Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков пен Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжинді қабылдады.
Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіне негізделген қазақ əліпбиінің соңғы жобасы қызу талқыланып, қоғам тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.
– Латын қарпіне негізделген қазақ əліпбиінің ұсынылған жобасын бекіту туралы Жарлық шығару қажет. Комиссия жұмысын аяқтады. Соңғы нұсқа жарияланды. Ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар жəне Қазақстан халқы Ассамлеясының өкілдері ортақ мəмілеге келді. Жалпы, қоғам қолдап отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы қазақ əліпбиін латын қарпіне кезең-кезеңмен жəне жүйелі түрде көшірудің маңыздылығына назар аударды.
Сонымен қатар Елбасына мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндалды.