеңкелерді жиі өткізіп тұру керек, – дейді тұтынушы.
Төмен бағаға көңілдері толған тұрғындар түске дейін сауда жасап, кейін облыс өнерпаздары қойған концерттік бағдарламаны тамашалады. Күннің суықтығын ескерген ұйымдастырушылар үлкендерге тегін шай, ыстық тамақ таратса, балалар дәмді тоқаштар мен тәтті кәмпиттер жеп мәре-сәре болып үйлеріне тарқасты.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.