Менің балалық шағым қазіргі Жамбыл ауданындағы Орталық ауылында өтті. Молалы және Суаткөл деп аталатын екі көлдің ортасына орналасқан елді мекеннің негізі өткен ғасырдың отызыншы жылдары қаланған. Мен 1938 жылы туыппын. Шымнан салынған, төбесі аласа үйдің сәкісіне теректен сырғауыл жонылып, қасқалап төселетінді. Үйдің іші жұпыны, ашқұрсақ жүрсек те, әке-шешеңнің, ата-әжеңнің қасында өткен күндерді ұмыту мүмкін бе?! Әсіресе, әкемнің жеңгесі Мамық әжемнің ұмытылмас бейнесі өткен күндердің жарқын белестерін есіме салады. Ол кездің зейінді адамдары хат танымаса да, көп нәрсені өздері үйреніп алады емес пе?! Әжемнің де тіршіліктен түйгені көп болатын. Қолы да шипалы еді. Үйдің ішіне қандала, маса, бүрге толып, біздің қанымызды сормасын деген ниетпен дала кезіп, иісі бұрқырап тұрған жусанды жинап әкеледі де, сәкінің астына қалың етіп төсетеді. Әлгінің иісіне жүре-жүре мұрнымыз үйреніп, есесіне қансорғыштарға жем болмаймыз.
Әжемнің қасына отыра қалсаң, әңгімесі таусылмайтын. Сонда екі көлдің ортасындағы дөңді нұсқап, ол жерде Сүйіндік деген бабамыздың жатқанын айтатын. Сүйіндік атамыз батыр, өжет кісі болған деп дәріптейді. “Қандай тектен шыққандарыңды біліп жүріңдер. Ататек – адам мінезінің, денсаулығының, түсінігінің басты көрсеткіші”, – деген сөзді жиі қайталайтын. Қалмақтар қазақ ауылын ойрандата шапқан кезде атам олармен соғысып, елін қорғаған. Ол кезде жас болдық па, әлде зейін аз болды ма, әжем айтқан көп дерек есімде қалмапты.
Мен аурушаң, әлжуаз бала болып өстім. Асты-үстіме түсіп жүретін анам сәл жөтелсем болғаны, Мамық әжемнің үйіне қарай сүйрей жөнелетін. Бірде тамағыма суық тиіп, жұтына алмай қалдым. Дауысым шықпай, қырылдап, ауыра бастады. Әжем марқұм мені алдына отырғызды да, аузыма қасық қыстырды. Ұсақ тұзбен таңдайымды, саусағы өңешіме дейін жеткен жерді ысқылап, күбірлей сөйлеп, ұшықтады. Екі-үш рет ыстығым көтеріліп, басымды көтере алмай қалғаным да бар. Ондайда әжем таң шырайланып атып келе жатқанда немесе күн көкжиекке еніп бара жатқанда мені алдына отырғызып алады да, қатты қыздырылған көсеуді бетіме жақындатып, аузына ұрттап алған суды көсеуге бүркіп жібереді. Сізге өтірік, маған шын, әжемнің осындай емдерінен талай рет құлантаза сауығып кеткен едім.
Бірде ауылдың әйелдері жиналып, әжемді шақыртты. Етегінен ұстап алып, соңынан қалмай мен де бардым. Сонда үйдің ішінде арқан байлаулы тұр екен. “Үлкендер де әткеншек тебеді екен-ау?” – деп таңырқаймын. Әжем оған бір әйелді отырғызып, өзі “Бәтимә пірім!” деген сөзді қайта-қайта дауыстап, күбірлей сөйледі. Әткеншектегі әйел де, әжем де қара терге түсті. Біраз уақыттан кейін бөлмедегі артық адамдарды сыртқа шығарып жіберді. Далада жүріп, үйден шыр етіп жылаған баланың дауысын естідім. Осылайша, әжем талай баланың кіндік шешесі атанған. Тілеужан, Қалап, Бекен, Майданбек, Күлжәмилә, Шарипа, Күлпаш, Күлжан есімді кіндік балаларының соғысқа дейін туғанын айтып, жыл санап отыратыны әлі есімде. Белі ауырса, аяғы сыздаса да жұрт әжеме келіп, қолының шипасын көреді. Тіс ауырғанда, денеде ісік пайда болса, сүлік салып емдейтін. Бірде Риян ағам аттан құлап, аяғын шығарып алғанда әжемнің сылап-сипағанынан-ақ аяғы жазылып кеткен. Бекен інім қатты ауырып, әлсіреп қалғанда әжемнің оны жаңа сойылған қойдың жылы қанына шомылдырып, терісіне орап тастағанын өз көзіммен көрдім. Інім көпке созбай ауруынан айықты.
Мамық әженің ауа райының болжамын жасайтын да қасиеті болған. Ол табиғи құбылыстарға қарап, өзінің болжамдарын жасап жүретін. Сонда әр құбылыстың мәнін сұрап қалмағаныма өкінемін. Адам деген пенде ғой. Жақын адамдар өмір бойы қасыңда жүретін сияқты алданып қаласың.
Әжем жақсы құмалақшы да болатын. Қара күрең, жұп-жұмыр, жылтыр тастар салынған қолдорбасы үнемі қалтасында жүреді. Бөтен адамға ұстатпайды. Есесіне ол тастар әжемнің бағдаршамы сияқты көп нәрсеге бағыт-бағдар беріп, жұрт алдындағы абыройын асқақтата түсті. Мамық әжем көпті білетін осындай аруақты кісі болатын.
Сәркен МҮТӘЛӘПҰЛЫ,
еңбек ардагері.