«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ ӨСІРСЕҢ ЕШКІ ӨСІР…

Бүгіндері мемлекет жеке кәсіпкерлердің жолын ашып, бизнес алаңда еркін жүруіне бар жағдайды жасап келеді. Оларға ақпараттық көмек көрсетіледі, құжаттары кедергісіз рәсімделеді, жеңілдетілген несие беріледі. Бұл көмектің барлығы облыс орталығында және аудандарда ашылған кәсіпкерлікті қолдау орталығында көрсетіледі.

Отандық кәсіпкерлерді қолдаудың бір көрінісін облыс орталығынан шалғай орналасқан аудандардағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтарының жұмысынан байқауға болады. Мәселен, Уәлиханов ауданындағы филиал кеңесшілері кәсіпкерлікте бағын сынап көргісі келетін азаматтарға консультациялық көмек көрсетіп, бизнес-жоспар жасауға ықпалдасады. Мамандардың айтуынша, кез келген кәсіпті ашуға, ең алдымен, бизнес-идея керек. Тек содан кейін жобаның қолжетімділігі бағаланып, нарықтың қажеттіліктері сараланады. Ал жобаны жүзеге асыру болашақ кәсіпкерлердің мүмкіндіктеріне байланысты. Осы ретте “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы кәсіпкерлердің еңсесін тіктеп, қадамын нықтай түседі. Бизнесті қолдау мен дамытудың бұл бірыңғай бағдарламасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленген болатын.

– Біздің орталыққа нақты идеясы бар, сүйікті ісін табысқа айналдыруды қалайтын азаматтар келеді. Сапалы бизнес-жобаны жазуға мұндағы маркетингпен айналысатын мамандарымыз көмектеседі. Олар табысқа жету үшін күніне қанша тауар сату керектігін, мемлекет бұл бизнестен қаншалықты пайда көретінін, несиеге берілетін ақшаны дұрыс жұмсау сызбасын, тағы да басқа көптеген маңызды мәселелерді анықтап береді. Бизнес-жоспарды дайындау ұзақтығы әр кәсіптің ерекшелігіне, жеке кәсіпкердің ізденімпаздығына байланысты. Ең көбі, бір ай уақытты алады, – дейді кәсіпкерлер палатасы Уәлиханов аудандық филиалының директоры Батырхан Ахметов.

Жуырда филиал мамандары мал шаруашылығымен айналысуға ниеті бар Жақсылық Құсайынов деген азаматқа көмек қолын созды. Бұған дейін сауда саласында жүрген ауыл тұрғыны өз бизнесін кеңейтуді көздеп отыр. Кәсіпкерді мұқият тыңдаған кеңесшілер бірінші кезекте мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, олардың артықшылықтарын айтып берді. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысуға кеңес берген де орталықтың мамандары. Кәсіпкерге несие алу үшін құжаттар пакетін дайындауда, кепілдік мүліктің құжаттарын реттеуде, бизнес-жоспар құруда, барлық қажетті анықтамаларды алуда көмек берілді.

Бизнес субъектісі мен палата филиалының бірлескен күш-жігерінің арқасында жеке кәсіпкер кәсібін дөңгелету үшін “Даму” қоры арқылы екінші деңгейдегі банктен 3 миллион теңге мөлшеріндегі несиеге қол жеткізді. Мәселесінің оң шешілуіне кәсіпкердің “Бизнес-кеңесші” жобасы аясында білім алғаны үлкен септігін тигізді. Мұндай үлкен жеңілдіктерге ие болған кәсіпкердің бұл бастамасы бірнеше ай бұрын пісіп жетілмеген идея болса, қазір болашағы бар іс деп бағаланып отыр. Алдағы уақытта іскер азамат мал басы артып, шаруашылық базасы ұлғайса, қосымша жұмыс орындарын ашпақ.

– Бизнесімді бастап, қара мал ұстауды қолға алуым орталыққа келіп, кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктері жайында кеңес алудан басталды. Кеңесшілермен өз идеяммен бөліскеннен кейін олар маған бизнес-жоспар жазып, өз идеямды жүзеге асыруға қайтарымсыз грант ұтып алуға жәрдемдесті. Кәсіпкерлерге көмек берілгені туралы біреуден есту бір бөлек те, сол көмекке өзің куә болу мүлде бөлек дүние екен. Сондықтан орталықтың кеңесшілеріне алғысым шексіз, – дейді жас кәсіпкер Жақсылық Құсайынов.

Бұл жерде атакәсіпті қолға алған жасқа ауылдағы шаруалардың өрісін кеңейту мақсатында “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған агробіліктілік орталығы ұсынып отырған мүмкіндіктерді пайдалануға кеңес берілді.

Ал Мағжан Жұмабаев ауданының филиалына жиі келіп, консультациялық көмек алып жүрген белсенді кәсіпкерлердің бірі – “Ақмол Нан” жеке кәсіпкерлігінің директоры Назарбай Қалиев. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламасымен мал шаруашылығын дамыту үшін шағын несие алды. Өткен жылы іскер азамат “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Іскерлік байланыс” жобасы аясында білімін жетілдірген. Енді биыл жас кәсіпкер ауданда бизнестің тың бағыты болып саналатын ешкі өсірумен айналыспақ. Біраз ізденіп, “Сүтті бағыттағы ешкі шаруашылығын дамыту жөніндегі шағын ферма” тақырыбында бизнес-жоспарын әзірлеген. Жобасы ойдағыдай қорғалса, ол “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 3 миллион теңге көлемінде грант ұтып алуы мүмкін.

Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, болашақ шағын ферманың негізгі өнімінің жарамдылық мерзімі 10 күннен аспайды. Сүт-тауарлық фермада ешкі сүтінен жасалған қатты ірімшік, брынза, ірімшік, сүзбе, йогурт және тағы басқа өнімдер Петропавл қаласы мен аудандарының, жақын маңдағы елді мекендердегі сауда нүктелерінде “GOAT MILK” сауда маркасымен сатылымға шығарылатын болады.

– Өз ісімді аша отырып, мен ешкі шаруашылығының болашағы зор екенін үлкен сеніммен айта аламын. Сонымен бірге, дәл осы сүтті бағыттың тиімді екенін тілге тиек еткім келеді. Тек мемлекеттік қолдауды сәтті пайдалануымыз қажет, – деген Назарбай Қалиев бизнес-идеяларының кәсіпкерлер палатасының филиалдарында қолдау табатынына сенімді.

Динара БЕКТҰРОВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp