«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЛЯМБЛИОЗ ДЕРТІНЕН САҚТАНУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

Дертті дер кезінде анықтау – саулық кепілі. Ал емделу үшін алдымен оның алғашқы белгілерін білген жөн. Сіздер газетіміздің “Денсаулық” бетіне хат жолдап, сырқат түрлерінің белгілері мен емделу жолдары жайында толық мағлұмат ала аласыздар. Ол үшін газетіміздің мекенжайына не болмаса электронды поштасына хат жолдасаңыз жеткілікті. Сауалдарға облысымыздың білікті дәрігерлері жауап беретін болады. Бүгінгі хаттың иесі – аққайыңдық әйел. Ол лямблиоз дертіне шалдығып, инфекционист дәрігердің жазып берген дәрі-дәрмектерін қабылдағандығын айтады. Бұл дерт жұқпалы. Жас ана перзентінің ауруды жұқтырғанын қаламайтындығын жазыпты. Сондықтан одан сақтанудың жолдары мен дерттің балалардағы белгілері жөнінде ақпарат берсе екен деген өтінішін білдіріпті.

Сауалға Аққайың ауданының педиатр дәрігері Қаламқас Тасмағамбетова жауап береді:

– Лямблиоз өте тез және көп тарайтын ауру түріне жатады. Оны тасымалдаушы қарапайым лямблиялар, яғни бір жасушалы паразиттер болып табылады. Егер үйде бұл ауруды жұқтырған адам болса, қалған отбасы мүшелеріне таралмау жолдарын қарастырған жөн. Сіздің уайымыңыз орынды. “Сақтансаң, сақтайды” демекші, сырқаттан толыққанды сауықпайынша, балаңызға жұқтырмаудың амалын қарастырыңыз. Дерт судан, тұрмыстық қарым-қатынас және ас арқылы жұғатындықтан, үйде науқастың өзінің бет орамалы, ыдысы мен жатын орны бөлек болған дұрыс. Себебі, тұрмыстық жағдайда киім-кешекке, төсек қаптамаларына, бетсүлгіге лямблиялар жиналып қалса, ол жанасқан кісіге сөзсіз жұғады. Жуылмаған, термикалық өңдеуден өтпеген жеміс-жидек, көкөністерде де лямблиялар көп кездеседі.

Балалар ересектерге қарағанда, лямблиозбен жиі ауырады. Балалардағы лямблиоздың белгілері басқа ауруларға ұқсас келетіндіктен, оны дер кезінде анықтауға мүмкіндік бола бермейді. Лямблиялардан бөлінген уыт аллергиялық реакция береді. Ол өз кезегінде баланың иммунитетін төмендетіп, қосалқы аурулардың қозуына, яғни баланың жиі-жиі суыққа ұрынуына, жөтелуіне, өңеш демікпесінің асқынуына әкеліп соғады. Балалардағы лямблиоз белгілерінің ауқымдылығы сонша, науқастың гастроэнтеролог, пульмонолог, аллерголог және тағы басқа мамандарда ұзақ уақыт тексерілуіне тура келеді. Дегенмен, дертті анықтауға болады. Негізгі белгілеріне іш қату, диарея, құсу, кіндік тұсының және оң жақ қабырға астының ауыруы, терісінің бөртуі, лимфа бездерінің үлкеюі, буынып жөтелуі, бауыр мен көкбауырдың ісінуі жатады. Егер балаңызда осы белгілердің біреуі байқалса, міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Қажет болса, дертті анықтау үшін бірқатар зертханалық сынамалар жасаңыз. Лямблиозды паразиттерге қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектермен емдейді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp