«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЛАҢКЕСТІКПЕН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУ КЕРЕК

Қазіргі таңда әлемде болып жатқан геосаяси жағдайлар мен халықаралық лаңкестік қазақстандықтардың назарын еріксіз өзіне аударып отыр. Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-қимыл шараларын тұрғындар да қызу қолдауда. Біз Ұлттық қауіпсіздік комитеті Солтүстік Қазақстан облыстық департаментінің лаңкестікке қарсы орталық бөлімінің бастығы, ұлттық қауіпсіздік полковнигі Леонид Женжерден діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы атқарылып жатқан шаралар туралы айтып беруін сұраған едік.

– Леонид Евгеньевич, лаңкестікпен күрес бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Бір-бірімен тығыз байланысты лаңкестік және діни экстремизм біздің өңір үшін қаншалықты қауіпті?

– Иә, шынында да, лаңкестік пен діни экстремизм – өзара тығыз байланысты ұғымдар. Себебі, көптеген лаңкестік әрекеттерді радикалды діни экстремистік ұйымдардың мүшелері немесе діннің атын жамылып, діни идеялар үшін күрескен сыңай танытқан қылмыскерлер жасайды. Діни экстремизм дегеніміз – бұл діни өшпенділікті немесе алауыздықты қоздыру, оның ішінде зорлық-зомбылық көрсету немесе зорлық-зомбылыққа шақыру арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, денсаулығына, өміріне қауіп төндіру.

Діни экстремистік ұйымдар лаңкестікті насихаттаушы идеологтардың өз қатарына адам тартатын базасы және өздерінің қылмыстық әрекеттерін жасыру құралы болып табылады. Кез келген діни құрылым құқықтық шеңберден тыс әрекет жасайтын болса, яғни тіркелмесе немесе діни қатынаста басқа да заң бұзушылықтар болса конфессиялық бағытына қарамастан экстремизм қаупін төндіреді.

– Біздің облыста діни экстремизм фактілері орын алды ма?

– Облыс аумағында Қазақстан Республикасында үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынған халықаралық экстремистік ұйымдардың жақтаушылары анықталмады. Бұл – дер кезінде жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесі.

– Соңғы уақытта ислам фундаментализмі түсінігі туралы көп айтылып жүр? Барлық лаңкестік әрекеттерді Азия елдеріндегі оқиғалармен байланыстырудың себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұл – қате, әдейі бұрмаланған түсінік. Лаңкестікті нақты бір дінмен немесе ұлтпен байланыстыруға болмайды. Қазіргі лаңкестік бұл – халықаралық, жаһандық деңгейдегі құбылыс. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, лаңкестік XX ғасырдың 80-90-шы жылдары жергілікті бір жерге қатысты болатын, ал қазір ол универсалды феноменге айналды. Лаңкестіктің жаһандануы мен кең көлемде интернационалдануы – бұл дау туғызбайтын факт.

Соңғы бірнеше жылда лаңкестіктің белсенді эпицентрі Латын Америкасынан Жапония, Германия, Түркия, Испания, Италия елдеріне қарай ауысты. Англия мен Солтүстік Ирландияда “ИРА”, Испаниядағы “ЭТА” ұйымдары бір уақытта әртүрлі дәрежеде лаңкестік акциялар ұйымдастырды. Палестиналық және израильдік лаңкестердің белсенділік танытқан кездері болды.

Ал қазіргі уақытта Ирак пен Сирия аумағында “ДАИШ” ұйымы жұмыс істеуде, олардың жақтаушылары мен қолдаушылары Еуропа, Азия, Америка құрлықтарында жүр. Қайталап айтамын, бұл – ешқандай да мемлекет емес, ол барша өркениетті әлемге қауіп төндіріп отырған топ.

– Соңғы уақытта “Ислам мемлекеті” тақырыбы халықаралық саясаттың негізгі өзегіне айналғандай. Азия елдеріндегі оқиғалардың біздің өңірге қандай да бір әсері бар ма?

– Әрине, әсері бар, бірақ жанама түрде ғана. Біз транзиттік өңірміз, сондықтан халықаралық лаңкестік құрылымдардың жақтаушылары мен қолдаушыларының облыс арқылы өту қаупі жоғары. Осыған байланысты арнайы және құқық қорғау органдары тиісті жедел және алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

– “ДАИШ”-тың Қазақстанға тигізер қаупі бар ма?

– Жоғарыда атап өткенімдей, халықаралық лаңкестік бұл жаһандық қауіп, сондықтан Қазақстанға да халықаралық лаңкестік ұйымдардың іс-әрекеттері әсер етпей қоймайды. Бірінші кезекте, бұл лаңкестердің өздерімен ниеттес біздің азаматтарды қатарларына тартуы. “ДАИШ” идеологиясын қолдайтындар жастар арасында кездесіп қалуда. Насихатталып жатқан лаңкестік идеялар, яғни халифат құру, шариғат қағидаларын енгізу және болашақта барша әлемге исламды тарату жастарға қызық көрінеді.

“ДАИШ”-тың үгіт-насихатына ерген шала сауатты адамдар лаңкестер жаулап алып, ислам мемлекеті деп жарияланған Сирия мен Иракқа соғысқа аттану туралы шешім қабылдауда. Сондай-ақ, Сирия аумағына шыққандарды материалдық жағынан қолдау, тек болашақ содырларды ғана емес, сонымен қатар, олардың отбасы мүшелерінің де көшуге кеткен жол шығындарын төлейтіндігі де насихатталады.

“ДАИШ” идеологтары ұзақ уақыт бойы осы аумақта тұратын мұсылманның жалған бейнесін қалыптастырумен айналысты, яғни оларды материалдық жағынан қамтамасыз етілген, еш нәрсеге мұқтаж емес, зәулім үйде тұрып, “Джиппен” жүретін, қомақты қаражат алатын адам сияқты көрсетуге тырысады. Идеологиялық қысымға түскендердің көбі мұндай жағдайға өзі тұрып жатқан елде қол жеткізе алмайтындай көреді. Тағы бір маңызды фактор ретінде “қасиетті” соғыста қаза тапқандарға жұмаққа апарар тура жолды уәде етуін айтуға болады. Лаңкестердің қатарына енген жастар арнайы дайындықтан өтеді, тек сол елдегі соғыс іс-қимылдарында ғана емес, сонымен қатар әлемнің кез келген нүктесінде “джихад” жасауды үйретеді.

Ерте ме, кеш пе “ДАИШ” ұйымы толықтай жойылады. Қазірдің өзінде содырлардың қатарында қашқындар пайда болуда, олар көрші мемлекеттерге немесе өз отандарына қайтуға ұмтылуда. Олар әрі қарай не істемек, өздерінің лаңкестікке қатысы барын жасырып, тығыла ма, әлде алданған үміттері, қаза тапқан бауырлары үшін және әлемдік державалардың көрсеткен озбырлығы үшін кек ала ма? Ал соғысуды ғана білетін шетелдік жалдамалы жендеттер қайда бағыт алады?

Соғыс аймағынан Қазақстанға қайтып келген біздің азаматтарға халықаралық лаңкестік ұйымдар басшылары тарапынан “ДАИШ”-тың қатарын жаңа содырлармен толтыру, жастарды тарту және біздің елдің аумағында лаңкестік актілер ұйымдастыру туралы нақты тапсырма берілген. Бұл ақпарат соңғы уақытта Сирия аумағында лаңкестік және экстремистік іс-әрекет жүргізіп, кейін ұсталған қазақстандықтарды тергеу барысында анықталды. Демек, Қазақстанға төніп тұрған ең басты қауіптің бірі – халықаралық лаңкестік ұйымның жасырын мүшелерінің елге енуі, біздің азаматтардан топ құруы, мемлекеттің тұтастығын бұзу үшін лаңкестік және экстремистік әрекеттерге баруы.

Соңғы уақытта джихад уағызшылары майдан алаңына барып, қылмыстық топтар қатарына қосыла алмаған өз жақтаушыларын тұрғылықты мекенжайларында лаңкестік жасауға шақыруда. Өткен жылғы Ақтөбе қаласындағы оқиға дәл осындай сценарий бойынша ұйымдастырылған. Оның неге әкеп соқтырғандығы баршаға аян.

– Сіз Сириядағы содырлардың жағында біздің азаматтардың соғысып жүргенін айттыңыз. Олардың саны белгілі ме? Араларында біздің облыстың тұрғындары бар ма?

– Өткенде бұқаралық ақпарат құралдары содырлар лагерьлерінде жүрген біздің азаматтардың саны шамамен 300 адам екенін хабарлаған. Алайда, олардың көпшілігі қаза тапты, сондықтан қатары сиреді. Бұл тізімге соғысқа қатысуға аттанған отбасылардың мүшелері, яғни әйелдері және балалары да еніп отыр, себебі, кейін олар да әскери дайындыққа тартылады.

Өткен жылы Петропавл қалалық соты “ДАИШ”-тың құрамында соғысқан Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Марат Өмірзақовты 7 жылға бас бостандығынан айырды. Ол радикалдық идеологияға еріп, Сирияға 2012 жылы барған. Ол кезде “ДАИШ” енді-енді таныла бастаған болатын. Бұл – адамның қалай жалған идеология құрбанына айналып, адасатындығының нақты мысалы.

“ДАИШ” содырларының қатарында біздің облыстан басқа адам анықталған жоқ. Уақытында жүргізілген алдын алу шараларының арқасында біз тұрғындарды ойланбай қандай да бір іс-әрекеттерге барудан, яғни лаңкестердің қатарына кіріп кетуден арашалап алып қалудамыз. Тағы бір маңызды мәселе, діни экстремистік идеялардың әсерінен кейбір жекелеген азаматтардың бойында радикалдық көзқарастар пайда болуда. Тұрғындары көпэтносты және көпконфессиялы Қазақстан үшін бұл құбылыс аса қауіпті және мемлекет тарапынан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тиісті механизм құруды қажет етуде.

– Леонид Евгеньевич, Сіз алдын алу шаралары туралы айтып өттіңіз. Бұл істе Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдары қандай рөл атқарып отыр?

– Біздің ведомство көбінесе экстремизм және лаңкестік әрекеттерді анықтау мен ескерту жедел шараларына басымдық береді. Сонымен қатар алдын алу мәселелеріне көп назар аударылуда. Алдын алу жұмысы – ол тұтас бір жүйе, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың өзара ведомствоаралық байланысына негізделген ұйымдастыру, әлеуметтік-экономикалық, ақпараттық-түсіндіру, мәдени-ағартушылық, құқықтық іс-шараларды қамтиды. Бұл жұмысты аймақтық лаңкестікке қарсы комиссия жүзеге асырады.

– Лаңкестікке қарсы комиссияның жұмысына толығырақ тоқталып кетсеңіз. Құрамына кімдер кіреді, оның нақты мақсаты және міндеті қандай? Мемлекеттік құпия болмаса, осыны ашып айтып беріңізші.

– Ешқандай құпиясы жоқ. 2013 жылы “Терроризмге қарсы күрес туралы” Заңға және Президенттің Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ, барлық өңірлерде “Лаңкестікке қарсы комиссияның типтік ережесін бекіту туралы” Жарлығына сәйкес құрылған. Облыстық комиссияны облыс әкімі, аудандық комиссияны аудан әкімдері басқарады. Комиссия – бұл консультативтік-кеңестік орган, оның негізгі міндеттері:

– облыс аумағында лаңкестіктің алдын алуға байланысты мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға қатысу;

– орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың аумақтық құрылымдық бөлімшелерінің лаңкестіктің алдын алу, лаңкестіктің салдарын азайту немесе жою жұмысын үйлестіру;

– лаңкестіктің алдын алу шараларын әзірлеу, лаңкестік әрекетке түрткі болуы мүмкін себеп-салдарды жою, лаңкестік тұрғысынан осал нысандардың қорғанысын қамтамасыз ету, бұл шаралардың жүзеге асырылуын қадағалау.

Комиссияның құрамына мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың аумақтық бөлімдерінің әлеуметтік-экономикалық блок, идеологиялық жұмыс, жастар саясаты және діни бірлестіктермен өзара байланыс, білім беру, денсаулық сақтау, ақпарат, мәдениет, төтенше жағдайға жауапты бірінші басшылары, құқық қорғау және күш құрылымдарының өкілдері кіреді.

2013 жылы аталмыш комиссия құрылғаннан бастап, лаңкестікке себеп болып, оның тарауына мүмкіндік беретін жағдайлардың алдын алу және болдырмау ісінде оң үрдіс байқалуда. Лаңкестікке қарсы комиссияның араласуымен жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары пайда болды, діндарлар мен дәстүрлі емес діни ағым ұстанатындарды еңбекпен қамтуға мүмкіндік туды. Жастар кәсіптік білім алып, кейін жұмысқа орналасуда. Отандық діни университетте білім алу үшін стипендиялар бөлінуде.

Бұл шаралар 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен лаңкестікке қарсы іс-қимыл туралы мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылуда.

– Лаңкестік және діни экстремизмнің алдын алу мәселелерін шешуге қоғамдық құрылымдар тартыла ма?

– Міндетті түрде қатысады. Алдын алу ісінде үкіметтік емес ұйымдар, дәстүрлі діни бірлестіктер және этномәдени орталықтар жұмысының мәні зор. Түсіндіру жұмысына тек мемлекеттік аппарат қана емес, сонымен қатар азаматтық қоғам институттары, яғни білікті мамандар тобы, теологтар, дінтанушылар қатысуда.

Соңғы уақытта лаңкестік мәселесіне көз-қарас өзгерді. Бұрын мұны криминал деп келсек, қазіргі уақытта әлеуметтік мәселе ретінде қарастырамыз. Мұның түп тамыры бір адамның немесе жеке біреудің қылмысқа бейімділігінде емес, радикалдық көзқарасының қалыптасуына себеп болған жағдайға байланысты.

Сондықтан ақпараттық-насихат тобының құрамына көптеген салалардың мамандары кіреді. Алдын алу іс-шараларын жүргізуге дәстүрлі конфессиялар – ислам және православие діндерінің белгілі өкілдері тартылуда, тұрғындармен жұмыс істеуге белсенді түрде облыстық “Конфессияаралық қатынасты сараптау және дамыту орталығы” КММ-нің мамандары қатысуда, “Ақниет” (Астана қ.) қоғамдық ұйымының теолог-мамандары шақырылды.

– Соңғы оқиғаларға көз жүгіртсек, Еуропада, Түркияда әлемді дүр сілкіндірген лаңкестік актілер болды. Сіз осы оқиғаларға байланысты қандай да бір түсінік бере аласыз ба? Мұндай жағдайлар бола қалған күнде біз өз күшімізбен қарсы тұра аламыз ба?

– Бұл өте өзекті мәселе. Соңғы жылдардағы лаңкестік әрекеттерге қарап, бұл қауіптен ешкім де сақтандырылмағанын аңғарамыз. Алдын алу шаралары қаншалықты мұқият жүргізілгенімен, арнайы қызметтердің дайындығы және жарақтандырылуы қаншалықты мықты болса да, лаңкестер әр кез айласын асырып кетіп отыр. Бұған мысал ретінде 11 қыркүйекте АҚШ-та болған оқиғаны келтіруге болады. Мысырдағы ресейлік авиалайнер бортындағы және Мәскеудегі теракт, Волгоградтағы, Қазақстандағы орын алған оқиғалардан да осыны байқауға болады.

Сондықтан біз осындай оқиғаларға дайын болуымыз қажет және күш құрылымдарын әрдайым сақадай сай ұстауымыз керек. Өңірде бұл жұмысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аумақтық департаментінің бастығы басқаратын облыстық лаңкестікке қарсы күрес жедел штабы жүргізеді. Штаб құрамына жергілікті құқық қорғау органдарының ұлттық гвардия бөлімшелерінің және жекелеген атқарушы органдардың басшылары кіреді. Біз қала, облыс нысандарында дайындық оқу-жаттығу шараларын үнемі өткіземіз. Кемшіліктер болмауы үшін әрбір оқу іс-шарасына мұқият талдау жасалады. Облыстық лаңкестікке қарсы күрес штабы лаңкестік әрекеттердің алдын алу жұмысына толықтай әзір екенін сенімділікпен айта аламын.

Қандай да бір лаңкестік акт жайлы естіп, төніп тұрған қауіп жайлы хабарлау арқылы кез келген тұрғын алдын алу жұмысына қатыса алады. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап әзірленіп немесе жоспарланып жатқан лаңкестік акт туралы құқық қорғау органдарына, арнайы органдарға хабарлаған адамға сыйлық тағайындалған. 2016 жылдың 9 қарашасындағы №685 Үкімет қаулысымен бекітілген “Терроризм актісін болдырмауға немесе жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін сыйақы белгілеу және төлеу қағидаларына” сәйкес 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін сыйлық беріледі. Бір хабар үшін 2 млн. тенгеге дейін алуға болады. “110” нөміріне кез келген байланыс операторы арқылы тегін хабарласуға болады. Тек телефон шалған адам өзінің толық аты-жөнін айтуға міндетті. Әйтпесе, анонимдік хабар ретінде бағаланады, ал егер ақпарат жалған болса, мұндай іс-әрекет үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Егер қоңырау соққан азамат толық аты-жөнін хабарлап, лаңкестік қауіпті сипаттап берсе, бірақ тексеріс кезінде ақпарат теріске шығарылса да ол ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.

– Азаматтар лаңкестік қаупі туралы қаншалықты жиі хабарласады?

– 2016 жылы облыста иесіз жатқан сөмке, пакет, күдікті заттар туралы азаматтардың хабарламасы негізінде 25 шұғыл әрекет ету шарасы ұйымдастырылды. Әрбір факті бойынша жедел әрекет ету қызметтері тартылып, аумақты қоршау және эвакуациялау жүргізілді.

Қорытындылай келе, ең маңыздысы – бейбітшілік және біздің үйіміздегі тыныштық екенін айтқым келеді. Біз қауіп-қатерге қарамастан әрбір азаматтың, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайынбыз. Әрбір азамат өзінің қорғалғандығын сезінуі керек, біз бұл үшін барлық жағдайды жасаймыз.

Сұхбаттасқан

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp