Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында “Кәсіптік-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек”, – деп атап көрсетті. Кәсіптік-техникалық білім жүйесін жаңғырту мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың тиімді жолы болып табылады.
Егеменді ел атанып, нарықтық экономика жүйесіне көшкеннен бері білім беруднің бұл саласы сұранысқа жауап бере алатын, жаңа технологияларды меңгерген, білікті маман даярлау ісін қолға алып, қызмет етуде. Ол үшін мемлекет тарапынан да көптеген маңызды міндеттер қойылып, шешу жолдары ұсынылуда. Жастарға кәсіптік-техникалық білім беру, нарықтық қатынасты орнықтыру, шағын және орта бизнесті дамыту, заман талабына сай бәсекелестікке төтеп бере алатын, жан-жақты іскер жұмысшы мамандарын даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Осы талаптарды орындауда кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарына үлкен міндеттер жүктелген.
Тимирязев ауданындағы агротехникалық колледж Елбасының тапсырмасы бойынша кәсіби білікті, бәсекеге қабілетті, еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосатын азаматтарға саналы тәрбие мен сапалы білім беру жолында еңбек етуде. Колледж 2009 жылы құрылған кезде жұмысын жартылай қираған оқу корпусында бастаған болатын. Білім мекемесінің дұрыс жұмыс істеуі үшін күрделі жөндеу жасалып, оқу-өндірістік шеберханалары қалыпқа келтіріліп, материалдық-техникалық базасы жан-жақты нығайтылды. Қазір кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сай жетілдіру үрдісі жүріп жатыр.
Оқу үдерісін ұйымдастыру барысында компьютер және мультимедиалық кабинеттер, интерактивті тақталар, сандық подиумдар, автомобильдердің қондырғыларын техникалық бақылаудан өткізетін электрондық зертхана, ауыл шаруашылығы машиналарының зертханасы, автокөліктерді жөндеу және техникалық байқаудан өткізетін шеберхана, спорт залы кеңінен қолданылады.
Соңғы төрт жыл ішінде білім ошағына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетілуде. Колледждің оқу-әдістемелік құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген сыныптарында механизаторлар, тамақ өнеркәсібі мамандары, автомобиль жүргізушілері даярланады. Осы уақытта істелінген жұмыстар аз емес, алдағы міндеттер одан да ауқымды. Үстіміздегі оқу жылында тамақ әзірлеу технологиясы бойынша зертхана мен слесарьлық шеберхана пайдалануға берілді.
Бүгінгі таңда колледждің күндізгі бөлімінде мемлекеттік тапсырыс бойынша 135 оқушы білім алуда. Оларды оқыту мемлекеттік білім беру стандартына сай жүзеге асуда. Оқушылар фермерлік шаруашылық мамандығы, ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі және аспаз біліктіліктері бойынша 2 жыл 10 ай оқиды.
Асханада аз қамтылған отбасылардан шыққан және жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 24 бала үшін тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған. Тимирязев ауылдық округінің аумағынан тысқары тұратын 33 студент колледж жатақханасына орналастырылған. Олар тегін оқиды. Студенттерге медициналық кабинет қызмет көрсетеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек? Таяудағы 2-3 жылда дуалдық, кәсіптік-техникалық білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет”, – деген сөзі кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарына жаңа серпін алып келді.
Тимирязев агротехникалық колледжінде өткен жылдан бастап әлеуметтік әріптестіктермен қарқынды әрі ұзақмерзімді ынтымақтастық орнату бойынша жұмыс ширатылды. Бүгінгі таңда әлеуметтік әріптестер көпшілік ойлағандай демеушілік жасаумен айналыспайды. Ол көптеген мәселелер бойынша өзара іскерлік қарым-қатынастарын қоғамда дамыған жағдайларға сәйкес құрады. Әлеуметтік әріптестіктің мақсаты колледж үшін жоғары білікті, құзыретті мамандар даярлап, жұмыс берушінің талаптарына сәйкес келетін білім мекемесінің негізгі міндетін табысты шешу болып табылады.
Осы мақсатта оқушыларды өндірістік технологиялық және дипломалды тәжірибеден өткізу үшін ауданның он ірі кәсіпорнымен келісім жасалды. Негізгі әлеуметтік әріптестеріміз “Есей Агро”, “Уақ және К”, “Атамекен Агро Тимирязево”, “Қайнат” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері болып табылады.
Біз әлеуметтік әріптестермен табысты ықпалдасу арқылы бірқатар мәселелерді шешуде шынайы көмекті сезінудеміз. Атап айтар болсақ, түлектердің жұмысқа орналасуын қамтамасыз етіп, олардың даярлық сапасына бақылау жүргізуге, түрлі кәсіптер және жаңадан ашылған мамандықтар бойынша сұраныстарды болжауға мүмкіндік алдық. Оқыту бағдарламасы мазмұнын және білім мекемесінің материалдық-техникалық базасын осызаманғы өндіріс талаптарына сәйкес жетілдіруге қол жеткіздік.
Жаңа оқу жылынан колледжде ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі мамандығы бойынша дуалдық оқыту жүйесі енгізілді. Бұл оқу мен өндірістік қызметті әлеуметтік әріптестер базасында үйлестіруге жағдай жасай отырып, оқушылар мен өндірістің мәселелерін екі жаққа да тиімді шешеді. Бұл кәсіпорын үшін кадр даярлауға, жұмысшы іздеуге, оларды іріктеуге, қайта даярлауға кететін шығындарын азайтып, оларды бейімдеуге жіберетін уақытын үнемдейді. Оқушы үшін дуалдық оқытудың тиімділігі олар тікелей өндіріс жағдайына бейімделеді және тәжірибе барысында өзін жақсы жақтарынан көрсете алса, мамандығы бойынша бірден жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Агротехникалық колледж түлектердің жұмысқа тұруын қадағалап отырады. Өткен оқу жылында түлектердің 56 пайызы жұмысқа бірден орналасты. Қалғандарының көпшілігі оқу орнын бітіргеннен кейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына шақырылса, қыздар тұрмысқа шығып, бала күтімімен отыр. Жұмыс берушілер біздің түлектеріміздің білім сапасы мен тәртібін жақсы бағалайды. Аудан әкімінің грамотасымен марапатталған түлегіміз Александр Кравчук – “Москворецкое” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде механизатор. Сергей Орлов – “Атамекен Агро Тимирязево”, Азамат Ибраев, тағы басқалары “Солтүстік Байлық” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде еңбек етуде.
Білім ошағында түрлі республикалық, халықаралық конкурстарға қатысып, жүлдегер атанып жүрген Салтанат Неғметжанова, Әдемау Мақанова, Наталья Буклешова, Мадина Айтжанова, Зиягүл Хамзина сынды ұстаздар бар. Олардың алдынан білім алып жүрген оқушылары Сабина Дөненбаева, Нұрсұлтан Айсин, Александр Патрин, Артем Каргапольцев, Регина Бурлак, Ирина Романова, Валерия Федорченко сияқты шәкірттері де – түрлі сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Колледж тікелей еңбек нарығы қажеттілігін ескере отырып, білікті кадрларды оқытып, маман тапшылығы мен жұмыспен қамту сияқты екі мәселенің шешімін таппақ. Құрылғаннан бергі сегіз жылдың ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті 400-ге жуық білікті маман шығарылды. 2017-2018 оқу жылынан енгізілетін тегін оқытудың арқасында колледж алдағы уақытта азаматтардың барлығын мемлекет есебінен кәсіптік-техникалық біліммен қамтып, жұмыс берушінің сұранысына сәйкес келетін мамандар даярлауға өз үлесін қосатын болады.
Жақсылық ЖАНТОҚОВ,
Тимирязев агротехникалық
колледжінің директоры.