Қой шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан ата кәсібі. Қорасы қойсыз болмаған қазақтың бүгінде шаруасы шатқаяқтап тұрғаны жасырын емес. Осы кенжелеп қалған саланы қолға алып, мал басын көбейтуді мақсат еткен айыртаулық Жомарт Молдекеновтің бастамасы көпке үлгі.
Халқымызда “қой бағып, құйрық жеген озар” деп қойшы баласының бағасын арттырған дана тәмсіл бар. Кезінде “қой шаруашылығы – екінші тың” деп ұрандатып, мектеп бітірген түлектерді қозы бағуға, қой қырқуға тартатыны естеріңізде болар. Соңғы уақытта мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндердің қатары қайтадан артып келеді. Бірі ірі қара сатып алса, екіншілері Шопан ата төлінен пайда көргісі келеді. Қуаныштысы, мемлекет тарапынан түрлі қолдаулар бар. Соңғы жылдары, әсіресе қой шаруашылығына басымдық беріліп отыр. Мәселен, Жомарт Молдекенов те бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді. Іскер азамат “Аграрлық несие корпорациясынан” 7 жылға жеңілдетілген несие алып, қорасындағы түліктің басын көбейтті.
– Ауылдың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Қолдан келетін істі неге істеп көрмеске деп белді бекем будым. Шопан ата төлінің 400 басын сатып алдым. Жастайымнан малдың басы-қасында жүрдім. Сондықтан бұл іс менің қолымнан келетініне сенімдімін. Еш қиындығы жоқ, – дейді ол.
Ала жаздай жайлаудағы жанталас пен қыстағы қорадағы қарбалас қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Малдың жем-шөбін дайындаудың өзі қыруар еңбек. “Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” деген аталы сөздің мағынасын терең түсінген біздің кейіпкеріміз болашақта ата кəсіпті кеңейтуді жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: “Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында”, – деп бұл саладағы мәселенің түйінін тарқату жолын айтқан болатын. Қой шаруашылығындағы негізгі мәселелердің бірі – өнімді өткізу. Сонымен қатар асыл тұқымды мал санын көбейту де өзекті.
Еті – балғын, сүті – уыз, жүні – жібек, елтірісі – алтын саналатын берекелі қой шаруашылығы ешқашан кенже қалмауы керек.
Әйгерім ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ.
Айыртау ауданы.