«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛСЫЗ БЕРЕКЕ БІТПЕС

“Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көргендердің бірі – Қызылжар ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Мурадбек Дурсунов. Оның кәсіпкерлігінің іргетасы осыдан он екі жыл бұрын қаланған. Бастапқыда сауда-саттықпен айналысқан ол былтырдан бастап мал өсіруді де қолға алыпты. Ол үшін қожалық басшысы “Сыбаға” бағдарламасы шеңберінде “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамының облыстық филиалынан 12 миллион 600 мың теңгенің несиесін рәсімдеген. Бұл қаражатқа 60 бас етті-сүтті бағыттағы құнажын мен бір трактор сатып алыпты.

– Мемлекеттік бағдарлама арқылы алынған соманың 10 миллион 800 мың теңгесіне ірі қара алсақ, қалған қаражатқа “МТЗ-82” тракторын сатып алдық. Бағдарлама өте тиімді. 6 пайызбен несие берілді. Бірінші жылы қаражаттың пайызын төлемейміз. Екінші жылы үстемеақысын ғана өтесек, үшінші жылдан бастап негізгі қарызды қайтара бастаймыз, – дейді “Дурсунов” жеке кәсіпкерлігінің басқарушысы Александр Петров.

Қожалықтағы ірі қараның қыстап шығуына жемшөп пен жемазық жеткілікті. Кәсіпкер асылтұқымды төл өрбіту үшін өткен жылы қазақтың ақбас және симменталь тұқымдас төрт бұқасын сатып алыпты.

Мал шаруашылығын қолға алу қосымша бес жұмыс орнының құрылуына мүмкіндік берген.

– Екі қолға бір күрек табылғанына қуаныштымын. Жалақымызды уақтылы алып тұрамыз. Жұмысымыз ауыр емес. Малға күніне үш мезгіл шөп береміз, екі рет суарып, астын тазалаймыз. Ауыр жұмыстардың бәрін техниканың көмегімен атқарамыз, – дейді малшы Қанат Есенғұлов.

Жеке кәсіпкерліктің алдына қойған мақсаттары да жоқ емес. Соның бірі – қолдағы түлік санын арттыру.

– Өз ісін ашамын дегендерге мемлекет тарапынан қашан да қолдау бар. Оны осы жылы тағы пайдалануды жоспарлап отырмыз. Қазір қажетті құжаттарды рәсімдеп жатырмыз. Оларымыз мақұлданатын болса, мемлекет көмегіне тағы бір жүгініп, ірі қараның санын арттырып, тағы бір заманауи мал қорасын салғымыз келеді. Қосымша техниканың да артықтығы болмас еді, – дейді жеке кәсіпкерліктің басқарушысы Александр Петров.

Қожалық мал басына қажетті биылғы жемазық қорын жеткілікті көлемде сатып алған. Алайда, жыл сайын олай істеу қосымша қаражатты қажет ететіні анық. Сондықтан мұндағылар көктем шыға қолда бар төрт түлікке қажетті жайылымдық, шабындық және жемшөп өсіру үшін жер телімін меншіктеуді көздеп отыр. Қазір бұл тұрғыда жергілікті әкімшілікпен келіссөз жүргізіліп жатқан көрінеді.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp