Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтқанда, “Парасат” ордені Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловқа, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Саян Ахметжановқа, “Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті” РМК ректоры Такир Балықбаевқа, “ҚР Президентінің Телерадиокешені” КЕАҚ бас директоры Ерлан Бекхожинге, Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке, “Uniserv” ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Сәтбек Нұрғазыға және Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановқа берілді.
Ал “Құрмет” орденімен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, “Қазақ ұлттық хореография академиясы” КЕАҚ оқытушысы Людмила Макарцева, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Н.Тілендиев атындағы “Отырар сазы” академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің бас дирижері Динара Тілендиева марапатталды.
– Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі тәуелсіздік күнімен шын жүрегіммен құттықтаймын. Бұл егемен елімізді дүниежүзіне танытып, бар жақсылықтың бастауы болған қазақ үшін қасиетті мейрам. Біз 27 жыл бұрын азаттық жалауын желбіретіп, береке-бірлігіміздің арқасында мерейлі мемлекетке айналдық. Биыл тәуелсіздіктің символына айналған Астананың 20 жылдық мерейтойын абыроймен атап өттік, – деді салтанаты шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев.
“Akorda”.